ШұғылCOVID-19: Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 406 мыңнан асты

Қазақстандық ғалым созылмалы ауруы барларға қандай вакцина салдырған дұрыс екенін айтты

QazVaс, Спутник V, Hayat-Vax вакциналарының ерекшелігі туралы сарапшы пікірі

Фото: primeminister.kz

Әлемде коронавирусқа қарсы 230-дан астам вакцина жасалды. Соның ішінде Қазақстан азаматтарына үш түрлі вакцина қолжетімді: QazVaс, «Спутник V» және 6 мамырдан бастап Hayat-Vax.  

Осы ретте, «Генетика және физиология институты» РМК бас директоры, профессор Лейла Болатқызы Жансүгірова Azattyq Rýhy тілшісіне пікір білдіріп, Қазақстан азаматтары үшін қолжетімді вакциналардың ерекшелігі жайында айтып берді.

Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинациялау науқаны басталғанда, халық пікірі (салдыру және салдырмау) екіге жарылды.

«Вакцинацияның баяу қарқыны, ең алдымен, оған деген көзқарастың бұрмалануымен, әлеуметтік желілерде вакцинация туралы қорқынышты оқиғалардың жаппай таралуымен және халықтың сауатымен байланысты. Айта кету керек, вакцина өндірісі және оларды тексеру – ұзақ жылдарға созылатын процесс. Алайда, коронавирус инфекциясының тез таралуына байланысты вакциналарды тіркеу және клиникалық сынақтан өткізу көп елде жедел қолға алынды. Бұл коронавирус вакцинасына деген сенімсіздікті күшейтеді. Өйткені, адамдар бір жағынан өздерін инфекциядан қорғағысы келсе, екінші жағынан вакцинаның жанама әсерлерінен қорқады. Адамдар қысқа мерзімде әзірлеген вакциналардың жеткілікті дәрежеде қауіпсіз екендігіне алаңдайды», - деп, биолог адамдардың алаңдауы табиғи құбылыс екенін түсіндірді.

Сондай-ақ профессор отандық QazVac вакцинасына бағасын берді.

«Отандық вакцина туралы айтатын болсақ, ол Луи Пастер заманынан бері белгілі дәстүрлі технология бойынша жасалған. QazVac  – белсенділігі жойылған вакцина, яғни өлтірілген вирустық бөлшек негізінде жасалған. Белсенді емес вакциналар қауіпсіз, бірақ олар, мысалы, векторлық вакциналарға (Спутник-V, AstraZeneca) немесе РНҚ вакциналарына (Pfizer және BioNTech) қарағанда аз иммундық реакция тудырады. Құрамы күрделі болғандықтан, белсенділігі жойылған вакциналар (Sinovac, QazVac) науқастар арасында айтарлықтай өзгеріп тұратын, болжанбайтын иммундық реакцияны тудыруы мүмкін», - дейді профессор.

Профессор вакцина салдырған адам да инфекция жұқтыруы мүмкін екенін айтты. Бірақ, вакцина салдырған адам үшін ауру жеңіл түрде өтеді екен. 

«Бұл жоғары жұқпалы вирусқа қарсы қорғаныс болуы керек. Вакцина қабылдаған адам да екпе салдырмаған жандар сияқты ауырып қалуы, жұқтыруы мүмкін. Алайда, вакцинацияланған адамның ауруы жеңіл түрде өтеді. Мен аллергиясы немесе қант диабеті, гипертония, созылмалы бронхит, бронх демікпесі бар көптеген адамның вакцинациядан қорқатынын білемін. Бірақ дәл осындай аурулары бар тұрғындар мен қарт адамдар қайта вакцинаны қорықпай салдыруы қажет. Өйткені дәл осы санаттағы адамдарда COVID-19 күрделі жағдай тудыруы, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Созылмалы аурулары бар тұрғындарға белсенді емес вакцина салуды ұсынамын. Мәселен, олар – Қазақстанда қолжетімді Hayat-Vax және QazVac вакциналары. Олардың әсері «Спутник V»-ға қарағанда жеңіл. Белсенді емес вакциналарды қолданған кезде жасушалық иммунитетке арналған жад өте жақсы болады», - дейді маман.

