Бізге пиар мен имидждік жобалар емес, халықтың алғысы жеткілікті – тергеушімен сұхбат

Полиция қызметкерлерінің еңбегі мен беделі жайында

Бізге пиар мен имидждік жобалар емес, халықтың алғысы жеткілікті – тергеушімен сұхбат

Полицейлерді қоғамдағы «жағымды кейіпкерге» қашан және қалай айналдырамыз? Жағымсыз кейіпкер деуге де келмейді, әрине, бірақ тәртіп сақшыларының имиджі көптен бері күн тәртібінен түскен емес. Жыл сайын оң имидж қалыптастыру үшін түрлі шара өткізілетінін де жақсы білеміз. Ол істер оң нәтижесін беріп жатыр ма?

Жалпы, полицейлердің қоғамдағы беделіне қатысты әркім әр түрлі пікір айтады. Біреулер «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» десе, өзгелері «Кеңес дәуірінен қалыптасқан түсінік» дегенді меңзейді. Есте болса, тоқсаныншы жылдары жастар арасында «жазылмаған түрме заңы» бойынша немесе «по понятием» өмір сүру жаппай белең алған болатын. Полицейлерді «әзірейіл» етіп көрсету сол кезде өршіген. Ол үрдіс қазіргі қоғамда да ішінара кездеседі.

Шын мәнінде, тәртіп сақшыларының «әзірейіл» емес, қоғам тыныштығының күзетшісі екенін білеміз. Қылмыспен, заңсыздықпен бетпе-бет келгенде де ең бірінші полицейді іздейтініміз содан. Олардың жұмысының қаншалықты ауыр және қоғам үшін аса маңызды екенін білу мақсатында тәжірибелі тергеушімен сұхбаттастық. Қаншама ауыр және аса ауыр қылмыстың бетін ашқан Аянхан Омаров Шымкент қалалық Полиция департаменті Тергеу басқармасында жұмыс істейді.

- Аян мырза, сұрақты төтесінен қояйын, полицияның имиджі деген мәселе неліктен күн тәртібінен түспейді?

- Полиция қызметкерлері алдыңғы шепте, халық алдында қызмет ететіндіктен, олардың ерлігі де, заңға қайшы әрекеті де бірден көзге түседі. Мысалы, жуырда ғана Шымкенттегі инспектордың жол қиылысындағы кептелісті тарқатқан видеосы әлеуметтік желілерде тез тарап, полицей көпшіліктің ықыласына бөленді. Тіпті, ресейліктер де бұл видеоны кеңінен талқылағанын көрдік. Қарапайым ғана оқиға, ерлік деп айтуға да келмейді. Бірақ халықтың ықыласы ауды. Сол секілді видеолар әлеуметтік желілерде көп. Яғни, халықтың бәрі полицейлерді ұнатпайды, беделіміз төмен деп айтуға келмейді. Уақытпен бірге оң имидж де қалыптасып үлгерді.

Кез келген саланың, ортаның «бір қарын майды шірітетін құмалағы» бар, ондайлар полиция сапында кездеседі. Бірақ санаулы адам үшін бүкіл тәртіп сақшысына топырақ шашып, күйе жағуға болмайды. Мықты, білікті, өз ісіне жанашыр мамандар көп. Солардың арқасында қазір Қазақстан полициясы аяғына нық тұрған.

Жалпы, полицейлер аспаннан түскен жоқ қой, ол да біреудің баласы, ағасы, інісі. Біз өзіміз де осы халықтың тыныштықта, бейбіт заманда өмір сүргенін қалаймыз. Имиджді көтеру үшін арнайы жобалар ойлап табудың қажеті жоқ, халықтың алғысы жеткілікті. Сол шынайы алғыс БАҚ арқылы, әлеуметтік желілер арқылы жарияланып жатса, біз де жігерленіп, тек жақсылыққа ұмтылып жүреміз.

- Сіз өзіңіз неліктен бұл саланы таңдадыңыз? Тергеуші болуға не итермеледі? Жеке қызығушылық па, әлде ата-ананың ықпалы болды ма?

- Мен өзім 1989 жылы Шымкент қаласында, қарапайым отбасында дүниеге келгенмін. Тергеуші болу бала күнгі арманым болатын. Полиция қызметкерлерінің киім үлгісі, иығындағы жалтыраған погондары қатты ұнайтын. Өсе келе қызметімді де осы саламен байланыстырдым.

Тергеуші болу білімді, төзімді және психологиялық тұрғыдан мықты болуды талап етеді. Алдыңа жауап беруге келген адамның қай уақытта шын, қай кезде жалған сөйлеп тұрғанын ажырата білу керек. Бір сөзбен айтқанда, психолог болуың қажет.

Әкем мен анам ықпал еткен жоқ, тек менің таңдауымды мақұл көрді, қолдады. Сол кісілер аман болып, қызметімде жеткен әрбір жетістігімнің куәсі болса екен деймін.

- Жұмысыңыздың ауыр екенін білеміз, тәуліктеп үй көрмейтін кездеріңіз көп. Осындай сәттерде полицей болғаныңызға өкінбейсіз бе?

-Жоқ, еш өкінген емеспін. Бұл мамандықты жақсы көргендіктен тергеуші қызметінің барлық қиындығына, ыстық-суығына төзіп келе жатырмын деп ойлаймын. Қызметін сүймесе, екінің бірі бұл мамандықта жұмыс істей алмайды.

- Ауыр қылмыстарды, өлімді көзбен көп көргендіктен, қылмыскерлермен тікелей жұмыс істейтіндіктен полицейлер қатыгездеу болып келеді деген «аңыз» бар. Бұл рас па? Полицияда жұмыс істегелі мінезіңіз өзгерді ме?

- Сөзіңіздің жаны бар. Полиция қызметкерлері, әсіресе тергеушілер қызмет барысында аса ауыр қылмыстарды көзімен көреді. Сол көргеннің бәрі полицейдің мінезі мен психологиясына теріс әсерін тигізбей қоймайды. Қатыгез адамдар мен олардың жасаған қанды қылмысын көргенде еріксіз қатаясың. Дегенмен, өз басым жұмыстан шыққан сәттен бастап, сол күні өткен жағдайлар мен оқиғаларды ұмытуға, жүрекке жақын қабылдамауға, қызметтегі негативті жағдайларды үйге алып келмеуге тырысамын. Жұмыстан қанша шаршап келсем де, отбасымның алдында қабақ шытып, үйге нашар көңіл-күймен кірмеймін.

- Тергеген қылмыстарыңыздың ішінде есіңізден кетпейтіні бар ма?

- Иә, бар. Бұрын бірнеше рет сотты болған ер азаматтың өзі кездесіп жүрген келіншек пен оның сәбиіне қасақана ВИЧ-инфекциясын жұқтыру оқиғасы есімнен кетпейді. Бұл оқиға уақытында бұқаралық ақпарат құралдарында да жарияланып, қоғамдық резонанс тудырған болатын. Осы қылмыс бойынша жан-жақты тергеу жүргізіп, тиісті сот-дәрігерлік сараптамаларын тағайындап, ол адамның кінәсін толық дәлелдеп шықтым. Нәтижесінде, қылмыстық іс сотқа жолданып, сот үкімімен ол адам 4 жылға сотталды.

Одан бөлек, арзан бағада медициналық және косметологиялық қызметтер көрсетеміз деп, жалған медициналық клиникалар желісін ашқан ресейлік азаматтардың алаяқтық ісімен айналыстым. Қылмыстық іс бойынша 700-ге жуық жәбірленушіден жауап алып, дәлелдемелер жинап, қылмыстық істі сотқа жолдадым. Нәтижесінде, кінәлілер ұзақ мерзімге сотталып, жәбірленушілерге материалдық шығын өндіру туралы сот үкімі шықты.

Ісің сотқа жолданып, сот әділ шешім шығарса, жәбірленушілердің риза болғанын көріп, жұмысқа деген ынтам одан сайын артады.

- Отбасыңызды қаншалықты жиі көресіз?

- Қызметіме байланысты үйде сирек боламын. Тергеуші болу уақытпен санаспай қызмет етуді талап етеді. Себебі, өндірісімде бірнеше қылмыстық іс бар. Олардың әрқайсысының мерзімі бар, барлығымен де жан-жақты, объективті түрде жоспар түзіп, тергеу жүргізу қажет. Оның үстіне, кестеге сәйкес, жедел тергеу тобының құрамында тәуліктік кезекшілікке де түсіп отырамын.

Үйдің үлкені ретінде әке-шешеммен бірге тұрамын. Әкем, анам, екі інім бар. Келіншегім медбике, қазір бала күтімімен еңбек демалысында. Екі ұл, бір қыздың әкесімін. Отбасым ұйықтап жатқанда таңертең жұмысқа кетіп, олар ұйықтап қалған кезде үйге қайтамын. Дегенмен, әкем мен анамның тәрбиесі мен нұсқауларына сай, біздің үйде бала-шағам «әкеңнен сұра», «әкеңмен ақылдас», ал бұзақылық жасап қойса, «әкеңе айтамын» деген қағидаларды бойына сіңіріп өсіп келе жатыр. Біздің отбасымызда қай кезде де әкенің орны бөлек тұрады.

- Болашақта балаларыңыз жолыңызды қуып, полицей боламын десе қарсы болмайсыз ба?

- Әрбір адам өзінің жүрегі қалаған, ебі бар, өзіне жақын мамандық иесі болуы керек деп ойлаймын. Сонда ғана ол жұмысын жан-тәнімен атқарады. Мейлі ол мұғалім, дәрігер, құрылысшы болса да, өзінің жанына жақын мамандықты таңдауы керек. Сол сияқты, егер де балаларым мен сияқты полиция қызметкері болуға шынымен қызығушылық танытып тұрса, қарсы болмас едім. Өзінің қаламаған мамандығында істеп жүрген адамнан жақсы маман қалыптасады деп ойламаймын.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.