«Жәндік шаққаннан кейінгі аллергия бір сағат ішінде басталады»: инфекционист-дәрігер өмір мен өлім арасындағы сәт туралы айтты
Сондықтан жәндік шаққаннан кейін басталатын аллергияны басқа аллергиядан ажырата білу керек
Күн жылына халық жаппай табиғат аясына шыға бастайды әрі сол демалыс кезінде шыбын-ширкей шағып алса, қалыпты жағдай деп қабылдайды. Дегенмен кез келген жәндіктің уы ауыр аллергиялық реакцияға апаруы мүмкін. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат берген дәрігер-инфекционист Әнел Маратқызы кеңінен әңгімелеп берді.
Жәндік шаққан кезде ағза қандай әрекетке көшеді
Дәрігердің айтуынша, денеге енген кез келген затты иммундық жүйе үнемі «бөгде дүние» деп қабылдайды. Ол жәндіктердің сілекейіне де қатысты әрекет. Сондықтан шаққан жер бірден қызарып, ісініп, қыши бастайды.
«Бұл – ең жиі кездесетін, қалыпты реакция. Әдетте, жәндіктің шаққан орны ғана қышып, уақыт өте басылады», - дейді маман.
Алайда, дәрігердің айтуынша, кейде адамның денесі тек қышып қана қоймай, ісіне бастайды, ол ісіну әлдеқайда ауыр формаға ауысып, арты ажалға апаруы мүмкін.
«Ара, сона, есекара сияқты жәндіктердің уы әлдеқайда қауіпті. Олар кейбір адамды шаққанда тек қышып қоймай, уы бүкіл ағзаға әсер етуі ықтимал», - деді дәрігер.
Қауіпті қалай аңғаруға болады?
Егер ісік бір жерде ғана болса, тіпті үлкен болса да – бұл көбіне жергілікті реакция екенін білдіреді. Ол кезде шаққан жердің орнына салқын зат басып, антигистаминдік препарат қабылдау жеткілікті. Ал егер дененің басқа бөліктерінде бөртпе шығып, әлсіздік, бас айналу, тыныс алудың қиындауы байқалса, бұл әдеттен тыс жағдай болып есептеледі. Мұндай белгілер ағзаның күрделі реакцияға көшкенін көрсетеді.
«Ең қауіптісі – анафилаксия. Ол көбіне алғашқы минуттарда, кейде бір сағат ішінде басталады. Алғашында алақан мен табан қышып, денені ыстық басқандай болады. Кейін тамақта бірдеңе тұрғандай сезім пайда болып, дауыс қарлығып, тыныс тарылуы мүмкін. Әрі қарай жағдай күрт нашарлап, адам есінен тануы да ықтимал» - дейді маман.
Ондай белгілердің бірі байқалса, күтіп отыруға болмайды. Дереу жедел жәрдем шақыру керек. Айта кетерлігі, жәндік шаққанда балалар ағзасы ересек адамға қарағанда тез реакция береді. Әсіресе бет пен мойын тұсынан шақса, ісік тыныс жолына әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайларға аса мұқият қараған жөн.
«Кене шаққанда қауіп тіпті басқа. Мұнда аллергиядан гөрі инфекциядан қорыққан жөн. Кенені қалай болса солай алуға болмайды. Май құю, тұншықтыру сияқты тәсілдер керісінше зиян келтіреді. Оны пинцетпен теріге жақын жерден ұстап, ақырын суырып алу керек. Сосын орнын өңдеп, бірнеше күн өз жағдайыңды бақылау маңызды. Себебі, кене арқылы берілетін аурулар бірден білінбейді» - деп ескертеді инфекционист.
«Жәндік шаққандағы қауіпті көп адам елемейді»
Көп адам жәндік шаққан кездегі алғашқы қауіпті белгілерді елемейді, дейді маман. Бірі шаққан жерді кесіп, «уын шығарамын» деп ойлайды. Енді бірі халық арасында таралған түрлі әдістерді қолданады.
«Бұлардың ешқайсысы көмектеспейді, кейде жағдайды ушықтырып жібереді», - дейді маман.
Жәндіктен қорғанудың ең ұтымды тәсілі – алдын алу. Яғни, табиғатқа шыққанда тамақтың бетін ашық қалдырмау, шөптің үстімен жалаңаяқ жүрмеу, тәтті сусынды абайлап ішу. Одан бөлек, ашық түсті киім мен өткір иіс – жәндіктерді тартатынын да ескерген жөн екенін айтады дәрігер.
«Әрине, көбіне шыбын-ширкейдің шаққан орны өзі кетеді. Бірақ кейде ол күтпеген қауіпке айналады. Сондықтан «өтіп кетеді» деп қарамай, белгілерге мән беру керек. Кейде дәл сол бір сәттік назар адам өмірін сақтап қалуы мүмкін», - дейді Әнел Маратқызы.