Қойдан көп төл аламыз деп салмағын азайтып алған: ғалым Әбдірахман Омбаев кеңестік тәжірибені еске алды
Сонымен қатар малды шетелден ересек кезінде әкелгеннен гөрі, жас кезінде әкелген дұрыс екенін айтады
Бұрын қаракөл қойының төлділігін арттыру үшін қолданылған биологиялық препараттар малдың салмағын 15-20 пайызға дейін төмендеткен. Сондықтан 1988 жылы оны пайдалануға шектеу қойылды. Көп төл алуға бағытталған тәжірибенің кері әсері туралы ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбдірахман Омбаев Turkistan.kz-ке берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
– Әбдірахман Молданазарұлы, кеңестік кезеңде ауылда өсіп, білім алған қазақ жастарын мектеп бітірген соң бірден жоғары оқу орындарына жібермей, мал шаруашылығы саласында бір-екі жыл еңбек етуге міндеттейтін. Соның салдарынан көп жастың жоғары білім алуға ынтасы өшіп, ауылда қалып қойса, біразы мал шаруашылығы мамандарын даярлайтын оқу орындарына түсуге талпынатын. Сіздің мамандық таңдауыңызға не әсер етті?
– Айтып отырғаның рас, кеңестік кезде сондай бір науқан болды. Бір жағынан, ауыл еңбекшілерінің қатары сиреп қалмасын деген мақсат көзделсе, екінші жағынан, қазақ жастарының жоғары білімді маман болуын қаламайтын қитұрқы саясат екені байқалып тұратын. Дегенмен ол заманда қазақтың көбі ауылда тұрып, ата кәсібі – мал шаруашылығымен шұғылданды. Сондықтан зооветеринар мамандарға қажеттілік болғаны түсінікті.
Қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданына қарасты бұрынғы Қарақұм, бүгінгі Шәмші Қалдаяқ ауылында дүниеге келдім. Мал өсірудің жайын біліп өстім. Мен туған ауылда алғашында түйе шаруашылығы дамыса, кейін қаракөл қой шаруашылығына басымдық берілді. Әкем Қарақұм ауылында бөлімше меңгерушісі болды. Қайда барса да, малға жақын болсын, шаруашылықтың жайын бала кезінен білсін деп мені қасынан тастамай, ертіп жүретін.
Сегізінші сыныптан бастап болашақ мамандығым туралы ойлана бастадым. Ауылға барып, мал шаруашылығында еңбек етуді армандадым. Сол мақсатпен 1966 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түсіп, 1971 жылы тәмамдадым. Оқуды бітірген соң жолдамамен Шымкенттегі Қазақ қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына жіберілдім. Сөйтіп, тағдыр мені ғылым жолына алып келді.
– Ғылымға алғаш қадам басқан кезіңізде ғылыми-зерттеу институтының жағдайы қандай еді?
– 1971 жылдың 1 шілдесінде институтқа аға лаборант болып жұмысқа орналастым. Ол кезде ғылыми-зерттеу институтының құрылғанына небәрі тоғыз жыл болған екен. Ғылымдағы еңбек жолымды ең төменгі сатыдан бастадым. Аға лаборанттан кейін кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі, бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары, кейін институт директоры қызметтеріне дейін көтерілдім. Ғылымда әрбір сатының өзіндік жауапкершілігі, үйретері бар. Солардың бәрінен өттім.
1973-1976 жылдары Мәскеудегі Бүкіл-одақтық мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында білім алдым. 1977 жылы, 28 жасымда, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты атандым. Ғылыми ізденісімді тоқтатпай, зерттеулерімді жалғастыра бердім. 1991 жылы, 42 жасымда, ғылым докторы дәрежесін алдым. Ғылым докторы атанғаныма да 35 жылға жуықтады.
– Бірер жыл аудан әкімі болған кезіңіз де бар. Ғылым жолында жүрген сізге мұндай қызметтің ұсынылуына не себеп болды?
– 1992 жылы қоғам қайраткері Марс Үркімбаев Оңтүстік Қазақстан облысының басшысы болып келді. Сол кезде ол кісі техника ғылымдарының докторы, ҚР Инженер академиясының академигі еді. Өзі ғалым болған соң ғылым адамдарын билікке тартып, елге пайдасын тигізсін деген ойы болса керек. Басшылыққа келгеніне көп өтпей мені шақырып алып: «Әбеке, сіз ғылым адамысыз. Созақ ауданының әкімі болып барсаңыз қалай болады? Бұл – мал шаруашылығы дамыған, қаракөл қойы мен түйе өсіретін үлкен аудан. Мұнда жарты миллионға жуық қаракөл қойы, он сегіз мың түйе бар. Сіздің біліміңіз бен тәжірибеңіз елге керек» деген ұсыныс айтты. Мен оған: «Мен ғылым докторымын. Үш аспирант тәрбиелеп шығардым. Тағы екі аспирант дайындасам, профессор боламын» деп едім. Сонда ол кісі: «Әбеке, заман өзгерді. Жаңа әкімшілік жүйе қалыптасып жатыр, бұрынғы партиялық құрылым жоқ. Мен де Оңтүстікке – атажұртыма келіп қызмет етіп жүрмін. Сіз де ата-бабаңыздың мекеніне барып, елге қызмет етсеңіз дұрыс болар еді», – деді. Сөйтіп, Созақ ауданын екі жылдай басқардым.
– Бірақ көп ұзамай ғылымға қайта оралдыңыз...
– Иә. Оған себеп болған Қазақ ауыл шаруашылығы академиясының президенті, академик Ғани Әлімұлы Қалиев еді. Ол маған: «Әбдірахман, сенің орның – ғылымда. Сен ғылым докторысың, осы саланың барлық сатысынан өттің. Қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында талай жыл еңбек еттің. Енді сол институтқа директор болып қайта баруың керек», – деді. Ол кісі облыс әкімімен ақылдасып барып, маған ұсыныс жасаған екен. Қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын он сегіз жыл басқардым. Бұл кезеңде Қазақстандағы қаракөл қойының саны азайып, саланың бұрынғы бағыттағы дамуы қиындай бастады. Сондықтан институттың жұмысын заман талабына сай қайта бағдарлау қажет болды. Мен институтты тек қаракөл шаруашылығымен шектемей, оның ғылыми әлеуетін кеңінен пайдалануды ұсындым. Сөйтіп, оны «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» бағытына көшіру мәселесін көтердім.
Бұл оңай шаруа болған жоқ. Мәселені Үкімет деңгейінде көтеріп, Премьер-министрге дейін кіріп жүріп, қажетті шешімнің қабылдануына күш салдым. Бүгінде сол институт Шымкент қаласында жұмыс істеп тұр. Мұны өзімнің ғылыми-ұйымдастырушылық қызметімдегі маңызды жұмыстардың бірі деп есептеймін.
2011 жылдың 27 желтоқсанында сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің ұсынысымен Алматыдағы Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтына басшы болып келдім. Мұнда 42 ғылым докторы, 75 ғылым кандидаты, 2 академик және 2 корреспондент-мүше еңбек ететін. Ғылыми әлеуеті зор ұжыммен ортақ тіл табысып, жұмысты бірлесе ұйымдастырдық. Нәтижесінде, зерттеу жұмыстары жаңа қарқын алды.
2018 жылы зейнетке шығып, үйде отырғаныма екі айдай болған кезде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры Тілектес Есполовтың өтінішімен ректордың кеңесшісі әрі Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы кафедрасының меңгерушісі болдым. Бұл – қазіргі зооинженерия кафедрасы. Кейін университет ректоры ауысқан соң, Ақылбек Күрішбаев та менің тәжірибемді қажет деп тапты. Мен жасымның келгенін, біраз шаршағанымды айтқанымда, ол кісі орталық директоры емес, жетекшісі болып қалуымды ұсынды. Қазір де осы орталыққа жетекшілік етемін.
Сонымен қатар университетте және республика көлемінде мал шаруашылығы бағытындағы докторлық және PhD диссертацияларды қорғауға арналған ғылыми кеңестің төрағасымын. Жас ғалымдардың ғылыми жұмыстарын саралап, олардың ізденістеріне бағыт-бағдар беріп отырамын.
2024 жылы Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы қайта құрылып, оның президенті болып университет ректоры Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев тағайындалды. Ол кісі мені шақырып алып, академияда төрт ғылыми бөлімше құрылатынын айтты. Соның бірі – агробиоресурстар және экология бөлімшесі. Маған осы бөлімше төрағасының орынбасары қызметін ұсынды. Қазір осы бағытта да еңбек етіп жүрмін.
Ғылыми жетекшілік жасап, тоғыз ғылым докторын, жиырма тоғыз ғылым кандидатын, сондай-ақ төрт-бес PhD докторын және он бір магистрантты дайындауға атсалыстым. Ғылымда шәкірт тәрбиелеу – өте үлкен жауапкершілік. Өйткені сенің бастаған ісіңді жалғастырып, ғылымның жаңа белестеріне көтерілетін солар.
Бүгінде 523 ғылыми еңбегім, он жетіден астам кітабым мен монографиям жарық көрді. 67 патентім бар. Еңбектерімнің басым бөлігі мал тұқымын асылдандыру, қаракөл қойын өсіру, мал өнімділігін арттыру мәселелеріне арналған.
– Сіздің ғылыми қызметіңіз Қазақстанмен ғана шектелмегені белгілі. Моңғолиядағы жұмыстарыңыз туралы да айтып өтсеңіз.
– Кеңес дәуірінде, 1970-1980 жылдары Моңғолияда үлкен ғылыми жоба жүзеге асырылды. Оның мақсаты – қаракөл шаруашылығын дамыту және қаракөл елтірісінің сапасын арттыру болатын. Сол жобаға ғылыми жетекшілік жасау маған тапсырылды. Ол кезде жиырма сегіз жаста едім.
Жоба аясында зерттеулер жүргізіліп, алға қойылған міндеттер орындалды. Моңғолия тарапынан еңбегімізге жоғары баға беріліп, алғыс хаттар, медальдар табысталды.
2010 жылы Халықаралық ауыл шаруашылығы конференциясына қатысу үшін Моңғолияға қайта бардым. Сол елдің Ауыл шаруашылығы академиясының президенті мені бұрынғы ғылыми жұмыстарым арқылы таныпты. «Сіз 1977-1980 жылдары Моңғолияда еңбек етіпсіз ғой» деп ілтипат білдіріп жатты. Мені арнайы қарсы алып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне апарды. Сол жерде Моңғолияның ауыл шаруашылығына сіңірген еңбегім үшін құрметті атақ берілді. Кейін, 2013 жылы, Моңғолия Ауыл шаруашылығы академиясының академигі атандым. Мұның барлығы – бұрынғы ғылыми еңбектердің халықаралық деңгейде мойындалуының белгісі деп санаймын.
Ірі ғылыми жұмыстарымның бірі – Ордабасы қой тұқымын шығаруға қатысуым. Бұл бағыттағы зерттеулерім арнайы еңбектерімде толық жазылған. Қазақстанда ақ түсті қаракөл қойын шығаруға да атсалыстым. Бұрын қара түсті қаракөл қойы басым болатын.
Мал тұқымын асылдандыру дегеніміз – бір ғана түсті өзгерту емес. Оның тұқымдық қасиетін, өнімділігін, өміршеңдігін, табиғи ортаға бейімділігін қатар сақтау керек. Мұның бәрі ұзақ жылдық ғылыми ізденісті қажет етеді.
Тағы бір ерекше зерттеу бағытым – ақ түйе. Ғылыми зерттеу үшін ақ түйелердің арнайы табынын қалыптастырдым.
– Еңбектеріңіз өзге елдердің жоғары оқу орындарында да оқытылып жүрген көрінеді. Самарқандағы оқиға соның бір дәлелі болса керек?
– Иә, бір қызық жағдай болды. Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясы – зоотехния ғылымы саласында бұрыннан танымал оқу орындарының бірі. Бірде сол академияға барған Самарқандағы ветеринария, мал шаруашылығы және биотехнология бағытындағы университеттің ректоры дәріске қатысыпты. Профессор қаракөл шаруашылығы туралы жақсы дәріс оқыпты. Дәрістің соңында «Біздің дәрісіміз қазақстандық ғалым Омбаевтың кітабы негізінде жасалды» деп менің кітабымды көрсетіпті. Бұған таңданған ректор Самарқанға оралған соң ғалым-оқытушыларды жинап: «Қаракөл шаруашылығының отаны – біздің өңір. Ал Мәскеуде дәріс қазақстандық ғалым Омбаевтың кітабы бойынша өтіп жатыр. Бұл қалай?» деп сұрапты. Ол кезде сол университеттің бір профессоры: «Ренжімеңіз, ол кісі – біздің ұстазымыз. Қаракөл шаруашылығын зерттеген, бұл салада үлкен еңбек сіңірген ғалым» деп жауап берген екен. Осы оқиғадан кейін мені Самарқанға шақырды. 2024 жылдың күзінде сол университеттің құрметті профессоры атандым. Ғалым үшін өз еңбегінің басқа елдің оқу орнында пайдаланылып, жас ұрпаққа білім беруге қызмет етуінен асқан мәртебе жоқ деп ойлаймын.
– Енді негізгі ғылыми бағытыңызға ойыссақ. Кеңес дәуірінде Қазақстандағы қой санын елу миллионға жеткізу туралы ұран болғаны белгілі. Алайда бұл мақсат неге толық жүзеге аспады?
– Қазақ халқының ежелгі тіршілік көзі, ата кәсібі – төрт түлік мал. Қазақстанның жерасты байлығы бар, егін шаруашылығы бар. Бірақ тарихи тұрғыдан қарасақ, қазақтың дәстүрлі шаруашылығы – мал өсіру.
Кеңес дәуірінде қой санын елу миллионға жеткізу туралы ұран көтерілді. Алайда мұндай меже белгілемес бұрын жердің табиғи мүмкіндігін, жайылымның өнімділігін, өсімдік әлемінің жағдайын жан-жақты зерттеу керек еді.
Мен бұл мәселеге ғылыми тұрғыдан қарадым. Табиғаттың тепе-теңдік заңы бар. Оны адам баласы ешқашан естен шығармауы керек. Күн мен түн, ақ пен қара қандай өзара үйлесімде болса, өсімдік әлемі мен жануарлар дүниесі де сондай табиғи тепе-теңдікте болуы қажет. Егер осы тепе-теңдік бұзылса, ақырында табиғаттың өзі зардап шегеді.
Тарихқа қарасақ, 1887, 1914, 1928 жылдары елімізде үлкен жұттар болған. Одан кейін де мал шығынына әкелген ауыр кезеңдер кездесті. Әсіресе, 1969 жылғы қатты суық пен жұт мал басының күрт азаюына себеп болды. Мұның бір себебі – жайылымның табиғи мүмкіндігін ескермей, мал басын шектен тыс көбейту. Өсімдік әлемі жануарлар дүниесін қажетті қорекпен қамтамасыз ете алмай қалса, табиғи жүйе бұзылады. Оның үстіне жануар дегеніміз тек үй малы емес. Жабайы аңдар, тышқандар, түрлі тіршілік иелері де сол жердің өсімдік қорын пайдаланады.
Қазақстанда 187 миллион гектар жайылым бар. Бұл көрсеткіш бойынша әлемде бесінші орындамыз. Бірақ жайылымның бәрін бірдей өнімді деп қарастыруға болмайды. Оның 126 миллион гектары шөлді және шөлейтті аймақтарға жатады. Ол жерлерде өсімдік жамылғысы сирек, табиғи қорек шектеулі. Мұндай жайылымдарда қаракөл қойын, қазақы қойды, жылқы мен түйені өсіруге болады. Ал сиыр малының қоректік қажеттілігі басқа. Оны шөлейт жайылымға көптеп жіберіп, жоғары өнім аламыз деу қиын.
Сондықтан, менің ойымша, Қазақстан үшін отыз миллион қой – табиғи мүмкіндіктерге сай келетін меженің бірі. Әрине, елу миллионға жеткізуге де болады. Бірақ ол үшін жайылымды жақсарту, мал азығын дайындау, жердің өнімділігін арттыру қажет. Ең бастысы – өткен тәжірибені зерттеп, ғылыми негізделген шешім қабылдау.
– Демек, мал санын көбейту ғана емес, оны өсіру технологиясын жетілдіру де маңызды ғой?
– Әрине. Біздің кезімізде малды қашырудан бастап, төлді өсіріп, одан өнім алуға дейінгі бүкіл технологияны ғылыми тұрғыдан зерттедік. Малдың төлдеу кезеңі, төлдің күтімі, азықтандыру, өсіру, өнім алу – бәрінің өзіндік технологиясы бар. Бүгін де сол ғылыми тәжірибелер қажет. Мемлекеттік шаруашылықтар бұрынғыдай болмаса да, жеке кәсіпкерлер ғылыммен байланыс орнатып жатыр. Мысалы, түйе санын бес мыңнан асырып, әлемнің ең үлкен түйе керуені номинациясымен Гиннестің рекордтар кітабына енген Сыдық Дәулетов деген кәсіпкер бар. Бұл жетістік шаруашылық басшысы Сыдық Әбуұлының жеке еңбегінің нәтижесі ғана емес, ғалымдармен бірлесе жұмыс істеуінің арқасы. Ол қай жерде мал өсіруге болатынын, қандай жағдайда қандай тұқымды ұстау керегін мамандармен ақылдасады. Ғалымдардың ұсыныстарын тәжірибеге енгізеді. Сол сияқты Алакөл жақта Бауыржан Оспанов деген азамат үлкен шаруашылық құрған. Төрт түлік мал өсіріп, оны дамытудың технологиясын қалыптастырып жатыр. Мұнда да бұрын менің қолымда еңбек еткен ғалымдар, шәкірттерім жұмыс істейді.
Ғылым мен өндіріс бір-бірінен ажырамауы керек. Ғалым зертханада зерттеу жүргізіп қана қоймай, оның нәтижесінің нақты шаруашылықта қолданылуына да мүдделі болуға тиіс. Қазіргі Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының құрылуымен бұл бағытта жаңа өзгерістер басталды. Бұрын жүргізілген ғылыми зерттеулерге қайта талдау жасалып, олардың қайсысы бүгінгі күнге қажет, қайсысын дамыту керек деген мәселелер қарастырылып жатыр. Бұрын әркім өз ұсынысын жасап, кейде орындалған зерттеулерді қайталап жататын. Енді ғылыми ізденістерді жүйелеуге, ортақ бағыт қалыптастыруға мүмкіндік туып отыр. Бұл болашақта үлкен нәтижеге жеткізеді деп ойлаймын.
– Мал санын көбейту демекші, бір кезде қаракөл қойының төлділігін арттыру үшін түрлі тәжірибелер жасалғанын естиміз. Солардың тиімділігі қандай болды?
– Иә, бұрын қаракөл шаруашылығында қойдың төлділігін арттыру үшін арнайы биологиялық препараттар қолданылған. Соның бірі – СЖК. Ол буаз биенің қанынан алынатын препарат болатын. Құрамындағы биологиялық белсенді заттар аналық малдың жыныстық қызметін қоздырып, бірнеше төл алу мүмкіндігін арттыратын. Бірақ табиғаттың өз заңы бар. Көп төл алынғанымен, осындай тәжірибелердің салдарынан қаракөл қойының салмағы 15-20 пайызға дейін төмендеген жағдайлар болды. СЖК арқылы алынған қозылардың бірқатары ұсақ болып туды. Ал біз олардың ішінен болашақ аналық және аталық мал қалдырамыз. Демек, мұндай малдың ұрпағы да өнімділік жағынан әлсіз болуы мүмкін. Сондықтан 1988 жылы бұл препаратты пайдалануға қатысты арнайы үкіметтік шешім қабылданып, қолдануға шектеу қойылды. Оны тек кәрі аналық малға белгілі бір мақсатта қолдануға рұқсат етілді.
Менің айтарым – мал шаруашылығында табиғилықты сақтау керек. Өнімділікті арттыру жолында малдың дене бітімін, төзімділігін, тұқымдық қасиетін әлсіретіп алмауымыз қажет. Көп төл алу – өз алдына мақсат емес. Ең бастысы – сапалы, өміршең, келешекте жақсы тұқым беретін мал өсіру.
– Қазір шетелден асыл тұқымды қойлар мен басқа да мал түрлері әкелініп жатыр. Оларды Қазақстан жағдайына бейімдеу қаншалықты қиын?
– Мал әкелу, тұқым алмастыру, асылдандыру жұмыстары әрқашан жүріп жатады. Бірақ мұндағы ең басты мәселе – жерсіну. Шетелден әкелінген мал жаңа табиғи ортаға бейімделуі керек. Мысалы, малды ересек кезінде әкелгеннен гөрі, жас кезінде әкелген дұрыс. Өйткені жас мал жергілікті климатқа, жайылымға, суға, азыққа біртіндеп үйренеді. Әрине, жерсіндіру кезінде белгілі бір шығын болуы мүмкін. Бірақ сол ортада өскен ұрпағы жергілікті жағдайға жақсы бейімделеді.
Әсіресе, ірі денелі асыл тұқымды малды жерсіндіру оңай емес. Сырттан әкелінген малдың көлеміне немесе салмағына ғана қарап шешім қабылдауға болмайды. Оның жергілікті жайылымда қалай өсетіні, қандай өнім беретіні, ұрпағының сапасы – бәрі зерттелуі керек.
– Еділбай, арқар-меринос, қазақы қой тұқымдарының ерекшелігі неде?
– Еділбай қойы – қазақтың бренді деуге болады. Бұл – халықтық селекция арқылы қалыптасқан, қазақ даласының табиғи жағдайына бейімделген қой тұқымы. Оның нақты қай кезеңде пайда болғаны, неліктен Еділбай аталғаны жөнінде тарихи деректер әртүрлі. Бірақ бұл тұқымның атадан балаға жалғасып келе жатқаны анық.
Еділбай қойы Қазақстанның көптеген өңіріне жерсінген. Қазақы қоймен салыстырғанда, оның құйрығы ірі, еті молырақ. Әлемдік деңгейде де жоғары бағаланған тұқымдардың бірі. Құйрық майы мен тірілей салмағы жағынан гиссар қойынан кейінгі орындардың бірінде тұрады.
Біздің ата-бабамыздан қалған дәстүрлі мал тұқымдары аз емес. Еділбай қойы, қазақы қой, жабы жылқысы, адай жылқысы, түрікменнің аруана түйесі секілді тұқымдар – өңіріміздің табиғатына бейімделген мал түрлері. Қазақтың өз ешкілері де болған. Ал арқар-меринос қойы кейінгі ғылыми селекцияның нәтижесінде пайда болды. Өткен ғасырдың қырқыншы-алпысыншы жылдары биязы жүнге сұраныс жоғары болды. Сол кезде жүн сапасын жақсарту мақсатында арқар мен меринос қойын будандастыру арқылы жаңа тұқым шығарылды.
Меринос қойларының негізі жергілікті қойларды Ресей мен Англиядан әкелінген қошқарлармен асылдандыру арқылы қалыптасты. Бұл жұмыстар бірнеше онжылдыққа созылды. Қазақстан ғалымдары осы бағытта үлкен еңбек сіңірді. Бірақ уақыт өте келе жүнге деген сұраныс өзгерді. Бұрын биязы жүн өте қажет болса, қазір мал шаруашылығында ет өндіруге басымдық беріліп отыр. Соның салдарынан кейбір қой тұқымдарының саны азайды.
– Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы жөніндегі бастамаларына қандай баға бересіз?
– Мен Мемлекет басшысының бұл салаға қатысты пікірлерін мұқият қадағалап отырамын. Осыдан екі жыл бұрын мал шаруашылығына бет бұру қажеттігін айтқан еді. Өткен аптада Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумында да осы мәселеге арнайы тоқталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Кейінгі жылдарда ата кәсіппен айналысатын бизнес өкілдеріне несие беру көлемі ұлғайды. Асыл тұқымды мал сатып алуға баса назар аударылатын болды. Жаңа фермалар мен бордақылау алаңдары салынып жатыр. Мәселен, былтырдан бері 71 тауарлы сүт фермасы іске қосылды, 33 бордақылау алаңы салынды. Енді осы өндіріс орындарының тиімді әрі тұрақты жұмыс істеуі үшін қажетті жағдай жасау керек.
Шаруашылықтарды сапалы жем-шөппен қамтамасыз еткен жөн. Дайын өнімді өткізу мәселесі де шешімін табуға тиіс. Жайылымдардың өнімділігін қалпына келтіруге және егістік көлемін ұлғайтуға ерекше көңіл бөлген абзал. Су көздері де шаруа қожалықтары үшін қолжетімді болуы керек. Бұған қоса, ветеринария саласын жаңғыртуға айрықша мән беру қажет.
Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының ұйғарымына сәйкес, Қазақстан ящур ауруынан таза аймақ ретінде танылды. Бұл – ет және басқа да мал шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа шығару үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады деген сөз. Соны тиімді пайдалану керек. Мал басын есепке алу жүйесін жетілдіріп, зертханалық диагностиканың сапасын арттыру қажет» деп атап көрсетті.
Бұл – елімізде мал шаруашылығын өркендетуге мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп отыр деген сөз. Енді осы бағытта көп жұмыс атқарылуға тиіс. Біз шикізат өндіреміз, бірақ оны терең өңдеу жағы әлі де жеткіліксіз. Бұрын өндірілген өнімнің көп бөлігі сыртқа шығарылып, оны өңдеуден түсетін негізгі пайда басқа орталықтардың қолында болды. Қазақстан өз шикізатын өндіріп қана қоймай, оны өзі өңдеп, дайын өнім шығаруы керек. Демек, елімізде мал шаруашылығын күшейту қашанда басты стратегиялық бағыттардың бірі болып қала береді.
– Әңгімеңізге рақмет!