Елордадағы аула клубтарының саны төрт есеге өскен
Қалада бұқаралық спортты дамыту үшін спорттық нысандарды пайдалану қолжетімді болады
Еліміздегі 98 кәсіби спорт клубына жыл сайын жергілікті бюджеттен 55,5 млрд теңге қаражат бөлінеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен келер жыл бұл қаражаттың біраз бөлігі бұқаралық спортқа жұмсалмақшы.
Azattyq Rýhy тілшісі Нұр-Сұлтандағы спорттық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру өткізу дирекциясының басшысы Жанат Мейрамұлымен сұхбаттасып, елордадағы бұқаралық спортты дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын, келер жылға қойылған жоспар қандай екенін сұрап білді.
– Елордада бұқаралық спортты қалай дамытып жатырсыздар?
– Бұқаралық спортты дамыту мақсатында жас ерекшеліктеріне орай бірнеше бағыттағы бағдарламалар бар. Олар мектеп оқушыларының лигасы, студенттер арасында универсиада, мемлекеттік қызметкерлер арасында спартакиада, қарттар арасында, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында және мұғалімдер арасында спартакиадалар бар. Сонымен қатар, жасөспірім балаларға арналған спорттық жарыстар өткізіледі.
2021 жылдан бастап бұқаралық спортты дамыту мақсатында тағы да «Қолжетімді спорт» бағдарламасы жүзеге асырылады. Аталмыш бағдарламаның тиімділігі – Нұр-Сұлтан қаласының әр тұрғыны өз ауласында орналасқан алаңда, спорттық залдарға жүгінбей-ақ нұсқаушы, жаттықтырушылардың көмегімен тегін жаттыға алады. Елорданың саябақтарында осындай мүмкіншілік қарастырылады.
Елордада балалар мен жасөспірімдерге арналған аула клубтарының желісі дамып келеді. Бүгінде қалада осындай 23 ұйым бар, онда 2500 оқушы айналысады. Олар үшін 28 спорт секциясы мен 21 шығармашылық үйірме жұмыс істейді.
«Астана Жастары» ЖРО 2015 жылдың басынан аула клубтарының қызметіне куратор болып келеді. Сол уақытта қалада 6 аула клубы болса, бүгінде олардың саны 23-ке жетті. 2020 жылы шалғайдағы «Ильинка», «Күйгенжар», «Чугунка», «Лесозавод» және «Көктал» тұрғын алаптарында 5 жаңа аула клубы ашылды. 2021 жылы аула клубтарының санын 23-тен 28-ге, ал тәрбиеленушілердің санын 2500-ден 3000-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
– Карантин уақытында қаладағы бұқаралық спортты дамыту үшін қандай ірі іс-шаралар өткізілді?
– Карантин уақытында елорда тұрғындары арасында жүгіруден және веложарыстан онлайн жарыстар өткзілді, аталмыш жарыс ҚР Конституция күнінен бастау алып 4 рет өткізілді. Отбасы күніне орай «Отбасылық жеңіс» атты онлайн жарыс, елорда тұрғындары мен мектеп оқушылары арасында шаңғы спортынан онлайн жарыстар, елордалық мектеп оқушылар арасында жалпы дене шынықтыру даярлығы бойынша онлайн жарыстар, ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай шахматтан, дойбыдан және тоғызқұмалақтан онлайн жарыстар өтті. Бұл іс-шаралар онлайн режимінде ZOOM, STRAVA, PLAY OK және WWW.LICHESS.ORG платформаларында өткен болатын.
– Нұр-Сұлтан жасөспірімдері көбіне спорттың қандай түрімен айналысады?
– Қазіргі кезде жасөспірімдер спорттың барлық түрімен айналысады деп айтуға болады. Көбінесе жекпе-жек спорт түрлері: бокс, каратэ, джиу-джитсу, еркін күрес түрлері, жеңіл атлетика, жүгіру, гимнастика, велоспорт қысқы спорт түрлері соның ішінде коньки, шаңғы сыңды спорт түрлерімен айналысады.
– Бұқаралық спортты дамыту мақсатында қала тұрғындарына қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба?
– Спорт ғимараттарына қолжетімділік спорт мектептерінде және клубтарда мемлекеттік тапсырысты енгізу арқылы қамтамасыз етіледі. Нұр-Сұлтан қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты 11 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде сабақтар тегін өткізіледі. Бүгінгі күні мектеп контингентінде 8032 адам бар.
Сонымен қатар, ірі спорт нысандарында студенттер, оқушылар, зейнеткерлер және ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін жеңілдігі бар билеттер қарастырылған. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында халықаралық деңгейдегі паралимпиадалық жаттығу орталығында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барлық қызмет тегін көрсетіледі. Жаттығулар мынадай спорт түрлері бойынша жүргізіледі: пара йога, пара үстел теннисі, шахмат, дойбы, бочча, голбол, пара дзюдо, пара каратэ, пара таэквондо, арбадағы би, пара бадминтон, пара пауэрлифтинг, отырып ойнау волейболы, дартс, тоғызқұмалақ.
Сонымен қатар, МЖӘ аясында «Тарлан» СК жұмыс күндері сағат 12.00-ден 14.00-ге дейін, сондай-ақ демалыс күндері мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жаппай конькимен тегін сырғанау өткізіледі (коньки тегін беріледі). Слеш-хоккей және сурдо-хоккей сабақтары тегін өткізіледі.
– 2021 жыл бұқаралық спортты дамытуға арналған жоспарларыңыз қандай?
– Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын орындау үшін, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер спорты және бұқаралық спортты дамытудың басымдығын ескере отырып, 2021 жылдан бастап кәсіби спорт түрлерінен қаражатты балалар мен жасөспірімдер және бұқаралық спортқа қайта бөлу жоспарлануда. 2021 жылы спорт бағыты бойынша халықпен жұмысты жаңа бағдарлама шеңберінде жүргізуді жоспарлап отырмыз. Бағдарламаның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дене шынықтыру мен спортты дамыту тұжырымдамасын, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыруда тиімді құралдар әзірлеу. Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін жолдары келесі шаралар іске асырылады:
Бірінші, футбол, шахмат, стрит воркаут, баскетбол, балалар фитнесі бойынша барлық аулада тегін жаттығулар ұйымдастыру арқылы қаланың шет аймақтарын дене шынықтыру және спортпен қамту.
Екінші, аула командалары арасында талантты балалар мен жасөспірімдерді анықтау үшін спорттың ойын түрлері (футбол, баскетбол, волейбол, хоккей) бойынша аула лигаларын тұрақты негізде өткізу.
Үшінші, қарттардың бос уақытын ұйымдастыру. Бағдарламаға емдік дене шынықтыру, скандинавиялық жүріс, йога, шахмат, дойбы және басқа да спорт түрлерін қарияларға тегін жаттығулар енгізілген.
Төртінші, қала саябақтарында спортпен айналысу үшін жағдай жасау (киім ауыстыру, санитариялық тораптар, мүкәммалды сақтау үшін тез тұрғызылатын модульдік конструкцияларды орнату), сондай-ақ қаланың шетінде орналасқан тұрғын алаптарда дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу арқылы спорттық инфрақұрылымды жақсарту.
Айта кететіні, қала шетінде орналасқан тұрғын алаптардың халқын дене шынықтыру және спортпен қамту үшін 4 тұрғын алабында (Көктал 2, Өндіріс, Ильинка, Железнодорожный) дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы басталды.
Бесінші, спортты дамыту үшін ақпараттық технологияларды енгізу. Мәселен, бүгінгі таңда Smart sport мобильді қосымшасы әзірленді. Анықтама: «Smart sport» мобильді қосымшасы арқылы тұрғындарға қалаған спорт түрін, спорт нысанының орналасқан жерін (спорт нысандарының толық картасын), спорт түрлері бойынша жаттықтырушының рейтингін, жаттықтырушының рейтингін, жаттығулар кестесін оңай табуға, БЖСМ-ге оқуға түсу үшін өтінім жолдауға, барлық спорттық іс-шараларды, жаңалықтарды қадағалауға, жүгірістер мен жүгірістер жүргізу үшін өз маршруттарын жасауға, қоғамдастықта өз нәтижелерімен бөлісуге, өз іс-шараларын құруға, мастер-класстарға, іс-шараларға, белгілі бір спорт түрлері бойынша жарыстарға және т. б. қатысуға мүмкіндік береді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әзірлеген Айжан Қалиева