Андрей Бухал «Қазавиақұтқару» компаниясының ұшқыш-нұсқаушысы
Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушылардың кәсіби мерекесінің қарсаңында ерен ерлігімен көзге түскен бірқатар құтқарушыларды марапаттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соның ішінде, жалпы қызметі кезінде 7700 сағат тікұшақта ұшқан, талай адамды құтқарған айында Андрей Бухал бар.
«2021 жылы мамырда Шарын шатқалында нөсер жауыннан кейін сел жүріп, тоғыз адам қауіпті жағдайға душар болғаны белгілі. Соның ішінде 11 жастағы қыз із-түзсіз жоғалып кетті. Командир Андрей Бухал басқарған ЕС-145 тікұшағының экипажы баланы бірінші болып тапты. Жарлауыт жерге қона алмағандықтан, құтқарушы арқанның көмегімен төменге түсіп, зардап шеккен адамды маңайдағы елді мекенге апарған», - деп хабарлайды Ақорда.
Ал биыл тамыз айында Андрей Бухал Орджиникидзе шыңындағы күрделі іздестіру-құтқару операциясына қатысты. Ауаның құрғақтығына, өкпек жел мен суыққа қарамастан, ол зардап шеккен альпинисті 4410 метр биіктіктен сәтті эвакуациялаған екен.
Андрей Бухал «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.