Ақмола облысында 8 вагон аударылып кетті
Оқиға жеке компания қызметкерлерінің кінәсінен болған
Ақмола облысында 8 вагон рельстен шығып, аударылып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Апат 6 қараша күні сағат 17:53-те Макинка станциясындағы «Бота 2015» ЖШС-нің кірме жолында болған. Рапс майы тиелген 12 вагон өздігінен жүріп кетіп, оның 8-і аударылған.
Маневрлік жұмыстарға тартылған локомотив жеке компанияға тиесілі, локомотив бригадасы да сол ұйымның қызметкерлері екен.
«Оқиға салдарынан байланыс желісінің құрылғылары зақымданды. Зардап шеккендер жоқ. Пойыздардың қозғалысында кідірістер бар», - деп хабарлады компания.
Апаттың салдарын жою және инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың апаттық және қалпына келтіру пойыздары жіберілді.
Арада жарты сағат өткеннен кейін ҚТЖ оқиға салдары жедел жойылып, қозғалыс қалпына келтірілгенін хабарлады. Вагондардың жолдан шығу себептері тексеріліп жатыр.