Түркістан облысында екі полицей қолға түсті - ПД ресми түсініктеме таратты
Олардың біреуі қашып кетті деген ақпарат расталған жоқ

Түркістан облысында заңсыз әрекет жасады деген күдікпен екі полицей ұсталды. Екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұған дейін тараған «күдіктілердің бірі қашып кетті» деген ақпарат шындыққа жанаспайтыны хабарланды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Жедел іс-шараларды Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаменті Түркістан облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасымен бірлесіп жүргізген.
«ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті мен Түркістан облысы ПД-ның өзіндік қауіпсіздік басқармасы заңсыз әрекет жасады деген күдікпен екі полиция қызметкерін ұстады. “Күдіктілердің бірі қашып кетті” деген ақпарат шындыққа сай емес. Екеуі де ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», – делінген ведомство хабарламасында.
Облыстық полиция департаментінде тәртіптік комиссияның отырысы өтіп, оның шешімімен екі қызметкер де тәртіпке сай емес іс-әрекеттері үшін жұмыстан босатылған.
«Түркістан облыстық полиция департаментінде тәртіптік комиссия отырысы өтті. Нәтижесінде екі бұрынғы қызметкер теріс себептермен жұмыстан шығарылды. Сонымен қатар, басқа да жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты қызметтік тексеріс жүріп жатыр», – деп нақтылады өңірлік полиция департаменті агенттікке берген түсініктемесінде.
ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев министрлік адал емес қызметкерлерден жүйелі түрде тазарту жұмыстарын жалғастыра беретінін атап өтті.
«Ішкі істер министрі біздің қатарды адал емес қызметкерлерден тазарту жүйелі түрде жүргізілетінін бірнеше рет айтқан. Біз антына адал болмай, қызмет абыройын түсіргендерге қатысты қатаң әрі принципті ұстанымымызды жалғастырамыз», – деді ол.
Бұған дейін журналист Михаил Козачков Telegram-арнасында Түркістан облысында есірткіге қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары мен жедел уәкіл ұсталғанын жазған. Оларды тәркіленген есірткіні қайта сатты деген күдікпен тергеп жатыр.