$ 522.49  601.07  6.47
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Шымкентте 1-сынып оқушысын көлік қағып өлтірді

Жүргізуші қамауға алынды

Шымкентте 1-сынып оқушысын көлік қағып өлтірді
Фото: istockphoto.com

Шымкентте жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқан оқушыны жеңіл көлік қағып кеткен. Бала алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға бүгін таңертең Нұрсәт ықшам ауданында Назарбеков көшесі мен Шанин көшесінің қиылысында болды.  

«Жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқан еді, қыз ба, ұл ма білмедім, мына жақтан келген көлік қағып кетті. Мен шошып кетіп, жолдан тез-тез өттім. Мектептен адамдар шықты. Көліктен түскендер баланы ұстап көрді, бала қимылсыз жатты», - дейді куәгер.

 Бейресми ақпаратқа қарағанда, көлікті әйел жүргізген. Ол тежегіштің орнына газды басып жіберген көрінеді. Марқұм №80 мектеп-лицейдің 1 «Д» сыныбында оқыған. Қайтпас-2 ықшам ауданынан келіп, білім алған. Оқиға кезінде жанында ата-анасы болмаған.

«Оқушылар бізге бірден хабар берді. Мұғалімдер де таңда мектепке келе жатқан. «Мына жерде баланы қағып кетті» деді. Жүгіріп бардық. Таңғы 07:50 шамасында болды. Ақ түсті машина тұрған екен. Бала жерде жатыр. Дер кезінде жедел жәрдем келді. 102 қызметкерлері де жетті. Бала сол жерде тіл тартпай кетті», - дейді №80 мектеп-лицейі директорының орынбасары Қаламқас Бөкебаева.

Мектеп әкімшілігінің мәліметінше бала мектепке өзі келіп-кететініне ата-анасы толық жауапкершілікті алған. Оқушы — отбасындағы бес баланың төртіншісі. Қалалық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Жүргізуші қамауға алынған.

«Chery Tiggo» автокөлігінің жүргізушісі кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жол апаты салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды. Аталған жайт бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», - дейді Шымкент қалалық полиция департаменті.

Полиция тергеу барысында бейнебақылау камераларының жазбалары қаралып, куәгерлерден жауап алынғанын мәлімдеді.  

Серіктес жаңалықтары