Есірткіге тәуелділіктен емделіп жатқандардың арасында мемқызметкерлер де бар – маман пікірі
БҰҰ мәліметі бойынша, Қазақстан есірткіден өлім-жітім бойынша әлемнің 93 елі арасында 33-ші орында тұр
Пандемия тұсында енгізілген локдаунда нашақорлар үлесі бұрынғыдан да көбейе түскен. «Аманат» орталығының директоры, психолог-аддиктолог Нұрлан Тұрсынбеков Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында бейресми фактілерді бөлісті.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басынан бастап посткеңестік елдерде тараған қорқынышты «індет» – нашақорлық.
«Қазақстан өзінің географиялық орналасуына байланысты есірткі трафигінің қолайлы пунктіне айналды. Тәуелсіздік жылдарында мемлекет жағдайды едәуір жақсартуға, инъекциялық нашақорлар санын азайтуға қол жеткізді. Бірақ жаңа сын-қатерлер пайда болды: нашақорлық тез жасарып келеді. Синтетикалық есірткілердің кең таралуы, сондай-ақ оларды сату үшін интернетті пайдалану жаһандық проблемаға айналуда. БҰҰ-ның соңғы деректері бойынша, әлемде 483-тен астам жаңа психобелсенді заттар тіркелген, олардың 60-қа жуығы Қазақстан мен өңірдің шектес мемлекеттерінің аумағында пайдаланылады», - дейді Нұрлан Тұрсынбеков.
Қазақстан есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрестің халықаралық жүйесіне қосылып, осы саладағы БҰҰ-ның барлық негізгі конвенцияларын ратификациялады. Көптеген іс-шара нәтижесінде Қазақстанда есепте тұрған нашақорлардың саны 2014 жылы 33 мың болса, 2019 жылы 22 мыңға дейін азайды.
«Бізден өтініш, әкімшілік біздің орталығымыз өткізетін акцияларға қолдау білдірсе екен. Мәселен, тұрғын үй кешендерінің кіреберісіне неше түрлі есірткі түрін сатып алуға болатын сайттардың жарнамасын жазып кетеді. Оны біз акция ұйымдастырып, орталықта емделіп шыққан азаматтармен, волонтерлік іс ретінде құқық қорғау органдарына хабарлаймыз. Сол жарнамаларды бояу бүріккішпен көмескілейміз. Әдетте, тұрғындар оны түсінбей жатады. Көпшілік білмегенімен, жастар есірткі жарнамалайтын мұндай сайттарды тез біледі. Сондықтан, біз шамамыз келгенше өшіріп, есірткі сататын сайттарды жоюға тырысып жүрміз», - дейді орталық директоры.
Есірткіге қарсы шаралар жүзеге асырылғанымен, Қазақстан есірткіден өлім-жітім бойынша әлемнің 93 елі арасында 33-ші орында тұр. Бұл – БҰҰ берген мәлімет. Мамандар синтетикалық есірткіні тұтынушылар санының көбеюіне алаңдайды.
«Аманат» орталығы директорының айтуынша, есірткінің синтетикалық түріне жүгінген адам басында өзін бақылауда ұстай аламын деп ойлайды. Дегенмен, ол – тек иллюзия.
«Карантин кезінде жағдай ушықты. Біздің орталығымызда емделгендер арасында мемлекеттік қызметкерлер мен танымал әртістер де бар, шамамен ем алушылардың 5-8 пайызын құрайды. Сонымен қатар жастар үлесі де көп. Ата-аналар баласының есірткі қабылдап жүргенін көбіне ауыр синтетикалық препараттарға ауысқан кезде байқайда. Ересектер нашақорлық тек героин қабылдау емес екенін түсінуі керек. Қазіргі нашақорлар ине пайдаланбайды, олар есірткіні ішеді, шегеді немесе иіскейді. Қазіргі синтетикалық препараттар 90-шы жылдардағы танымал есірткілерден он есе қауіпті, олар психика қалпына келмейтін жағдайға жеткізеді», - дейді маман.
Жасөспірімдер арасында есірткіге құмарлық дәріханадағы дәрі-дәрмектерден басталады. Ең қауіптісі – трамодол, синтетикалық опиоид, яғни героиннің синтетикалық опиаты. Оларды сату біздің елде қатаң бақыланбайды. Цикломед пен тропикамидтің офтальмологиялық тамшысы да аса қауіпті топқа енеді.
«Егер біз жасөспірім туралы айтатын болсақ, онда бірқатар мінез-құлық факторларынан байқауға болады: көңіл-күйінің күрт өзгеруі, оқу үлгерімінің төмендеуі, сабаққа қатыспау, ұйқысының бұзылуы, тәбетінің болмауы, ақшасыз қалуы, құпия, өтірік айту, ауыру. Ересектер арасында да жағдай тура осындай. Егер күдік расталса, онда маманның кеңесіне жүгіну керек. Біздің орталық дәрігерлері тегін кеңес береді», - дейді Нұрлан мырза.
Анықтама:
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті биыл 145 келіден астам синтетикалық есірткі мен 2,5 тонна прекурсор тәркіледі. Биыл Қазақстанда жасырын жұмыс істеген 12 есірткі зертханасының қызметі жойылды.
Бүгінде әлем бойынша 35 миллионнан астам адам есірткіге тәуелді.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан