$ 525.28  607.85  6.47
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Астанада үстіне кондиционер құлап кеткен жас фельдшерге қатысты жалған ақпарат тараған (ВИДЕО)

Фельдшердің жұбайы Әділет Зейнел ресми хабарларға сенуді сұрады 

Астанада үстіне кондиционер құлап кеткен жас фельдшерге қатысты жалған ақпарат тараған (ВИДЕО)
Фото: скрин

Астанада жарақат алған адамдарға көмек көрсету кезінде ауыр зардап шеккен фельдшер Ұлдана Мырзуананың үстінен іс қозғалды деген ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы фельдшердің жұбайы Әділет Зейнел мәлімдеді. Бұған дейін әлеуметтік желіде жас маманға «Қауіпсіздік талаптарын сақтамау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды деген хабар тараған болатын.

«Тергеу әрекеттері басталды. Алып-қашпа сөзге сенбеңіздер. Тек ресми ақпаратқа сүйенулеріңізді сұраймын», – деді Әділет Зейнел.

Оның айтуынша, Ұлдананың жағдайы әлі де ауыр.

«Жұбайымның хәлі нашар, бірақ бірқалыпты. Үш түрлі күшті препарат қан қысымын ұстап тұр. Денсаулық сақтау вице-министрінің «Ұлдана ерлік жасады» деген сөзімен толық келісемін. Ол басын қатерге тіге отырып, қиналып жатқан адамдарды құтқарды»,- деді ол.

Әділет Зейнелдің сөзінше, қазір көпшілік оның жұбайын «халық қаһарманы» деп атап жатыр.

Еске салайық, 8 қараша күні Астанадағы Тәуелсіздік даңғылында орналасқан тұрғын үйдің кірпіш қасбеті мен кондиционері опырылып түсіп, бес адам зардап шеккен еді. Жарақат алғандар арасында жедел жәрдем қызметінің фельдшері Ұлдана Мырзуана да болған. Ол оқиға орнында зардап шеккендерге көмек көрсету кезінде үстіне екінші қабаттағы кондиционер құлап кеткен.

Серіктес жаңалықтары