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ВАКЦИНА ШЫҒАРУШЫ ЕЛДЕР ҚАТАРЫНДА БОЛҒАНЫ МАҚТАНЫШ СЕЗІМІН ТУДЫРАДЫ»

2020 жылдың көктемінде - пандемия басталған тұста Қазақстан өз вакцинасын әзірлеуші елдер қатарына қосылды.

«Қазір әлемде коронавирусқа қарсы 230-дан астам вакцина жасалуда. Әрине, мен Қазақстанның індет басталған кезде кандидат вакциналар туралы мәлімдеген елдердің қатарында болғанын мақтан тұтамын. «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының» ветеринариялық вакциналарды әзірлеуде үлкен тәжірибесі бар. Бұл институттың қызметкерлері білікті мамандардан құралған, мамандандырылған зертханалық үй-жайлар және аса қауіпті вирустармен жұмыс істеуге арналған тиісті жабдықтары бар. Кеңес заманынан бері эпидемиямен күрес өте қатал болған кезде ерекше қауіпті инфекциялармен жұмыс істеу туралы білім мен дағдыларды мұра еткен ғылыми мектептер бар. Геномдық талдауға негізделген барлық заманауи технологиялар қолданылады. Бұл жағдайда қазақстандық вакцинаны жасаған дәрігерлер емес, биологтар болғаны таңқаларлық емес», - дейді ғалым.

Отандық Qazvaс вакцинасы қалай әзірленгенін профессор Лейла Болатқызы бұл туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

«Бұл вакцинаны жасау үшін Алматыда індеттің басында пайда болған коронавирус штамдары қолданылды. Науқастардан алынған штамдар жасуша дақылдарында көбейтілді, жіктелді, олардың генетикалық құрылымы зерттелді. Сосын вирусты инактивациялау әдістері жасалды. Вакцина инактивацияланған штамм негізінде жасалды. Ол – вирус ақуызының толық жинағы. Бұл иммунитеттің кеңдігі мен тұрақты жасушалық жадының пайда болу мүмкіндігін анықтайды. Вирус белсенді мутацияға ұшырағандықтан, британдық, оңтүстік африкалық, бразилия, үнді, сібір штамдары қазірдің өзінде кең таралғаны белгілі. Вакцинаның вирустың жаңадан мутацияланған түрлерінен қорғауы өте маңызды. Белсенді емес вакциналар векторлық немесе РНҚ вакциналарына қарағанда жаңа мутацияға қарсы тұру мүмкіндігіне ие, өйткені олар вирустың жеке ақуыздарына емес, толық геномына негізделген. Бірақ дәл осы жағдай әртүрлі пациенттердегі иммундық жауаптың екіұштылығын түсіндіреді», - деді маман.

Еске салайық, қазақстандық вакцинаның клиникалық сынақтарының III кезеңі созылмалы аурулардан зардап шегетін 3 000 еріктіге салынды. Оның нәтижесі, яғни, отандық вакцинаның тиімділік деңгейі 2021 жылы 9 шілдеде аяқталады деп жоспарланған.

«Әлем елдерін қамтыған үлкен проблема – бұл пандемияны тоқтату, әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайды қалыпқа келтіру, әлем халқының денсаулығын қорғау. Коронавирусқа қарсы әзірленген вакциналардың бәрі белгілі бір тиімділігі мен ерекшелігі бар. Олардың арасында дәстүрлі, сыналған және инновациялық технологиялар негізінде жасалған түрлері бар. Олар шектеулі қолданыста болғанымен, вакцинадан қорықпау керек. Жаңа вакциналардың қауіпсіздігін бағалау кейбір жағдайларда жеделдетілген режимде болса да, барлық ережелер бойынша жүргізілді. Вакцина туралы қорқыныш пен күдікті ойдан COVID-19 салдарынан болатын өлім-жітім әлдейқайда ауыр. Сондықтан, вакцинаға күмәнданудың қажеті жоқ», - деп қоыртындылады сөзін Лейла Болатқызы.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан