$ 504.76  593.8  6.5
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Алты балалы отбасы шетелге саяхат ұтып алды»: Orda FM радиосы тыңдарманын қалай қуантты

Orda FM радиосы тыңдармандармен кері байланысты күшейтіп келеді 

«Алты балалы отбасы шетелге саяхат ұтып алды»: Orda FM радиосы тыңдарманын қалай қуантты
Фото: Айкерім Есенәлінің жеке мұрағатынан

Orda FM радиосы тыңдарман үшін жаңа жобалар мен интерактивті форматтарды іске қосты. Эфирдегі контент, музыкалық плейлисттер, викториналар мен интерактивті шоулар тыңдарман талғамына сай жаңарды. Orda FM директоры Айкерім Есенәлі Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында радиодағы жаңа жобалар, кері байланыс әдістері, отандық музыка және жас мамандарға беріліп жатқан тәжірибе мүмкіндіктері туралы айтып берді.

- Айкерім Маратқызы, биыл мамырда Orda FM радиосының басшылығына келген кезде тыңдарманды қызықты жобалар мен жаңа бастамалар күтіп тұрғанын айтқан едіңіз. Осы қысқа уақытта қандай жаңалықтар болды?

- Радионы кім тыңдайды? Кеңседе қызметкерлер, үйде ата-әжелер, ата-аналар онлайн радионы тыңдайды, көлік жүргізушілері жолда тыңдайды. Тыңдарман - әр түрлі әлеуметтік топ, жан-жақты бағыттағы қызметтегі, сан алуан жас ерекшеліктегі жандар. Сондықтан жаңашылдық жүзеге асу үшін ең алдымен аналитикалық талдаулар таразылану керек. Дәл осы радио саласында 15 жыл еңбектенген тәжірибеден түйген тәсілдермен тыңдарман талғамын талдап, соған лайықты контентті таңдауға күш салдық. Ең бірінші, әрине, эфирде қоғам үшін өзекті мәселелерге мән беретін жобалар шығып отыр. Қаржылық сауат, еңбек адамдарына құрмет, қызмет адалдығы, таза ниет секілді идеологиялық бағыттарға негізделген жобаларды радиоформатқа сай ұсынып отырмыз. Одан кейін тыңдарманмен кері байланысқа фокус қойдық. Таңғы шоуда радиожурналистеріміз Quiz форматында сұрақтар қойып, танымдық әрі тың ақпараттарды беріп, талғамды музыкамен үйлестіріп отырады. Тыңдарман үшін өзекті жаңалықтар да, маңызды идеологиялық месседждер де форматқа сай ұсынылады. Мұндағы мақсат айқын – тыңдаушының жұмысқа жігерін оятып, жалпы жаңалықтардан хабардар етіп, сауаттылық деңгейін көтеріп, даму процесінде болуына атсалысу. Күн сайынғы кешкі эфирлер 4 сағат бойы интеррактивті шоуларға арналады. Бұл эфирлер көпшілікті позитивті көңіл-күйге, бақыт туралы оң ойларға жетелейді. Викториналардың идеясы - таным мен білімді күшейту, тенденциялардан хабардар ету әрі кешке шаршаңқы көңілдегі тыңдарман үшін отбасы институты, жақындарға қолдау, бауырмалдық, тазалық пен оң ниет, отансүйгіштік бағытындағы фразалар арқылы құндылықтарды сіңіру. Бұндай бағыттағы контентке тыңдарман тарапынан қызығушылық жоғары, оған біздің мессенджерге келетін хабарламалар дәлел.

- Кері байланыс викториналар, ойындар арқылы орнатылған. Ал, орындаушылар студияға келіп сұхбат беріп, жаңа әндерін ұсынып отыру дәстүрі қалыптасқан ба?

-  Әрине, хит орындаушылардың басым көпшілігі студиямызда тікелей эфирде сұхбат беріп, жаңа әндерінің тұсаукесерін өткізіп отырады. Кері байланыс мәселесіндегі тағы бір маңызы дүниені айта кеткенім жөн деп ойлаймын. Ол - тыңдарманға арналған сыйлықтар. Кез келген медиа өзінің тұтынушысына қуаныш сыйлауға көңіл бөледі.  Біз де қарап отырмай, жаз мезгілінде үш тыңдарманды отбасымен демалысқа аттандырдық. Дәл сол викториналардың жеңімпаздарын. Бурабайдағы демалыс отеліне сертификат және Түркия мен Мысырға саяхатты тарту еттік. Ең қатты әсерлі сәттердің бірі, Мысырға саяхатты жеңіп алған отбасылық жұппен кездесу болды. Қателеспесем, 6 баланы тәрбиелеп отырған отбасы, теміржол саласында жұмыс істейтін нағыз еңбек адамдары еді. Саяхатқа сертификатты табыстап тұрып, бір отбасы үшін қуаныш сыйлай алғанымызға разы болдым. Бұйырса, жаңа жыл басында кезекті жағажайдағы демалысқа жолдама ойыны басталады. Тыңдарманның, осы сұхбатты оқыған жанның «құлағына алтын сырға». Барлық хабарландыру – Orda FM-нің желідегі парақшаларында тұр.

-  Orda FM радиосында плейлистерде өзгерістер байқалады. Музыкалық тізім құрастыруда қандай дүниелерге мән бересіздер?

- Мән бергеніңіз үшін алғыс айтамыз. Көп тыңдарманнан музыкаға қатысты әлеуметтік желіде кері байланыс үнемі жүріп отырады. Қазір Orda FM радиосындағы музыканың 80 пайызы - отандық музыка. Музыкалық плейлистті құрастыруда, ең бірінші, бізді тыңдаушы жандардың тәуліктегі белсенділігі, жас ерекшелігі назарға алынады. Кейде өзекті тақырыптарды да ескеріп, оған сай музыканы ұсынуға күш саламыз. Жас зумерлер мен 2000 жылдардағы хит әндерді сағынып тыңдайтын миллениалдардың да талғамына сай әндер, халқымызды біріктіре алатын күшке ие алтын қордағы әндер, әлемдік хиттер - барлығы саундмикспен үйлесімді деңгейде ұсынылып отырады. Негізгі басымдық отандық музыкаға қойылып отыр.  

- Жаңа жүргізушілер немесе жас мамандарға тәжірибе жинау мүмкіндіктері туралы не айтар едіңіз?

- Расында, радио тек музыка тыңдау платформасы емес, бұл – бұқаралық ақпарат құралы. Мұнда қоғам үшін өзекті тақырыптар, идеологиялық стратегия үшін маңызды ақпараттық-танымдық материалдар радио форматында тыңдарманға барынша түсінікті деңгейде насихаттала бермек. Біз үшін медиа саласындағы, әсіресе, салалық журналистикадағы радиожурналисттердің сапалы дайындығы маңызды. Сондықтан студент жастарға тәжірибе беруге бағытталған медиа-клубтар, мастер-класстар болып тұрады, жаңа жылда олардың саны арта түспек.  

- Орда FM аудиториясын кеңейту үшін әлеуметтік желілерді радио эфирімен қалай үйлестіріп отыр?

- Біздің ұжым диджитал медиаға ерекше көңіл бөледі. Тыңдарманмен кері байланыс әлеуметтік желі аккаунттары арқылы тығыз орнатылған. Дегенмен, келер жылға бұл бағытқа күш салу жоспарланып отыр. Алдағы жылы радионы тікелей эфирде немесе онлайн тыңдауға мүмкіндігі болмаған жандар біздің стрим арқылы, Youtube, Tiktok, Instagram арқылы тамашалап, қонақтардың сұхбатына атсалысып, жүргізушілермен байланыс орната алады.

- Келер жылға өзге қандай жаңалық ұсынасыздар?

- Бұйырса, жоспарда аудиовизуалды ребрендинг бар. Тыңдармандар үшін бірнеше жаңа жоба ұсынылады. Радиоэфирден бөлек алаңдарда ұсынылатын тың жобалар болады деп жоспарлап отырмыз. Мұның барлығы, Orda FM-нің басты мақсаты – тыңдарманға қолдау көрсету, мотивация беру, ақпарат пен музыканы сапалы әрі қызықты форматта ұсыну жоспары аясында жүзеге аспақ.

Сондай-ақ халықтың өзін эфирде сөйлетуге ден қоямыз. Осыған дейін жүргізген тыңдарман арасындағы зерттеуімізге сай, қоғамның талғамына сай, көпшілік арасында үлкен тенденцияға айналып отырған дүниелерге фокус қоямыз. Ең бастысы, Orda FM радиосы, тыңдарман үшін пайдалы, танымды ақпарат құралы ретінде қызметін кеңейтіп, жалғастыра бермек.

Серіктес жаңалықтары