«Аяқты шынжырлап, жалаңаяқ жұмысқа жекті». Құлдықта болған азаматпен сұхбат
Мамандардың пікірінше, Қазақстанда құлдыққа түскендер саны ресми деректерден әлдеқайда көп
Статистикаға сүйенсек, соңғы жылдары елімізде адам саудасы бірнеше есеге жоғарлаған. 2019 жылы Қазақстанда күштеп еңбек жұмысына салынғандардың саны 1139-ға жетіп, 708 адам жезөкшелік құрбаны болған. Сол жылы барлығы 1870 адамға көмек көрсетілген екен. Тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, елімізде орта есеппен 75 мыңнан астам құлдық құрбаны бар.
Құлдыққа тап болғандардың еңбегі жиі пайдаланылатын негізгі үш сала: құрылыс, ауыл шаруашылығы және жезөкшелік. Azattyq Ruhy тілшісі Қазақстанға келіп, қара жұмысқа салынған Татарстан азаматымен сұхбаттасты.
46 жастағы Андриан Власов соңғы бір жыл бойы Қазақастандағы шалғай ауылдардың бірінде құлдықта болған. Ол әліге дейін өз еліне қайта алмай жүр.
- Андриан айтыңызшы, құлдыққа қашан және қалай тап болдыңыз? Сізді алдап алып кетті ме, әлде күш қолданды ма?
- Мұндай жағдай болады деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірген емес. Татарстаннан Қазақстанға жұмыс істеу үшін келгем. Өзім құрылысқа жақынмын. Бұған дейін жүргізуші, электрик жұмыстарын атқарып жүрдім. Алғашында Алматы қаласында жекеменшік фирмада жарты жылдай жұмыс істедім. Сол жерде жүргенімде менің ақшам мен құжаттарымның барлығын ұрлап кетті. Кейін, жұмыс іздеп Шымкент қаласына бардым.
Шаруаларыммен көшеде келе жатқан едім, кенет қасыма белгісіз көлік тоқтап, ішіндегі бір жігіт маған қызыл куәлігін көрсетті. Мен басында полицейлер деп ойладым. Жақындап бара бергенім сол еді, күштеп көліктің жүксалғышына салып алды. Абдырап қалдым. Қараңғы жерде жатқандықтан айналада не бар екенін де қарай алмадым.
Мені апарған ауыл тау басында орналасқан. Ол жерде шамамен 12-15 үйдей ғана болды. Өзімнің қандай жерге келгенімді көліктен түскен сәтте бір-ақ түсіндім. Бізді бірден өзенге апарып, шашымызды тықырлап алып тастады. Үстімдегі киімдеріммен жеке заттарымның бәрінен айрылдым. Ескі-құсқы киімдер кигізіп, тіпті аяғымызға аяқ киім де бермеді. Менімен бірге тағы бір жігіт келген болатын. Оны кейін бастығымның інісі мал бағуға алып кетті. Ал, мен сол жерде қалдым.
- Сонда ол жерде қандай жұмыс істедіңіз, қандай жағдайда өмір сүрдіңіз?
- Бара салып бірден қарсылық көрсеттім. Бірақ, мені өлімші етіп сабап ешқайда жібермейтіндерін айтты. Мен батпақтан кірпіш құйып жүрдім. Ауыр жұмыстарға салды. Құйған қыштан сарай салдық. Таңғы 5-6-да тұрып, кешкі 10-11 ге дейін жұмыс істедік. Жұмыс біткеннен кейін тар бөлмеге кіргізіп, сыртымыздан құлыптап кететін. Есік тек таңертең жұмысқа шығатын уақытта ашылатын. Бәріміз қамауда отырдық. Күніне бір мезгіл ғана тамақтандық. Оның өзі екі адамға жарты бөлке нан мен бір кесе шай.
Жұмыс аяқталғаннан кейін, аяғымызды шынжырлап қоятын. Қашқан сайын аяғыма сабын жағып ысқылап отырып, шынжырды шешетінмін. Әрине, теріңнің бәрі сыпырылып қалады. Бірақ, қашу үшін шыдауға тура келді. Бір сөзбен айтқанда, ол жерде көрген қиындықтарымды ешкімнің басына тілемеймін. Ауызбен айта салу оңай, бастан кешірген бір бөлек.
- Қалай қашып шықтыңыз, біреу көмектесті ме?
- Екі рет қашпақ болдым. Екеуінде де ұстап алды. Бізді атпен қуып, ұрып-соғып қайтадан алып келетін. Бастапқыда соққыдан қорқып, көніп жүрдім. Кейін, шыдамым таусылды.
Бір күні оларға қонақ келіп, күнде құлыпталып тұратын есік сол күні ашық болды. Мен сол сәтті пайдаланып, жаяу қашып шықтым. Қыс болғаннан кейін артымнан ешкім іздемеді. Шаян деген елдімекен мен құлдықта болған ауыл арасында су қоймасы бар болатын. Сол жерде үнемі күзет сақшылары жүреді. Дәл мен қашақан күні олардың да қарауылдық кезегі болған еді. Олар мені тоқтатып, қайдан келе жатқанымды сұрады. Бәрін түсіндірдім. Сөйтіп, мені полиция бөлімшесіне апарды.
- Сізді құлдықта ұстағандар қазір қайда, жазаларын алды ма?
- Жоқ, олар әлі жазасын алмады және кәсіптерін бұрынғыша жалғастыруда. Мен қашып шыққанмен ол жерде құлдықта әлі бірнеше адам бар. Әрине, арыз-шағымымды айтып, полиция қызметкерлеріне жүгіндім. Қандай ауыл екенін де айттым. Олар бұл мәселемен айналысатындарын айтып, мені шығарып салды. Қажетті нәтижеге қол жеткізе алмадым.
- Өзіңіз қазір тұрып жатқан приютқа қалай келдіңіз, кім көмек берді?
- Алдымен отаныма қайта оралу үшін Алматыдағы консулдыққа бардым. Оларға өзімнің Ресей Федерациясының азаматы екенімді айттым. Бірақ, құжаттарым болмағаннан кейін дәлелдей алмады. Сөйтіп Мәскеуге хабарластым, ол жақтағы орталық мені Алматыдағы еріктілерге тапсырды. Волонтерлер мені Нұр-Сұлтандағы Қорғау Астана фондына жіберді.
Қазір еліме қайту үшін арнайы сертификат жасатып жатырмын. Құжаттарымды қалпына келтіре салысымен, еліме қайтамын.
- Қазір жағдайыңыз қалай, адаптация қалай болып жатыр? Жалпы, адамдарға деген сеніміңіз жоғалған жоқ па?
- Жоқ, мен ешқашан адам баласына деген сенімімді жоғалтқан емеспін. Менің жолыма қатыгез адамдармен қатар мейірімді, қайырымды жандар да көп жолықты. Бір адамның тарапынан азап көріп, бүкіл әлемді жек көріп кету ақымақтық деп ойлаймын. Ниетің мен жасаған адал жұмысың бәрібір алдыңнан шығады екен. Құлдықтан қашып шыққан сәттен бері еріктілер мен қарапайым қайырымды жандардың мейірімі менің еңсемді қайтадан көтергендей. Құлдықта болып нағыз бас бостандықтың қадірін түсінгендей болдым. Сондықтан, басымнан өткен әр қиындықты өзіме сабақ болды.
Бір ұққаным, қандай жағдайға да қасқайып қарсы тұра білу керек екен. Үміт үзбей, жарқын жақсы күндеріңнің боларына сену, ешқашан сенімділікті жоғалтпау керек деп санаймын.
- Құлдық құрбандарының көбі психологиялық, физикалық қысымға шыдамай басылып қалып жатады. Ал, сізге берілмеуге күш берген не? Жалпы, жақындарыңыз бар ма?
- Иә, дұрыс айтасыз. Мен болған жерде шыныменде көбі таяққа шыдамай, өздерін тастап жіберді. Осы қалыптарын қабылдап, тіпті қашуға талпынбайтындар да болды. Оларды қорқыныш жеңді. Ал, менің сынбауыма бірден бір себеп болған – балаларым. Отбасыма жету үшін, таяқ жесем де қашып кетуге талпындым. Анам мен інім бар. Әйеліммен ажырасқанмын. Ендігі бар мақсатым – өмірімді қайтадан қалпына келтіру. Жасаған қателіктерімді түзеп, отбасыма оралғым келеді. Маған одан басқа түк керек емес.
- Адриан, басқалар да дәл сіздің жағдайға түсіп қалмауы үшін қандай кеңес, ескерту айтар едіңіз?
- Басқаларға айтарым, әр ұсынысқа келісе бермеу керек. Бөтен адамнан пана іздеп, жанашырлық танытады деп күтуге болмайды. Әрдайым басқан қадамыңды ойланып, өз өміріңе бей-жай қарамауға кеңес берер едім. Мұндай жағдайға кез-келген адам тап болуы мүмкін. Сондықтан әрдайым сақтанып жүру керек. Бір сөзбен айтсам, бас бостандығының қадірін білу керек.
- Сұхбат беруге келіскеніңізге рахмет! Сізге тек сәттілік тілеймін.
Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан