«Болашақ» бағдарламасы ғалым емес, шенеунік тәрбиелеумен айналысып кетті – Аятжан Ахметжан

Azattyq Rýhy тілшісі педагогика саласының сарапшысымен сұхбаттасты 

«Болашақ» бағдарламасы ғалым емес, шенеунік тәрбиелеумен айналысып кетті – Аятжан Ахметжан
Фото: ашық дереккөзден

Еліміздің білім саласында соңғы онжылдықта бірнеше реформа болды. Ғылым туралы сөз қозғасақ, мәселе оның коммерциялануына келіп тіреледі. Ғалымдар мардымсыз айлық кесірінен өздерін толықтай ғылымға арнай алмай, кәсіп саласына бет бұруға мәжбүр. Үздік деген кейбір мамандар соның салдарынан шетел асып та кетті.

Қазіргі қазақ ғылымы қандай деген мәселе төңірегінде бүгін химия ғылымдарының докторы, Нұр-Сұлтан қаласындағы №90 гимназияның директоры Аятжан Ахметжанмен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасты.            

ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫ ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕ ҒАНА 

- Қазақ ғылымының қазіргі жағдайы қандай? 

 - Біздегі ғылым тек қағаз бетінде ғана. Ал ғылым қағаздың бетінде емес, арнайы зертханаларда жасалады. Ал арнайы зертхана бізде қаншалықты жеткілікті, қандай жоғары оқу орындарының базасының зертханалары стандартқа сай келеді? Микробиология, биотехнология зертханалары ғаламдық, 21-ғасыр стандарттарына сай ма? Ол да маңызды дүние. Әлемдік ғылым бізді елемейді. 

 - Коммерцияланудың аздығы ғалымдардың жұмысына әсерін тигізіп отыр ма? 

 - Қаржы көздерінің дұрыс бөлінбеуінен бөлек, ғылымға керек адамдардың орынды жұмыс істеуі де маңызды. Грант орындары қаншалықты әділетті бөлінеді, мемлекеттік деңгейдегі коррупция дәл осы жағдайларға әсер етпей ме деген сұрақ бар. Жемқорлық біздің елдегі кез келген мәселедегі қиын дүние ғой. Лабораторияларға, басқаларға қаржы бөлінбей жатыр деп ойламаймын, бөлініп жатыр. Бірақ “тендер-бөліп жеңдер” дегенге кетіп қалады. Өйткені мемлекеттік сатып алудың айналасында бізде дау көп. Жалпы, біздегі кез келген проблеманы алып қарасаң, арғы жағынан бірнеше проблема еріп шығады. Бізде бір проблеманың шешімін шешу үшін, ондаған проблеманың түйінін табу керек болады. Ол енді қиын мәселе. 

- Жалпы, қазақ ғылымының негізгі күші неде болуы керек? 

- Екі дүние бар. Бірінші, ғылымның базалық деңгейі дұрыс болу керек. Яғни, оның лабораториясы, ғалымдарға жасалатын шартты жағдай, берілетін грант дұрыс болуы керек. Екіншісі, сол ғылымның өндіріске айналу механизмі жасалу керек. Өндіріс орындары мен ғылым саласында байланыс болуы керек. Осы екі дүние дұрыс болған кезде, ғылым дұрысталады. 

ҒЫЛЫМ САЛАСЫН ЖЕМҚОРЛЫҚ ТҰСАУЛАП ТҰР 

 - Жоғарыда сіз атап өткен базаны неліктен дұрыс жасай алмай отырмыз?

- Оның себебі- тек жемқорлық. Университеттердегі лабораторияларға бөлінген қаражатты орнымен жұмсаса, үш-төрт лаборатория жасауға болады. Бірақ өкінішке қарай, біраз дүние өзгелердің қалтасында кетеді. 

 - Қазақстанда қазір ғылым саласының қандай үздік университетін атар едіңіз?

- Назарбаев университетінің зертханалық базасы да, басқару менеджменті, мүмкіндіктері мен қаржылық қуаты да мықты. Бұл университетті басқа оқу орындарымен салыстыру да әділетсіз болар, бірақ кез келген университет басқа оқу орындарынан үздік болуға талпынуы керек деп ойлаймын. Ғылыми бағытта деген соң, Назарбаев университетін айтып отырмын, ал жалпы белгілі бір факультеттер жағынан мықты деген он шақты ғана университетті атауға болатын шығар. Ол Ұлттық университет, Сүлеймен Демирел атындағы қазақ-түрік университеті, Астанадағы КазГЮУ универистеті санаулы бағыттарда сапалы деуге болады. Мұнда сол баяғы “кадр бәрін шешеді” деген түсінік пен университеттердің қай жаққа басымдық беруіне байланысты. 

- Кадр демекші, ғылыми кадр даярлаудың сапасын қалай арттыра аламыз? Жемқорлық, коммерциялық қолдауды қоспағанда, кәсібилік тұрғысынан...

- Бізде ғылым саласын дамытуға бағытталған “Болашақ” деген жоба бар. Өкінішке қарай, біз “Болашақпен” не кадр, не ғалым тәрбиелей ала алмай қалдық. Біз “Болашақпен” шенеунік тәрбиелеп алдық. “Болашақпен” бітіріп келгендерді лаборатория жасап ғылымға отырғызу немесе ауылдық деңгейдегі қарапайым кадрдан бастап отырғызу емес, креслоға басшы етіп отырғызып құрттық. Мемлекеттік деңгейде жасалған бұл бағдарлама не ғалым, не маман тәрбиелеген емес, таза шенеунік тәрбиелеген бағдарламаға айналып кетті. “Болашақ” бағдарламасы ғылымға және таза маманға жұмыс жасауы керек еді. Оны бітіріп келгендер лабораторияларда маман болып отыруы керек. Мәселен, экономика саласын бітіріп келгендерін Қаржы департаментінің директоры емес, бір қаланың экономикасын жоспарлауға болатын бас маман ретінде отырғызып қоюға болатын шығар. Сондықтан біз осындай дүниелерді дұрыс арнаға бұрып, ғылымға көңіл бөлудің жаңаша дүниесін қалыптастыруымыз керек.

“Болашаққа” мемлекет триллиондаған қаржы бөліп жатыр, ал түлек ертең келген кезде мынандай бағытқа жұмыс істейді, мынандай лабораториялар дайындауымыз керек, өндіріс орнына қажетті мынандай жаңалықтар ашуы тиіс деген талап қойылып, механикалық қайтымдылығы болуы керек. Біз ғылым бітіріп келсе де, басқа бітіріп келсе де шенеунік қылып жібереміз. Айналып келгенде “Болашақпен” бітіріп келгендердің алды сотталып кетті. Қазір жұрт “Болашақты бітіріп келсең, бастық боласың” деген көзқараспен қарайтын болды. 

- Ғылым саласында біз қай елдердің тәжірибесінен үлгі алуымыз керек?   

- Қазір ғылымның негізгі жаңалықтары шығысқа ауып кетті. “Нобель” сыйлығын алатындардың тізімін қарасаңыз негізінен Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея елдері тұр. Батыс елдерінде бір Америка демесеңіз, Нобель алып жатқан ғалымдар саусақпен санарлық. Сондықтан біз қазір сол шығыстан үйренуіміз керек. 

- Шетелге кетіп жатқан үздік ғалымдар көп пе? 

- Қатты көп емес және шетелге кетіп қалу барысын трагедия етіп қарастыруға келмейді. Екіншіден, біз ғалымды кетіріп жатсақ, ол кеткендердің қателігі емес, біздің де қателігіміз. Неге біз оларға елден кетпейтіндей шарт жағдай жасай алмадық? Неге оларға отаншылдық, патриотизмдік бағытты сіңіре алмадық? Олар неге өз еліне қызмет етудің орнына, кетіп қалып жатыр? Біз мемлекеттік деңгейде біраз нәрсенің себебімен емес, салдары, нәтижесімен күресіп кеттік. Мәселе осында сияқты. Кетпе деп жағдай жасамасаңыз, қайсыбірінің алдына барып “кетпеші” деп тұрасыз. 

КЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДЕГІЛЕР ЖАС БУЫНҒА ОРЫН БЕРМЕЙДІ

- Отандық ғалымдардың қазіргі қауқары қандай?

- Әлсіз емес деп айта аламын. Бізде қазір қабілетті жастар бар. Бір Назарбаев Университетінің айналасында өсіп келе жатқан жастар көп. Бұл - үлкен мүмкіндік. Бізде бір қасаң дүние бар, біз өзі ғылымда күнделікті дүние жаңарып, әлем жаңарып жатса да, буын жаңарта алмай отырмыз. 

- Оның себебі неде? 

 - Себебі біздегі университет кафедрасындағы жетекшілер, мұғалімдер сол кеңестік кезеңдегілер және олар әлі жастарға орын бермей отыр. Бұл ең үлкен ауыр дүние. Өйткені, кеңестік кездегі ғылыммен қазіргі ғылым мүлдем екі басқа. Бірақ біз әлі сол кеңестік кезде жүрміз. Әрине, олар мықты ғалымдар. Бірақ адам уақытымен демалмаса, ол өзінен кейінгі бір-екі буынды қартайтып, мүмкіндігін жейді. Ғылым саласында да бұл нәрсе өзекті. Өйткені университеттерде лекция оқып жүргендердің арасында таяққа әрең таянып жүргендер көп. 

- Ол профессорлар жастарға неге жол бермейді? 

- Олардың кетпеуінің себебі, ашкөздік, ала бергісі келеді. Қаншама конкурс, тендерлерде солар жүреді. Сондықтан жастарға жол бергілері келмейді. Екіншіден, олардың зейнетақылары мардымсыз. Олар аз зейнетақымен кеткісі келмейді. Сонымен тартысып жақсы жерде жүреді. Бір ғана Ғалымдар одағына неге жас менеджерлерді қоймайды? Болмаған кезде бағанағы “Болашақпен” бітіріп келгендер әкім немесе вице-министр емес, осындай ғылым ошағына тағайындалмайды?! Сол жердің менеджментін дұрыстасын. Бір ғана мысал, үш-төрт жыл бұрын Жазушылар одағына төраға орынбасары болып Ақберен келді, облыстағы филиалдарына жастар келді. Содан бері Жазушылар одағының тірілгенін өз көзімізбен көріп жүрміз. Ал, ғылым одағы туралы біреу білсе, біреу білмейді. Сондықтан біз буындарға мүмкіндік беруіміз керек, бір-екі буынды тағы қартайтпауымыз керек. 

- Демек, қазақстандық ғылым саласына реформа қажет қой? 

- Реформасыз болмайды және ол ұдайы жасалып тұруы тиіс. Себебі, әлем күнде өзгеріп жатыр. Бұрын бір мемлекет жасайтын дүниені, қазір бір адам жасап отыр. Илон Маск 2050-2100 жылғы бағдарламаны бір өзі қабылдап отыр. Дәл осындай тұста реформаны тоқтатуға болмайды. Бірақ реформада бірінші жасалатын іс, екінші-үшінші жасалатын іс басқышпен жасалуы керек. Біз бірінші, екінші, үшінші істерді тастап қойып, оныншы істі жасап жатырмыз. Кезінде ағылшын тілін оқытуда мектептің материалдық базасы дайын ба, кадр дайын ба қарамадық. Біз түйенің мұрнын жұдырықпен тескіміз келеді. Кадр жоқ, мектеп үш ауысымды, химия-физика зертханасы жоқ, біз сол пәндерді ағылшынша оқытамыз деп құтырдық. Білім саласында соңғы 2 жылда біраз оң өзгерістер орын алып жатыр. Соңғы министрдің келуімен біраз дүние ретке келіп жатыр, себебі, білім саласынан шыққан маман, шынайы бағдарламаны біледі. 

- Ғылымның қай саласында Қазақстанның мүмкіндіктері көп? 

- Ғылымның барлық саласын жасап көрейік. Қазақстанның мүмкіндігі ауыл шаруашылығы бағытында. Кез келген қазақ жердің кеңдігімен мақтанады. Ал сол жерде өсетін дәнді-дақылдармен әлемді аузымызға қарата аламыз ба? Бұл ғалымдардың мойнына артылатын жүк, жаңа сортты дүние жасау, өнімді арттырып, аграрлы мемлекетке айналу мүмкіндігі бар. Одан кейін жер астындағы байлық. “Бізде химиялық элементтің бәрі бар” дейміз. Ол элмент ашсаң өзіңдікі, ашпасаң елдікі. Сондықтан осындай бағыттарға баса мән беру керек. Сосын қаласақ та,қаламасақ та IT саласына мән бермесек, тек тұтынушы болып қаламыз. Біз әлі ауылдың проблемасын қозғап, ауылды дамыту керек деп жүрміз. Ғылым дамытып, сапалы өмір сүру үшін қазақ қалалық ұлтқа айналу керек. Ауылда бес қой бағып отырған адам ауыл шаруашылығын дамытпайды. Ауылды өнеркәсіптер мен қожалықтар дамытады. Сондықтан біз кемінде миллиондық қаладан 12-13 қалаға айналуымыз керек. Қазіргі бағытпен кете берсек, біз бес-алты қаланың маңайына жиналып қалатын сияқтымыз. Жезқазған түбіндегі қазақ неге сапалы білім іздеп астанаға көшуі керек, неге Жезқазғанға көшпейді? Бізде мектеп жетіспеу проблемасы да осыдан шығады. Яғни, біз мемлекеттің іші-сыртындағы көшті жүйелеуіміз керек. Егер Қазақстанның әр түкпірінде миллиондық қалалар тұрса, біз болашақтан қорықпаймыз. Бұл ғылымға да әсер етеді. Мәдениет пен саясаттың, ғылымның ордасы жалғыз астана болмауы керек. Неге барлық нәрсе тек астанада жасалуы керек? Облыстарда да ғылымға көңіл бөлінуі тиіс. 

Айжан Қалиева, Нұр-Cұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.