«Биыл әскери сапқа қабылданатын 3 әйелдің біреуі»:  Ұлттық ұландағы алғашқы кинолог қыз кім

Аружан Жүнісова бала күнгі арманын орындау үшін мамандығын  ауыстырған

«Биыл әскери сапқа қабылданатын 3 әйелдің біреуі»:  Ұлттық ұландағы алғашқы кинолог қыз кім
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

«Аружан нәзіктігі мен қайсарлығын қатар алып жүріп, қыз баланың осы салада да орнын таба алатынын көрсетті».  Бұл – кинология орталығы басшысының жас маманға берген бағасы. Әскери қызметте жынысқа емес, кәсібилік пен жауапкершілікке мән беріледі. Ал қызметтік иттерді үйрету үшін табандылықпен қатар, сабыр мен қамқорлық та қажет. Бала күнінен әскери қызметші болуды армандаған Аружан Жүнісова бүгінде осы талаптарға сай маман болуға ұмтылып жүр. Ол – әскери кинология бағытына келген алғашқы қыз. Azattyq Rýhy тілшісі кейіпкердің әскери ортадағы өмірі жайлы біліп, кинолог мамандармен  сұхбаттасты.

«Әскери қызметкер болу – арманым. Десе де мектепті аяқтаған соң медицина бағытын таңдауға тура келді. «Жалпы тәжірибелік мейіргер ісі» мамандығы бойынша білім алып, әлеуметтік бейімдеу орталығында екі жыл  жұмыс істедім», – дейді ол.

Ал әскери қызметке келуіне жақын адамы себеп болған. Айтуынша, Рабиға есімді құрбысынан әскери кинолог бағыты жайлы естіген.

«Осылайша, өзім үшін жаңа әрі жауапты салаға қадам бастым. Алға қойған мақсатым – өз ісімді жетік меңгерген, тәртіпті, табанды әрі ел алдындағы міндетіне адал маман болу», – деп жауап берді Аружан.

Осы саланың жауапкершілігі жайлы ҚР ІІМ Ұлттық ұланы кинология орталығының басшысы, полковник Альмир Файласов та тілге тиек етті.

«Қызмет барысында қырағылық пен тәртіп, батылдық пен кәсібилік алдыңғы орынға шығады. Өйткені қызметтік итпен тіл табысу үшін бұйрық беру аз. Оның мінезін түсініп, сеніміне ие болу қажет. Әскерде бұл жолды таңдаған қыздар санаулы ғана. Бірақ Аружан қыз баланың осы салада да  орнын таба алатынын көрсетті», –  деді полковник Альмир Файласов.

Альмир Радиковтің айтуынша, әскери ұжымдағы әйелдердің үлесі жылдан-жылға артып келеді. Ұлттық ұланда нәзік жандар штабтық жұмыстан бастап, тәрбие, медицина, авиация, кинология, психология және басқа да жауапты бағыттарда кәсіби біліктілігімен, табандылығымен және жоғары жауапкершілігімен ерекшеленіп, әскери бөлімнің ортақ міндеттерін орындауға елеулі үлес қосып келеді.

Биыл әскери сапқа 3 әйелді қабылдау жоспарланған. Бұл жөнінде орталықтың материалдық және техникалық қамтамасыз етуді ұйымдастыру қызметінің бастығы, подполковник Жантөре Серікбайұлы мәлім етті.

Қазір тағы нәзік жан қатарға қосылу үшін медицалық комиссидан өтіп жатыр.

«Кинология орталығына орта және орта арнаулы білімі бар, мерзімді әскери қызметтен өткен азаматтар қабылданады. Әйел үміткерлерден қосымша медициналық немесе ветеринарлық білім талап етіледі. Кандидаттар алдымен қызметтің шарттарымен танысып, қажетті құжаттарын жинайды және әскери-медициналық тексеруден өтеді. Құжаттары мақұлданып, аттестациялық комиссиядан өткен соң, бөлім командирінің бұйрығымен қызметке тағайындалады. Сонымен қатар жануарларды жақсы көріп, иттерді үйретуге ынталы болуы маңызды», –  деп түсіндірді Жантөре Меңдоразов.

Осы кезеңнің барлығынан өткен Аружан «әр жұмыстың өз қиындығы бар, бірақ уақыт өте келе барлығына да үйренуге болады» дейді. Әрі отбасында ер балалардың арасында өскен соң бойжеткен ер мінезді екенін жасырмады.

Кейіпкеріміздің жаңа ортаға үйренісіп, өзін жақсы қырынан көрсетіп  жүргенін әріптестері де мақтанышпен айтады.

«Аружан біздің ұжымға тамыз айында қосылса да, кинология орталығының оқу взводынан білім алып, өз бағытының қыр-сырын өте жылдам, жетік меңгеріп алды. Ол екі қызметтік ит алды. Оның бірі –  жеті айлық Белгия овчаркасы  Боня. Аружан екеуі екі көрмеге қатысып, дипломмен оралды. Екінші күшік –  үш айлық орыс спаниелі. Қазір Аружан оған пәрмендермен жұмыс істеуді үйретіп жатыр. Жетістіктері жаман емес. Алты айға толғаннан кейін, есірткі іздеу бойынша біліктіліктерін арттыратын.

 Аружанның қабілеті, жалпы өзінің мамандығына деген махаббаты бөлек, кәсіби көзқарасы, жауапкершілігі өте жоғары. Жануармен жұмыс істеу үшін осындай кең жүрек, жылы мінез бен қамқорлық ауадай қажет», – дейді 6654 әскери бөлімінің қызмет басшысы, подполковник Жантөре Меңдоразов.