ШұғылCOVID-19: Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 406 мыңнан асты

Токио олимпиадасына дайындық, спорттағы реформа туралы Серік Сәпиевпен сұхбат

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда 8 мыңға жуық спорт алаңдары салынған

Серік Сәпиев, комитет төрағасы

Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне - нақтырақ, спорт саласында жасалып жатқан реформалар жайлы маманның пікірін алдық.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығында Қазақстан спорты көптеген жетістіктерге жетті. Спортшыларымыз бокс, ауыр атлетика саласында әлемнің дамыған елдерімен тең дәрежеде өнер көрсетіп, көк байрағымызды тұғырдан түсірмеді.

Одан бөлек, қалалар мен шалғай ауылдарда спорт нысандары салынып, халықтың салауатты өмір салтына бет бұруына жағдай жасалды. 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Республикада қазіргі таңда 41 352 спорт ғимараты бар (ауылдарда - 23 693). Тәуелсіздіктен бері 7,8 мыңнан астам спорт алаңдары салынған.

Бүгінгі спикеріміз - Олимпиада чемпионы, Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің басшысы Серік Сәпиев. Azattyq Rýhy тілшісі комитет төрағасына бірнеше сұрақ қойып, Тәуелсіздік жылдарында ел спортында нақты қандай реформалар мен өзгерістер болғаны жайлы әңгімелесті.

- Серік мырза, тәуелсіздік алғалы ел спортының жағдайы қалай өзгерді?

- Тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде Дене шынықтыру және спорт саласы жасы мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан қоғамның бірігуіне, ұлттық қасиетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ұлттық намысымызды оятқан, әлемге қазақты еркін, рухы биік, намысы берік халық ретінде жариялауға мүмкіндік беретін перспективалы алаңдардың біріне айналды. Тәуелсіздіктің арқасында 25-тен астам ұлттық спорт түрі жанданып дамыды. «Қазақ күресі», «Саятшылық», «Асық ату» және «Тоғызқұмалақ» секілді ұлттық спорт түрлері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілді.

Бүгінде республикамызда ұлттық спорт түрлерінен мамандандырылған 8 спорт клубы, мамандандырылған 13 спорт мектебі және 45 ипподром жұмыс істейді. «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі ұлттық брендке айналды. Сондай-ақ, «Әлем Барысы», «Жас Барыс» сынды жарыстардың да мәртебесі артып келеді. Білім берудің барлық деңгейіндегі дене шынықтыру сабақтарында «қазақ күресі», «тоғызқұмалақ», «асық ату» сияқты ұлттық спорт түрлерінің міндетті компонентін енгізу қолға алынуда. Жалпы, Тәуелсіздік жылдарында спорт және дене шынықтыру саласындағы мемлекеттік саясаттың өзіне тән ерекшелігі бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын теңгерімді тәсілдермен дамыту болды. Бұл ретте, сала заңнамасын жетілдіру шеңберінде 2014 жылы саланы дамытудағы заманауи талаптарға сәйкес келетін «Дене шынықтыру және спорт туралы» заң қабылданды. Президент жарлықтарымен және Үкімет қаулыларымен бекітілген бес жылдық кезеңдерге арналған 4 мемлекеттік бағдарлама, 1 тұжырымдама бекітіліп, іске асырылды.

- Халықтың спортқа деген белсенділігі артты ма, жалпы, тәуелсіздік алғалы елімізде спорт ғимараттарының саны қаншалықты өсті?

- Иә, халықтың спортқа деген белсенділігі артып, дене шынықтыру және спортпен қамту үлесі 31,6%-ды құрады. Бұл ел тұрғындарының 5,9 миллионға жуығы дене шынықтыру және спортпен айналысатындығын көрсетеді. Әрине, мұнша халықты дене шынықтырумен қамту тиісті инфрақұрылымды қажет етеді. Ведомстволық статистикалық есепке сәйкес, 2020 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша республика бойынша 41 352 спорт ғимараты қызмет етеді (ауылдарда - 23 693). Тәуелсіздік жылдарында елімізде 77 стадион, 38 спорт сарайы, 7,8 мыңнан астам спорт алаңдары мен 2 мыңнан астам спорт залдары салынды. Елімізде VII Қысқы Азия ойындары мен XXVIII Дүниежүзілік қысқы универсиада сияқты ірі жарыстардың өткізілуіне байланысты әлемдік стандарттарға сәйкес келетін бірқатар ірі спорт ғимараттары, сондай-ақ, алғаш рет Алматыда Олимпиада ауылдарына ұқсас 5000 орындық атлетикалық қалашық салынды. 2018 жылғы 11 шілдеде Мемлекет басшысының қатысуымен Ақмола облысының Щучье қаласында жаңа «Бурабай» халықаралық шаңғы базасы ашылды. Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылы пайдалануға берілген Жекпе-жек сарайына аты аңызға айналған қазақстандық балуан, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің аты берілді.

- Ұлттық спорт түрлерінің даму қарқыны қалай жүріп жатыр?

- Ұлттық спорт түрлері - спорт және дене шынықтыру тәрбиесінің ажырамас бөлігі. Былтыр 18 желтоқсанда «қазақ күресі»  мен «тоғызқұмалақ» ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілуі Қазақстан мен халықаралық қоғамдастық тарапынан ұлттық спорт түрлерін дамытуға зор көңіл бөлуінің көрсеткіші болды. Қазақ күресін дамыту және қолдау бойынша жұмыс істейтін барлық федерацияларды (республикалық, халықаралық, әлемдік) біріктіру мақсатында республикада Қазақ күресі қауымдастығы құрылып, оның бірінші конгресі өтті (2020 жылғы 29 ақпан). Сонымен қатар, заңнамалық негізде білім берудің барлық деңгейлеріндегі дене шынықтыру тәрбиесі сабақтарында ұлттық спорт түрлерінің міндетті компоненті енгізілді. Бірінші кезекте, білім беру ұйымдарына асық ату, тоғызқұмалақ және қазақша күрес енгізіледі.

- Ел аймақтарындағы спорт федерацияларымен қалай жұмыс істеп жатсыздар?

- ҚР Дене шынықтыру және спорт туралы заңға сәйкес, спорт саласындағы уәкілетті орган спорт түрлері бойынша республикалық аккредиттелген спорттық федерациялармен жұмыс істейді. Еліміздің аймақтарындағы спорт федерациялармен жергілікті атқарушы органдар жұмыс істейді.  

- Токио Олимпиадасына спортшыларымыздың дайындығы қалай жүріп жатыр?  

- Спортшылардың барлық дайындығы дайындық жоспары мен спорттық-бұқаралық іс-шаралар күнтізбезіне сәйкес жүргізілуде. Лицензиялық кезең 1 шілдеде аяқталады. Қазақстан ұлттық құрама командалары спортшыларының сапалы дайындығы мен сәтті өнер көрсетуі үшін Үкімет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалған.

- Соңғы кездері спортта атын әлем білмейтін елдердің спортшылары жүлделі орындарды иеленіп жүр. Бұл спорттағы бәсекенің өскені ме? Қазақстан спорт державасы деген мәртебесін қалай сақтап отыр?

- Қазақстанның спорттық аренада беделі өсіп келеді. Түрлі спорт түрлерінен халықаралық додалар өткізіп жатырмыз. Оған біздің спорттық инфрақұрылымдардың әлеуеті жетеді. Жуырда Нұр-Сұлтан қаласында барлық халықаралық стандарттарға сай келетін Жеңіл атлетика орталығы ашылды. Ол спорт орталығында барлық деңгейдегі жарыстарды өткізуге болады. Биыл Токио Олимпиадасы қарсаңында Алматы қаласында 9-18 сәуір аралығында грек-рим мен еркін күрестен екі бірдей дүбірлі дода өтті. Олимпиада жолдамасы сарапқа салынған Азия құрлығының іріктеу бәсекесінде ұлттық құрамамыздың спортшылары 3 жолдамаға ие болды. Ал, Азия чемпионатында Қазақстан қоржыны 7 алтын, 5 күміс, 5 қоламен толықты. Аталған екі жарыстың ұйымдастырылу деңгейін Халықаралық күрес федерациясы жоғары бағалады.

Жалпы, түрлі спорт түрлері бойынша Халықаралық федерациялар елімізге дүбірлі додадаларды жиі сеніп тапсырады. Соның өзі Қазақстанның спорттық аренадағы беделінің жоғары болғаны деп білеміз. Тәуелсіздік жылдарында елімізде кәсіпқой спорт та қарқынды түрде дамыды. Бокстан, велоспорттан, футболдан, хоккейден кәсіпқой клубтар құрылды. Василий Жиров пен Геннадий Головкин бастаған еліміздің кәсіпқой боксшылары әлемге танылды. 2020 жылы боксшымыз Данияр Елеусінов орта салмақтағы бос IBF континентальдық белбеуін жеңіп алды. Боксшы Жәнібек Әлімханұлы да кәсіпқой бокста жарқын өнер көрсетіп жүр. Әлемдегі ең беделді Ultimate Fighting чемпионатында (UFC) алғаш рет 3 спортшымыз бақ сынады. Қазақстандық спортшы Шавкат Рахмонов ММА әуесқой нұсқасы бойынша Әлем чемпионы болды. Жалғас Жұмағұлов, Дамир Исмагулов секілді жарқын жұлдыздарды атап өтуге болады. Осындай спорт жұлдыздары еліміздің халықаралық аренадағы имиджін көтеретіні анық. Спортта бәсеке қашанда болды, бола да береді, бірде бақ шапса, бірде бап шауып жатады. Қазақстанның спорттық резерві өсіп келеді. Олар да болашақта әлем жұлдыздарына бәсекелестік тудырады деп ойлаймын.

- Қазақстан спортшылары күрес, бокс пен ауыр атлетикадан көп жүлде алады. Спортшыларымыз басқа спорт түрлерінен де жүлделі болуы үшін қандай да бір реформа жасап жатсыздар ма?

- Сіз атаған кәсіби спорт түрлерінен бөлек, бұқаралық спортқа да көңіл бөліп отырмыз. Реформа қазір дәл осы бағытта жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға, оның ішінде әрине, балаларға басымдық беру керектігін ерекше атап өтті. Дені сау ұрпақ қалыптастыру мақсатында балалар мен жасөспірімдер үшін барлық жағдайлар жасалуда. 2020 жылы балалар мен жасөспірімдерге арналған 4 спорт мектебі ашылды (Жамбыл облысы – 3, Қарағанды облысы – 1). Елімізде балалар мен жасөспірімдерге арналған 477 спорт мектебінде тегін негізде 400 мыңға жуық бала мен жасөспірім қамтылған. Ол барлық оқушылар санының 17,1%-ын құрайды. Сонымен қатар республика бойынша балалар-жасөспірімдер (602) және балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру клубтарында (119) 188 908 бала мен жасөспірім қамтылған. 2025 жылы спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің саны 20%-ға дейін, ал спорт секциялары саны 128 100-ға артады. Міне, ең маңызды реформалардың бірі – мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырысты енгізу. Тағы бір реформаның бірі – спортты сандық форматқа көшіру. Заман талабына сай маңызды міндеттердің бірі – спорт секторын цифрландыру. Карантин кезінде біз бұл міндеттердің өте маңызды екеніне көз жеткіздік. Министрлік ұлттық цифрлық дене шынықтыру және спорт платформасын (E-sport) енгізу бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде. Спорттық іс-шаралар, спортшылар мен спорт объектілері және басқа да ақпаратты алу үшін бірыңғай портал болмақ.

Жазып алған: Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан