$ 526.79  606.34  6.51
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағы алғаш рет толық цифрлық форматта өтті

Оның айтуынша, санақ кезінде жасанды интеллектке негізделген чат-кеңесші іске қосылған 

Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағы алғаш рет толық цифрлық форматта өтті
Фото: Azattyq Rýhy

Қазақстанда статистика саласын цифрлық трансформациялау белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев халықаралық форум барысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, цифрландыру жұмысы 2023 жылы өткен Digital Bridge форумында айтылған мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асуда.

«Қазіргі таңда Ұлттық статистика бюросы төрт негізгі бағыт бойынша жаңғырту жұмысын атқарып келеді. Олар: институционалдық даму, цифрлық бағытты жетілдіру, баламалы деректерді пайдалану және қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру», - деді Тұрлыбаев.

Бүгінде Қазақстан баламалы деректерді ресми статистикаға енгізген әлемдегі алғашқы елдердің бірі болып саналады. Бұл процесс заңнамалық тұрғыда бекітілген.

«Біз мобильдік операторлар мен фискалдық чектерден алынған мәліметтерді ресми статистика көзі ретінде қолданамыз. Соның нәтижесінде жүйенің барлық процесі айтарлықтай жеделдетілді. Бұрын жалпы ішкі өнім көрсеткішін талдау үшін 20 күнге дейін уақыт қажет болса, қазір бұл жұмыс бір сағатта орындалады», - деді ол.

Оның айтуынша, биыл алғаш рет ауыл шаруашылығы санағы толық цифрлық форматта өткен. Санақ 1 тамыз бен 20 қазан аралығында онлайн және офлайн түрде жүргізілген. Алғашқы кезеңде біріңғай call-орталық пен жасанды интеллектке негізделген чат-кеңесші іске қосылып, респонденттердің сұрақтарына жедел жауап алынған.

Еске салсақ, Ұлттық статистика бюросының құрылғанына 105 жыл толуына орай халықаралық форум өтіп жатыр. Оған 15 елден келген мамандар мен 20-дан астам халықаралық ұйым өкілдері қатысып отыр.

Серіктес жаңалықтары