ҚТЖ-ның кезекті былығы әшкере болды: прокуратура лауазымды қызметкерлерін жазалады

Бас көлік прокуратурасы бизнеске негізсіз қысым жасау жағдайларын анықтады

ҚТЖ-ның кезекті былығы әшкере болды: прокуратура лауазымды қызметкерлерін жазалады
Фото: ҚТЖ

Бас көлік прокуратурасы 2026 жылдың алғашқы төрт айында бизнеске негізсіз қысым жасалған жағдайларды анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тексеру қорытындысы бойынша төрт лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Мәселен, «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС филиалы – «Павлодар бөлімшесі» және «Екібастұз» ЖШС «Ертіс Агро» ӘКК-ге арналған жүгі бар вагондарды заңсыз ұстап, инвестордың қызметін іс жүзінде тоқтатып тастаған. Павлодар көлік прокуратурасының араласуынан кейін шектеулер алынып, кінәлілер ӘҚБтК-нің 173-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды», – делінген хабарламада.

Осыған ұқсас бұзушылық «Майқапшағай» кеден бекетінде де анықталды, онда отандық тауар өндіруші «Format Mach Company» ЖШС кеден органдарының кінәсінен өз өнімін 20 күннен астам уақыт бойы шығара алмаған.

Шығыс Қазақстан көлік прокуратурасының қадағалау актілері бойынша шектеулер жойылып, кінәлі тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, осыған дейін премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Алматы-1 вокзалының сиқын көріп, ҚТЖ-ға шүйліккені хабарланған.