Алматы облысында «ғашығын» терезеден алып қашқан жігіт ұсталды
Бойжеткенді ол әкесінің көзінше алып кеткен

Алматы облысында ұйқыдағы аруды ұрлап кеткен жігіт ұсталды. Оқиға осыдан екі күн бұрын болған. «Ұрылар» үйге басып кіріп, бойжеткенді 72 жастағы әкесінің көзінше алып қашқан. Алайда, көрші ауылдан келген ұры көп ұзамай қолға түскен.
«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері "LEXUS 470" автокөлігін Қаскелең қаласынан тоқтатқан. Көлікте 21 жастағы бойжеткен және оны ұрлады деген күдікке ілінген Шалқар ауылының тұрғыны болған. Қыз бен жігіт бұған дейін көңіл жарастырып, алайда кейін айрылысып кеткен. Жігіт түнгі уақытта қысқыш арқылы шегелермен бекітілген терезені бұзып, үйге кіріп, дөңгелек жөндеу үшін пайдаланылатын шиланың көмегімен бойжеткенді қорқытып, оны ұрлап кеткені анықталды. Күдіктіні тәртіп сақшылары ұстағанға дейін ол жолда бірнеше рет тоқтап, қызғаныштан бойжеткенді ұрып, тепкен», - деді Алматы облысы Қарасай аудандық Полиция басқармасының бастығы Асхат Данияр.
Күдікті азамат уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды. Одан алынған спиральді шило мен терезеден табылған қысқыштар іске айғақ зат ретінде тіркелді. Келтірілген дене жарақаттарының ауырлық дәрежесін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Аталған дерек ҚР ҚК 125-бабы «Адам ұрлау» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.