Ерлік жасаған екі адамды бәріне кінәлі деп тапқаны жаныма батады - Bek Air ұшқышының қызы үкімге шағымданбақ

Автор: Темірхан Айжан

Ол көптеген фактордың еленбегенін айтты 

Фото: Алина Молдақұлованың жеке мұрағатынан

Bek Air ұшағының апатына қатысты сот шешімін марқұм ұшқыш Миржан Молдақұловтың отбасы аппеляцияға беретінін мәлімдеді. Бұл туралы Алина Молдақұлова Azattyq Rýhy тілшісіне пікір білдірді.

Ұшқыштың қызы сотта көптеген дәлелдер назардан тыс қалғанын айтты. Еске салсақ, Алматыда Bek Air ұшағының апатына қатысты өткен сотта әуе кемесінің ұшқыштары Марат Мұратаев пен Миржан Молдақұлов апатқа кінәлі деп танылды.

Оларға екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әуе көлігін пайдалану ережелерін бұзу бабы (ҚР ҚК 344-бабының 3-бөлігі) бойынша айып тағылған.

«Біз апелляцияға береміз. Үкімді осылай жылдам шығара салады деп ойламадық. Біздің тарапымыздан көп материал ұсынылды. Ұшқыштардың әуе кемесін қауіпсіз қондыру үшін барын жасағанын дәлелдейтін айғақтар көрсеттік», - дейді ол.

Алина баспасөзде апат жайында қате ақпараттар тарағанын атап өтті.

«Ақпарат құралдарында ұшқыштар қанаттарды мұз қатуды болдырмайтын сұйықтықты жақпаған, сондықтан апат болды деген нұсқа тарап жүр. Шын мәнінде ұшақтың қанаттары құрғақ болған. Әкем тергеуде оларды өз қолымен тексергенін айтты. Сонымен қатар басқа да фактілер бар. Мысалы, әуежай операторлары стабилизаторды өңдеген сұйықтыққа су қосқан, бірақ мұны бәрі есінен шығарғандай. Тіпті басқа сұйықтықты қолданғанын да айтпайды. Ұшақ көтерілгенде ол қатып, проблема басталған. Ал бұл әуежай мен оның қызметкерлерінің жауапкершілігіне жатады. Ұшқыштардың өз міндеті бар, олар әр басқан қадамын тексеріп жүруге міндетті емес. Олар өз қызметін артығымен атқарды», - дейді ол.

Алинаның айтуынша, Fokker-100-дің алдында үлкен ұшақ ұшып кеткен. Оның ұшу-қону жолында кедергі келтіретін іздер болуы мүмкін, бірақ бұл да ескерілмеген. Сондай-ақ сол күні қанатын да, стабилизаторын да өңдеместен әуеге көтеріліп, діттеген жеріне аман-есен жеткен басқа ұшақтар болған.

«Бұл істе бар қатені  ұшқыштардың мойнына іле салып отыр. Трагедияны түсіндірудің оңай жолы осы деп шешкендей. Батырлық жасаған ұшқыштарды бүкіл апатқа кінәлі деп тапқаны жаныма батады. Олар мұндай атқа лайық емес», - дейді ол.

Еске салайық, қайғылы оқиға 2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматыдан Астанаға бағыт алған рейс кезінде болды. Әуе кемесінде 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 13 адам қаза тауып, ондаған адам жараланды. Апаттан кейін 2020 жылы Bek Air компаниясының қызметі толық тоқтады. 2021 жылы Алматы облысында Bek Air ұшағы құлаған аумаққа жерді заңсыз беру ісі бойынша сот үкім шығарды. Бұрынғы үш шенеунікке 3 жыл мерзімге бостандығын шектеу, ал қалғандарына 2,5-тен 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Іс бойынша бес экс-шенеунік пен бір риелтор сотталды. Оларға қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалану және алаяқтық айыптары тағылған.