Қазақстанда арықтататын қауіпті дәрілер еркін сатыла ма - денсаулық министрлігі ВВС-дің зерттеуіне жауап берді
Алайда арықтататын дәріні маркетплейстерде сатуды тоқтату туралы уәкілетті органға хат жібергенін хабарлады
Қазақстан нарығында еркін сатылып жүр делінген қауіпті дәрі туралы Azattyq Rýhy редакциясының сауалына Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жауап берді.
Бұған дейін ВВС-дің ауқымды зерттеу материалында артық салмақ тастауға көмектесетін «Молекула» атты препаратты ішкен жасөспірім қыздар уланып, ауруханаға түскені жазылған болатын. Дәрінің құрамынан күшті әсер ететін сибутрамин табылған. Зерттеуде айтылғандай, «Молекуланы» сатуға тыйым салса да, оның «Атом», «Мета» деген аналогтары әлі де еркін саудаланып жатыр. Ресейдің кеден органдары соңғы уақытта құрамында сибутрамин бар дәрілердің көп бөлігі Қазақстаннан жеткізілгенін анықтаған. Ал блогерлер мен сатушылар «Молекула» капсулаларының бір бөлігі Қазақстанда кофеин негізінде өндірілетін айтқан.
Денсаулық сақтау министрлігі сибутрамин бұрын семіздікті емдеу және дене салмағын төмендету үшін қолданылған дәрілік зат екенін растады.
«Денсаулыққа қатысты ауыр тәуекелдер анықталғандықтан, оның қолданылуы көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстан Республикасында тыйым салынған немесе қатаң шектелген. 2010 жылы Еуропалық дәрілік заттар агенттігі Еуропалық Одақ елдеріндегі препараттың ауыр әсерлерін растайтын зерттеулер нәтижелері жариялағаннан кейін сибутраминді қолдану тоқтады», - деді комитет.
Санитариялық қадағалау органының жазуынша, препаратты қабылдаған пациенттерде қан қысым көтеріліп, жүрек қағысы жиілейді, сонымен бірге ұйқысыздық, депрессия күшейіп, дәрілік затқа тәуелділік қалыптасады, миокард инфарктісі және инсульт қаупі де жоғарылайды.
Осыған байланысты, министрліктің бұйрығына сәйкес, Қазақстан Республикасында сибутрамин белсенді затты қамтитын 5 препараттың тіркеу куәліктері медициналық қолдануға алынып, тыйым салынған. Олар: «Линдакса, капсула, 10 мг және 15 мг», «Адеран, блистердегі капсула 10 мг», «Меридиа, қатты желатин капсула 10 мг және 15 мг».
«Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында сибутрамин қосқан дәрілік заттар тіркелмеген. Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақтың мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерінің бірыңғай тізілімінде «Молекула» биологиялық белсенді қоспа тіркелмеген», - деді делінген жауапта.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті редакция сауалынан кейін арықтататын құралды электрондық коммерцияның онлайн платформаларында (маркетплейстерде) сатуды шектеу немесе тоқтату жөніндегі мәселені қарауға көмектесу туралы уәкілетті мемлекеттік органға хат жібергенін хабарлады.