$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
13.10.2020, 11:28
Сұхбат

«Экстремистік топтар, трайбализм, экономикалық дағдарыс»: қырғыз саясаттанушысы елдегі революциялар жайлы

Елде парламенттік сайлаудың соңы көтерілістерге ұласқан болатын

«Экстремистік топтар, трайбализм, экономикалық дағдарыс»: қырғыз саясаттанушысы елдегі революциялар жайлы

Қырғызстандағы соңғы толқуларға нақты баға әлі берілген жоқ. Халықтың көтерілісін өздері революция деп атағанымен, елдегі билік толық ауыспады. Десе де, Парламент сайлауы нәтижесінің күші жойылып, жаңа Үкімет басшысы тағайындалды. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан Ақ үй де өртенген. Саяси тұрақсыздықтан мемлекеттің экономикасына келген шығын көлемі әзірге 104 миллион долларды құрап отыр.

Алғашында «Отставкаға тыныш кетуге әзірмін» деген президент Сооронбай Жээнбеков артынша Бішкекте төтенше жағдай жариялап, қалаға әскер кіргізді. Қазір ел астанасындағы жағдай тыныш. Халық қайта өтетін парламенттік сайлауды барынша әділ болуын қадағалаймыз деп тарқасқан.

Ал жергілікті саясаттанушы, Қырғыз Республикасы президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Алмазбек Акматалиев алғашқы сайлауда дауыстардың сатылғанын, қылмыстық топтардың саясатқа араласқанын және халықтың моральдық-психологиялық тұрғыдан әбден қажығанын айтты. Azattyq Ruhy тілшісі сарапшымен сұхбаттасып, елдегі саяси ахуал туралы сұрап білді.

- Алмазбек Акматалиұлы, билікке таласқан топтардың бірін-бірі аяйтын түрі жоқ. Бұл үшінші революция деп жатыр. Одан басқа да елде митингтер, көтерілістер жиі болып тұрады. Бұдан қырғыз қоғамы не ұтты? Елдегі басқару жүйесі неге өзгермей жатыр?

- Жогорку Кенеш пен президент бір ғимаратта отырады, ғимаратты қазанның 4-інен 5-іне қараған түні көтерілісшілер басып алды, оны білесіздер. Ертеңіне ОСК сайлаудың нәтижесін жойды. 2005 жылы А. Ақаев, 2010 жылы Қ. Бакиев революциядан кеткен болатын. Бұл жолғы үшінші революцияда Сооронбай Жээнбековті кетірмек.

Бұл революциялар мен көтерілістердің пайдасы, 30 жылдың ішінде адам құқықтарының бұзылуына қарсы шығатын қоғам пайда болды. Бізде шынайы сөз еркіндігі бар. Сондықтан халық кеше тағы көтерілді. Кландық басқаруларды, жемқорларды халықтың тоқтата алатынына көзі жетті. Жемқорларды қоғамда ашық әшкерелей аламыз. Революциялар кландық басқаруға қарсы бағытталған. Саяси құқықтардың бұзылуына, диктаторлық басқаруға қырғыз елі шыдамайды. Қырғыз қоғамының ұтқаны осы.

Ал конституция бойынша бізде президенттің құқығы шектеулі, облыстың губернаторларын да тағайындай алмайды. Үкіметті отставкаға өзінің шешімімен кетіре алмайды. Үкіметтің екі мүшесі: ІІМ және ҰҚК басшыларын тағайындауға құқығы бар. Қалғанының бәрін Жогорку Кенеш шешеді. Жогорку Кенеш ұсынған министрден бас тартуға, жарлыққа қол қоймауға президенттің құқығы жоқ.

Конституция бойынша президенттің құқығы шектеулі болғанымен, оның айналасындағы адамдар коррупцияға, криминалды элементтерге жол берді. Ұрылар, жемқорлар сайлау арқылы билігін күшейтпек болып, бірнеше партияға сайлауда қаржылық қолдау көрсетті. Көтеріліс содан басталды.

- Қырғызстанда діни ағымдар аз емес. Сіздерде «Таблиғи жамағат» (Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылған) пен салафизмды ұстанған жас жігіттердің жамағаты аз емес сияқты. Бірнеше күннен бері тұрақтамаған саяси ахуалды деструктивті күштер өз мүддесіне пайдаланып кетуі мүмкін деген қорқыныш жоқ па?

- Қырғызстанда діни ағымдар өте көп, олар роволюцияны өз мүдделеріне пайдаланып кете ме деген қауіп расымен де, бар. Елде діни партия құруға тыйым салынған. Десе де, мемлекетте діни күштер аз емес, олардан қорқыныш бар, олардың ықпалын бәріміз де сеземіз. Ең қауіптісі, діни радикалды топтар осындай сәтті пайдаланып, қылмыс әлемінің мүшелерімен бірігіп кетсе, онда нағыз шатақ болады.   

- Көтерілісшілер  2005 жылы А. Ақаевты, 2010 жылы Қ. Бакиевті қуды. Сол сәттерді  көрген балалар бүгінде ержетіп қалды. Биыл ахуал мынандай. Көшеде жүрген адамдардың басым бөлігі 18-45 жас аралығындағы адамдар екен. Нағыз білім алатын немесе еңбектенетін жастағы адамдардың миына төңкеріс жасау, тонау, ел басшыларын сыйламау сынды ой-сана сіңіп қалған жоқ па?

- Халықтың санасына ұнамаған басшыларды көшеге, көтеріліске  шығу арқылы қуу деген ой сіңіп алды. Ол рас. Әрине, жемқорларды қуу керек, бірақ оны мемлекеттің, жекенің дүниесін талқандамай, тонамай, тәртіпсіздік жолымен емес, бейбіт түрде, заңның аясында реттеуді үйренуіміз қажет. Билікті ауыстыруды үйрендік, бірақ тыныш жолмен, бейбіт түрде іске асыруды әлі үйренбедік. Ішкі миграция көп, осы кезде басқа облыстардан көп адам келіп, тонау тағы да болды. Халық қантөгісті қаламайды. Бірақ түрлі саяси топтар мен олардың жақтаушылары жүр. Сондықтан тағы да атыс, қақтығыс бола ма деген қауіп бар. Қазіргі ахуал қашан тұрақталады, оны Құдай біледі.

- Орта Азия елдерінде жиі кездесетін трайбализм Қырғызстанды да айналып өтпеген сыңайлы. Десе де, президенттеріңіз елдің оңтүстігінен, жаңа премьер-министр солтүстіктен...

- Билік басына жерлестерін тарту, оңтүстік және солтүстік кланы болып бөліну бар. Мансаптағылар маңайына жерлестерін топтастыруға тырысады. Мұндай іс ешқашан тоқтаған емес. Бірақ бұл жолғы саяси жағдайда жершілдік басты рөлге шыққан жоқ. Мәселен, премьерлікке таласып жатқан О. Бабанов пен С. Жапаров солтүстіктен. Екеуі бір өңірден болса да, өзара қалай талас жүріп жатқаны анық байқалып тұр.  

- Бұған дейін елде бір емес, екі революция болды. Сіздердің билік неге содан сабақ алмады, неге бұл жағдай үшінші рет қайталанып отыр?

- Әлбетте, алдын алуға болар еді. Халық сайлаудың нәтижесі толық шықпай жатып алаңға жиналды. Өйткені, Жогорку Кенештегі 120 мандаттың 80%-ын сол бұрынғы жетекші партиялар өзара бөлісіп алғанын түсінді. Митинг түнге дейін жалғасты. Сол кезде президент жылдам шешім қабылдап, халықтың алдына шығып мәлімдеме жасағанда, көтерілістің алдын алуға болар еді. Қазіргі саяси жағдай да басқаша болар ма еді?! Бірақ президент жағдайды толық бағамдай алмады, үлгермеді.

Халық қазір моральдық-психологиялық тұрғыдан шаршаған, елдің экономикасы да қиын. Халыққа заңды жолмен жұмыс істейтін үкімет қана керек. Карантинде отырған, пандемиядан шаршаған халықтың ауыр психологиялық тұрмыстық жағдайы да  революцияның жылдам болуына әсер етті.

Әрбір революция экономикаға, басқару жүйесіне, ел тұрмысының жақсаруына сөзсіз кері әсерін тигізеді. Революция сайын мемлекет экономика, сауда жағынан артқа шегініп жатыр. Көтерілістердің болуынан банк жабылып, қызмет көрсету саласы тоқтады. Сауда орталықтары, дүкендер, өзге де бизнес нысандарының жабылуы халықты күнделікті табысынан айырып, нарықты тұралатты. Карантин кезінде үкімет сырттан қарыз алды. Қырғызстанның сыртқы қарызы қазір 5 миллиард долларға жетіп қалды. Бір миллиондай қырғыз жалданып сырт елдерде жұмыс істеп жүр.

- 6 миллионға толмайтын халқы бар Қырғызстанда 250-ден астам партия тіркеліпті. Бұл жолғы сайлауға 16 партия қатысқан. Аз ғана халқы бар шағын мемлекетке осыншама партияның болуы тым артық емес пе?

- Біз үшін бұл қалыпты, сіздердің ел үшін бәлкім, зиян шығар. Бізде басқару жүйесі партияға негізделген. Мемлекетте партия құруға мүмкіндік бар, оның жолы да жеңіл. Мәселе олардың ары қарайғы жұмыс істеуі мен белсенділігінде. Облыс басшылары, қалалардың басшылары да сол жердегі партиялық кеңестер арқылы сайланады. Тек осы партиялық жүйені жетілдіре алмай, қиналып жатырмыз. Жұмыс істеудің классикалық жолына түспедік. Мәселен, бір партияға мүше бола тұра, басқа партияға жұмыс істейтіндер бар. Егер бұл мәселені шешсек, елдегі саяси ахуал жақсара түсер еді.

- Сұхбатыңызға рақмет! 

Әмірболат Құсайынұлы, Бішкек

Серіктес жаңалықтары