ШұғылҚазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 170 мыңға жуықтады

«Қазақстанда 7 жыл алған білімім АҚШ-та жарамады» - Америкадағы қазақ қызымен сұхбат

Кезінде Роза Бағлановамен дуэт болған әнші Америкада жеке бизнесін ашқан 

Қазақ қызы Лос-Анджелесте жергілікті тұрғындарды косметолог кәсібіне үйретіп жүр. Ол бұған дейін бет әрлеумен айналысатын «Dinar Beauty» атты сән салонын ашқан. Динара Бәйтерекова Американың 6-7 штатында тұрып, түрлі мамандықты меңгергенін, «америкалық арманға» жету жолында 10 жылын сарп еткенін айтады. 

Шымкенттік кәсіби әнші студенттік шағында түрлі концерттерде ән айтқан.  Университетті тәмамдаған соң, оны Халық қаһарманы, күміс көмей әнші Роза Бағланова қасына алып, екеуі дуэт болған. «Қазақконцертте» жұмыс істеген Динара он жыл бұрын АҚШ-қа кетуге бел байлайды.   

«2010 жылы студенттік визамен Нью-Йоркке кетіп қалдым. Абай атындағы ҚҰПУ филология факультетінде бес жыл, кейін тағы екі жыл педагогика және психология мамандығы бойынша магистратураны тәмамдадым. Алматыда 7 жыл алған білімім мен тәжірибем мұнда келгенде жарамады. Мамандығым – педагог, ал мен бала кезімнен ән айтамын. Бұл жолда көтеріліп, клип түсіріп, үнемі сахнадан түспеу үшін қолдаушың, ақшаң немесе демеуші «ағашка, көкелерің» болуыкерек. Мен ешкімге алақан жайғым келмегендіктен, елден кетіп қалдым. Басында болашақ бағдарламасы бойынша емтиханнан өткенмен, кепілге қоятын баспанам болмады. мүлкі бар жақындарым қолдамады. Бағдарлама арқылы бару, білім алу  мүмкіндігінен айырылсам да, бәрібір АҚШ асып кеттім. Осы жақта білім алу үшін түрлі қиын сынақтардан өтуге тура келді», - дейді бүгінде Лос-Анджелес қаласында тұрып жатқан Динара Бәйтерекова. 

Роза Бағлановмен бірге ән шырқап, қошеметке бөленіп үйренген Динара бөтен ортада өмір сүру үшін қара жұмыстарды істегенін айтады. Түрлі саланы зерттеп, үш адамның жұмысын бір өзі атқарған сәттері де болған. Түске дейін курсқа барып, одан келіп түнімен жұмыс істеген. Беделді оқу орындарында магистр дәрежесін алғысы келген. Дегенмен ол мақсаты жақын арада орындалмаған соң сұранысқа сай жаңа мамандықтарды үйренуге кірісіпті.  

«Қара жұмыстармен қатар, тіл курсына бардым. Менің қос дипломым, Қазақстанда оқыған ағылшыным жарамады. Тіптен ғалым болсаң да сен бұл жақтың қоғамы үшін ешкім емессің. Мен де әу баста сахнада жүрген әншімін, қазақпын деген көкірек, намыс болды. Бірақ осы жақтың білімін алу арманым болғандықтан, бастапқы екі-үш жылда небір қара жұмысты істедім. Америкада кассир, даяшы, аспаздың көмекшісі, балаға қарау, тіптен  мейрамхананың дәретханасын, еденін жуу сынды жұмыстарды істеуге тура келді. Қарт адамдардың күтушісі болғанда, аптасына бір мың долллар төлеп тұрды. Ақшаны солай жинадым. Калифорниядағы, Бостондағы беделді университеттерге түсем деп тағы тест тапсырсам да, екі жылға 150-200 мың доллар төлеуге шамам келмеді. Бұдан кейін Нью-Йоркте музыкалық курсты оқыдым», - деді ол.  

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР АМЕРИКАДА «АҚША ТАЛДА ӨСІП ЖАТЫР» ДЕП ОЙЛАЙДЫ 

Динара Америкаға кеткісі келетін адамдардың ой-пікірі дұрыс емес деп санайды. Көбінің ойында жақсы ақша табуға мүмкіндік мол деген пікір бар. Шындығында, тапқаның тіршіліктен аспайды. Қазақстаннан барған жастардың көбі сағатына 7-8 доллар төлейтін қара жұмысқа жегіледі. Штаттардың арасында ауыр жүк көліктерін жүргізетін жігіттерді ғана табысты деп айтуға болады. Оның сөзінше, елден барған адамдардың көбі Нью-Йоркке құмар, ал шындығында, ол қала лас әрі қымбат, агрессияға бейім иммигранттардың орталығы саналады. «Елдегі тұрмысымды түзеу үшін Америкада бір-екі жыл жұмыс істеп келемін» деген оймен кеткендер көп уақытының қалай өте шыққанын білмей қалады дейді. 

«Қазақстандағы қазақтар  «Америкада ақша талда өсіп жатыр» деп ойлайды. Мүлдем олай емес. Мұнда ақша табу өте қиын. Пәтер, тамақ, жолың мен интернетке ай сайын $3000 кетеді. Қара жұмысшыларға сағатына 7-8 доллар төлейді. Сонда аптасына 50 сағат жұмыс істегенде $400, айына $1600  ғана табасың. Бұл өмір сүруге жетпегендіктен артық жұмыс істеп, пәтерді басқа адамдармен бөлісіп тұруыңа тура келеді. Нью-Йорк сырттан келген туристер үшін әдемі қала болып көрінгенімен, адамдары ашушаң, қызба мінезді. Соны ұққан соң Флоридаға көшіп кеттім. Ол қалада көбінесе испандықтар, жергілікті ақтар мен кубалықтар көп. Халқы да жайлы. Флоридадағы Атлант университетінде екі жыл бизнес-менеджмент мамандығын оқыған соң, Боко-Ратондағы сұлулық академиясына бардым», - дейді Динара.     

Басында елді сағынып, әрі ақшадан тарығып жүрген Динараны «ерекше» жұмысқа шақырған жерлестері де табылыпты. Түрлі бағдарламамен оқуға барған қыздар түнгі клубқа келген қонақтардың көңілін көтерумен де айналысқан. Сенбі-жексенбі күндері бір мың доллардан аса ақша тауып кетеді екен. Ал өнерімен АҚШ-тағы қазақтар арасында да танылып үлгерген әншіні отандастары концерт қойып беруге штаттарға жиі шақыратын болған. 

«Оқуға келсе де, түнгі клубтарда билеп жүрген қазақ қыздары болды. Нью-Джерси қаласындағы түнгі клубтарға  барып билесеңдер, жақсы ақша табасыңдар деген ұсыныс та болды басында. Сағатына 8 доллар төлейтін супермаркеттің кассасында шаршап отырғанымда еврейлер жерлестерімнің қиналмай-ақ Нью-Джерсидегі клубтарда  жақсы ақша тауып жүргенін, солардың қатарына неге бармайтынымды күліп айтқан. Бізді басында күтіп алған әйелдің де «биші» екенін кейін білдім. Ол қыздардың оқуының ақшасы онсыз да төленіп жатыр, ал өздеріне қажетті ақшаны билеп табады екен. Қазақ қыздары клубтан шықпайды дегенді осындағы адамдардан жиі естідім. Ол қыздармен сөйлесуге ниетім де болмады», - дейді косметолог қыз. 

Байтерекова Американың дипломын немесе құжатын алған соң ғана жолыңның  жеңілдей бастайтынын айтады. Бүгінде бет күтімімен айналысатын маманға  жергілікті тұрғындар жиі келеді екен. Динараның айтуынша, қара нәсілділер ақшасын бет күтіміне жұмсауға қимаса да, ұзын тырнақ, шаш жалғататын орындарға баруға құмар.  

«Косметологияның қыр-сырын Оңтүстік Кореяға барып та үйрендім. Сосын Мәскеуде де курстан өттім. Шағын бизнесті ашу үшін кемі $15 мың болу керек. Офисті жалға алу құны қымбат. Пандемияның кесірінен қиындықтарға тап болып жатырмын. Қазір студенттерге осы сала бойынша оқу курстарын өткізем. Күніне 10-15 сағат аралығында жұмыс істеймін. Осындағы қазақтардың балаларына музыкадан сабақ берген кездерім де болды. Өнер, бизнес, сұлулық сынды салалар бойынша лицензия, сертификаттар мен дипломдар алдым. Америкада өз бизнесімді ашып, арман қалам – Лос Анджелесте жұмысты жалғастырып жатырмын. Мен осындай тәуелсіз өмір сүруге 10 жылымды жұмсадым. Армандаңыз, сол арманға жету үшін қаншалықты қиын болса да күнделікті еңбек етіңіз», - деп сөзін түйіндеді Динара Бәйтерекова. 

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы