$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.10.2020, 11:02
Сұхбат

Бір жыл ішінде Ұлы Отан соғысында із-түзсіз жоғалған 600 қазақстандық солдаттың сүйегі табылды

«Atamnyn Amanaty» бірлестігі із-түзсіз жоғалған жауынгерлерді іздеумен айналысады

Бір жыл ішінде Ұлы Отан соғысында із-түзсіз жоғалған 600 қазақстандық солдаттың сүйегі табылды

Қазақстаннан екінші дүниежүзілік соғысқа 1 366 000 жауынгер қатысып, солардың  271 503-і із-түзсіз жоғалғандар санатында. 2019 жылдың мамыр айында құрылған «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі бір жыл ішінде қазақстандық 600 жауынгерді тапқан.

Azattyq Rýhy тілшісі «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі қорының құрылтайшысы Әлия Сағымбаевамен тілдесіп, із-түзсіз кеткен жауынгерлерді іздеу жұмыстары қалай жүргізілетінін білді.

- «Atamnyn Amanaty» бірлестігі немен айналысады, бұл ұйымның мақсаты мен бағыттары туралы айтып берсеңіз?

 - Екінші дүниежүзілік соғыста із-түзсіз кеткен қазақстандық солдаттарды жүйелі түрде іздеумен айналысатын ұйым. «Atamnyn Amanaty» бірлестігінің мақсаты – соғысқа аттанған әрбір қазақстандық солдаттың атын мәңгі есте қалдыру. Осы орайда бірлестік қазақстандық солдаттар жерленген жерлерді іздеу, керекті құжаттарға аттарын жазу, олардың есімдерін мәңгі есте қалдыру жұмыстарын ұйымдастырады. Сонымен қатар, бірлестік азаматтық және патриоттық сананың деңгейін көтеру миссиясын атқарып жатыр.

«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. 

  1.  obd.memorial және pamyat-naroda.ru сайттарын қолданып, мұрағаттан қазақстандық солдаттар туралы ақпарат іздеу;
  2. Бұрыңғы ҚСРО аумағында табылған қазақстандық жауынгерлердің туыстарын іздеу;
  3.  Концлагерьде қаза болған қазақстандық солдаттардың туыстарын іздеу;
  4. Қазақстанда із-түзсіз жоғалған солдаттар саны қанша?

Екінші дүниежүзілік соғысқа 1 366 000 қазақстандық жауынгер қатысты. 601 029 жауынгер майданда қаза болды. Олардың 271 503 әлі күнге дейін із-түзсіз кеткен болып есептеледі.

БҚО-дағы ҚАЗБА ЖҰМЫСТАРЫ КЕЗІНДЕ 17 СОЛДАТТЫҢ СҮЙЕГІ ТАБЫЛҒАН

- Жақында батыс Қазақстан облысында қазба жұмыстарын жүргізген екенсіздер, неліктен ол еліміздің батысында жүргізілді?

- Батыс Қазақстан облысындағы Бөкей ордасы ауданы (Сайқын ауылы) соғыс жылдары майдан жанындағы аумақ болып есептелген. Көп мәрте бомбаланған. Астрахан - Саратов теміржолы арқылы қару-жарақ, дәрі-дәрмек және Сталинград шайқасына қатысқан солдаттардың амунициясын тасымалдайтын эшелондар өтетін. Дәл осы факт бомбалауға себеп болған. Астрахан – Саратов теміржолы бойында 40-50 бауырластар зираты бар. Сол жылдары жауынгерлермен бірге, жергілікті тұрғындар да қаза болды. Жерлеу рәсімі дұрыс сақталмай, оларды тез жерлеген. Сондай бауырлас зираттардың тереңдігі үлкен емес. Соғыстан кейінгі жылдары жерді жырту барысында жергілікті тұрғындар қаза болған жауынгерлер мен тұрғындардың сүйектерін тапқан. Қазба жұмыстары Кеңес Одағының батыры Мəншүк Мəметова атындағы iздеу жасағының күшімен өткізілді. Нәтижесінде, 17 солдаттың сүйегі табылды. Олар Ресей, Украина, Беларусь және Татарстанның тумалары. Солардың туыстарын іздеу жұмыстарын «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі өткізеді.

- Бірлестіктеріңізде  қай саланың мамандары жұмыс істейді және жұмыс барысында қандай қиындықтар кездеседі?

Біздің іздеушілер кәсіби мамандар болғандықтан мұрағаттағы құжаттармен қалай жұмыс жасау керек екенін жетік меңгерген. Кез келген адам іздеу жүргізе алмайды, себебі, ресейлік мұрағаттардағы қазақстандық солдаттардың аттары бұрмаланған, көбісі туыстарын бірден танымауы мүмкін. «Штатта 5 іздеуші жұмыс істейді. Олар апта сайын келген өтініштер бойынша мұрағаттан қазақстандық солдаттар туралы ақпарат іздейді, қаза болған және жерленген жері туралы ақпаратты тауып, туыстарына жібереді. Өкінішке қарай, көптеген жауынгерлердің жанында жеке тану белгісі болмаған, сол себептен Ресей, Украина аумағында табылған қазақстандық солдаттардың жақындарын табу қиындайды.

РЕСЕЙДЕН 4 ЖАУЫНГЕРДІҢ СҮЙЕГІН ЕЛГЕ ӘКЕЛГЕН

- Күні бүгінге дейін неше жауынгерді таптыңыздар, іздестіру жұмыстары қалай жүргізіледі?

- Солдаттарды іздеу жұмысы «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігіне келіп түскен өтініштен басталады. Өтініш берушілер сауалнама толтырып, жауынгер туралы толық ақпарат беріп кетуі керек. Сауалнама ішінде солдаттың толық аты-жөні, туған жылы, қай ауылдан, ауданнан, облыстан майданға аттанды, туыстары мен әке-шешесінің аты-жөні, осыған дейін РФ Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатынан ақпарат іздестірілді ме, сол туралы «Atamnyn Amanaty» бірлестігіне толық ақпарат береді. Содан кейін біздің іздеушілер өз жұмыстарын бастайды. Бір жарым жылдың ішінде «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігіне 3000-ға жуық өтініш келіп түсті. Солардың ішінде 600 қазақстандық солдаттың қаза болған және жерленген жерін біздің іздеушілер тауып берді. Ол жауынгерлер туралы хабарды туыстары 75 жыл бойы күткен. Іздеушілер «Атаңыз табылды» деген хабарды айтқанда, солдаттың жақындары көз жасын жасырмай, жылап та алатын сәттер болады.

Өткен жылдың мамыр айынан бастап Ресей аумағында табылған 4 жауынгердің сүйегін елге әкелдік. Олар туған жерлеріне жеткізіліп, осы жақта қайта жерленді.

  1. Мазыбаев Суйінбай, Сүмбе ауылы Ұйғыр ауданы Алматы облысында жерленді.
  2. Аманжолов Медет, Ағадыр ауылы Қарағанды облысында жерленді.
  3. Қайларов Жағыпар, Жетіген ауылы Іле ауданы Алматы облысында жерленді.
  4. Нұғұманов Азықан, Біржан сал ауданы Ақмола облысында жерленді.

Алдағы 10 күннің көлемінде тағы бір солдаттың сүйегі елге әкелінеді. Тікшекеев Қайыржанның сүйегі 2020 жылдың 10 наурызында Киев облысы Макаровский ауданы Боровка ауылында (Украина) жүргізілген іздеу жұмыстары барысында табылды. Елге әкелінген соң немересі Тікшекеев Маратқа ресми түрде табысталады. Батыр Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Дәуқара ауылында жерленеді.

БІРЛЕСТІК РЕСЕЙ, УКРАИНА, БЕЛЬГИЯМЕН ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫСТА ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

- Із-түзсіз жоғалғандардың тізімдерін, олар туралы мәліметтерді қайдан аласыздар?

- Із-түзсіз кеткен қазақстандық жауынгерлер тізімін «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі ресми дереккөздерден алады. Бұрынғы ҚСРО аумағында табылған қазақстандық солдаттар туралы мәліметтерді сол мемлекеттердегі серіктестер, еріктілер және іздеу жасақтары жібереді. «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі Ресей, Украина, Бельгия және т.б. мемлекеттердегі іздеушілер жасақтарымен тығыз байланыста жұмыс істейді.

- Өзіме бірлестік жұмысы өте қызық болып көрінді. Жалпы, жауынгерлерді іздестіру барысында түрлі қызықты оқиғаларға, тың деректерге тап болатын шығарсыздар. Сондай оқиғалардың бірін айтып берсеңіз?

- Жақында Санкт-Петербор қаласында «Иван Сусанин» іздеу жасағы қазба жұмыстарын жүргізген. Ойнаров Ескендір деген қазақстандық солдаттың сүйегін тапты. 1917 жылы туған жауынгер 1943 жылы сәуір айында әскер қатарынан шығып, із-түзсіз кеткен болып есептеледі. Жасақтың командирі «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігіне хабарласып, жауынгердің туыстарын іздестіруге көмек көрсетуді сұрайды. Олардың айтуынша, жауынгер Қызылорда облысы Қазалы ауданының тумасы болып шықты. «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің іздеушілері Қазалы аудандық әскери комиссариатқа хабарласып, туыстарын табады. Оларға хабарласып, жақсы хабарды жеткізгенде, жақын туысы Ойнаров Жетесбай осыдан 2 ай бұрын «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігіне іздеуге өтініш қалдырғанын айтады. Қоғамдық бірлестіктің іздеушілері мұрағаттан ақпарат іздеп жатқан кезде, Ресейде қазба жұмыстары басталып кетеді. Осылайша, екі оқиға бір нәтижеге алып келді.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары