Эксклюзив: топан судың астында қалған Ыстамбұлдағы қазақ студенті соңғы жағдайды баяндап берді

Автор: Бақыт Шынар

Ботагөз Мақыш Түркияның төтенше қызметтері қалай жұмыс істегенін де баяндады

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Ыстамбұл қаласы соңғы 41 жылда болмаған алапат тасқынның астында қалды. 2026 жылдың 14 қазаны күні шелектеп құйған жаңбырдың соңы селге ұласып, қаланың көп бөлігі су астында қалды. Түркияның Төтенше жағдайлар қызметіне кемі екі адамның қаза тапқанын растады. Өкінішке қарай, 14 жастағы бозбаланы тоқ соғып көз жұмса, 34 жастағы ер адамның аяғы суға тайып, қатты соққыдан көз жұмған. Одан басқа, мыңдаған үйді су басып, жүздеген көлік сел астында қалған. Осындай жойқын су тасқыны кезінде Ыстамбұлда тұратын қазақстандықтардың жағдайына алаңдағаннан соң, Azattyq Rýhy бірнеше жылдан бері Түркия елінде білім алып жүрген жерлесіміз Ботагөз Мақыштан сұхбат алып, селге қатысты экслюзив ақпарат алдық.

- Ботагөз, қазір Ыстамбұлдағы, сіз оқитын өңірдегі жағдай қалай? Қаладағы соңғы оқиғалар студенттердің күнделікті өміріне, сабақ процесіне қаншалықты әсер етті?

- Менің оқуым негізінен кешкілік, сағат жетіден басталатын оқу. Сондықтан мұндай жауын-шашын басталғанда, мәселен, қыста қалың қар жаусын, жазда қатты жаңбыр жаусын, оқу тоқтайды. Бұл жолы мұндай ұзақ жаңбыр болатыны айтылған болатын, яғни, 4–5 күн тоқтаусыз жаңбыр жауатыны ескертілді. Алайда төтенше жағдай болуы мүмкін, сел жүреді немесе су тасқыны болады деген арнайы ескерту келген жоқ. Сондықтан , алдыңғы күні таңертең Ыстамбұл халқы әдеттегідей қоғамдық көлікпен жұмысына шыққан болатын. Аяқ астынан, кенеттен жауған жаңбыр шелектеп құйды. Жұмысқа шыққандардың арасында су астында қалғандар жоқ шығар, бірақ жаңбырдың астында қалған адамдардың бірі – өзіммін.

Құдайға шүкір, селдің ортасында қалып, белшемнен су кешкен жоқпын. Ыстамбұл ұзыннан-ұзын созылып жатқан қала болғандықтан, оның әр жеріндегі жағдай бірдей емес. Қаланың географиялық орналасуы ерекше болғандықтан, таулы жерлерде толассыз жауған жаңбыр сулары теңізге құятын болғандықтан, бәрі бір-біріне қосылып, соңында су тасқынына ұласып кетті. Бірақ тасқын бүкіл Ыстамбұлды басып қалды деуге келмейді.

-Университеттегі немесе жатақханадағы қазақстандық студенттердің көңіл-күйі қалай? Қауіпсіздік шаралары немесе сақтық ережелері бойынша қандай дa бір арнайы нұсқаулық болды ма?

- Университет пен мектептегі оқу тоқтады. Өйткені төтенше жағдай жарияланды. Яғни, үш күн бойы мектеп пен университеттерде сабақ болмайды. Бұл, біріншіден, адамдардың қауіпсіздігі үшін және көшедегі кептелісті азайту үшін жасалып жатқан шара. Және бұл жайында ескерту теледидардан да, радиодан да хабарланды. Сондай-ақ әрбір түрік байланыс абонентіне жеке ескерту келді.

-Ыстамбұлдағы Қазақстанның консулдығымен немесе студенттік ұйымдармен байланыс бар ма? Отандастар арасында бір-біріне көмектесу, ақпарат тарату қалай жолға қойылған? Оның қажеттігі болды ма?

- Ыстамбұлдағы Қазақстан консулдығымен арнайы байланыс жоқ деп ойлаймын. Өйткені өз басым осы уақытқа дейін бір де бір рет байланысып, тіпті көмек сұрап жүгінген жоқпын. Оның қай жерде орналасқанын да білмеймін. Сондықтан «мынау Қазақстаннан келген жерлес екен, нөмірі осындай екен, қалыңыз қалай» деп ешкім жағдайымызды сұрап жатқан жоқ. Көппен бірге өмір сүріп жатырмыз.

Ал отандастар арасында бір-біріне көмектесу мәселесіне келсек, араласатын құрбы-құрдастар, достарымызбен арнайы топтарымыз бар. Сол жерде бір-біріміздің саулығымызды сұрап, «бүгінгі қауіп-қатерден амансыздар ма?» деп хабарласып жатамыз. Ал консулдыққа хабарласу үшін аса бір қажеттілік те болған жоқ.

- Қалада қатынау, интернет, көлік қозғалысы немесе басқа да күнделікті инфрақұрылым жағынан қандай дa бір қиындықтар немесе шектеулер байқала ма?

-Қаладағы қатынас сұрағына келсек, жаңа жоғарыда айтқанымыздай, көлік кептелісін азайту үшін мектеп пен университеттердегі оқу тоқтады. Және кейбір мемлекеттік мекемелер де қашықтан жұмыс істеуге көшті дегенді естідік. Соның арқасында бүгін көшеге шыққанда қатты көлік кептелісі байқалған жоқ. Су астында қалған жағдайларды да жеке басым көрген жоқпын. Жарық сөнген жоқ, интернет істеп тұр, тек қана көлік кептелісі болды. Бүгін ондай кептеліс байқалмады. Сондықтан аса бір шектеу көрген жоқпын. Бірақ құрбыларымның айтуынша, кейбір метро станцияларын су басқан.

-Елдегі ата-ана мен жақындарыңыз әрине алаңдап жатқан болар. Олармен байланыстасыз ба?

-Анам қасымда, маған қонаққа келген.

-Қаланың құтқарушылары, коммуналдық қызметі жалпы біздің тілмен айтқанда әкімдігі қалай жұмыс істеп жатыр, қалай бағалайсыз?

- Негізі, қызметтер мұнда шапшаң жұмыс істейді. Бірақ жергілікті халықтың айтуы бойынша, су басқан жерлердің көбі кезінде егістік алқабы, орман болған. Соның барлығын құртып, бетонды қалаға айналдырып, үй салып тастағаннан кейін судың табиғи жолмен ағатын арналары бітеліп қалған. Бұл осындай су тасқынына себеп болып отыр дейді. Жүйесіз немесе нормадан тыс салынған құрылыстың салдарынан су тасқынына душар болып отырмыз деген жергілікті халықтың өкпе-назы бар.

Бейресми ақпарат бойынша, су тасқынының салдарынан екі адам қайтыс болды деген дерек бар. Төтенше жағдайлар қызметінің телефондарына 2500–3000-ға жуық қоңырау шалынған. Бізге жіберілген арнайы 153 деген нөмірден келген хабарламалар саны да осы шамада болды деген болжам бар. Қазіргі кезде сол төтенше жағдайдың салдары жойылып жатыр, ауа райы жақсы, кешегі жаңбыр болмаған сияқты.

-Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет?