Астанада ауырған әйелдің атынан өлгеннен кейін де несие алған ұлы мен анасы сотталды (ВИДЕО)
Олар банкке 155 млн теңге шығын әкелген

Астанада жалған құжаттар арқылы «Даму» қоры беретін жеңіл несие алып, оны қолма-қол ақшаға айналдырған ұлы мен анасы сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаржы мониторинг агенттігінің Астана қаласындағы департаменті анықтағандай, күдікті әйел заңсыз әрекеттерін 2023 жылы бастаған екен.
«2023 жылы күдікті әйел ұлының атынан берілген сенімхат негізінде әрекет етіп, «Банк ЦентрКредит» АҚ-нан жалпы сомасы 115 млн теңге болатын екі несие рәсімдеген. Несие «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры субсидиялайтын жеңіл несие болған. Несие алу мақсатында банкке жалған құжаттар, оның ішінде мүлікті кепілге қою бойынша жалған бағалау актілері ұсынған», - деп хабарлайды ҚМА.
Бұдан өзге ұйымдасқан қылмыстық топ қатерлі ісікпен ауырған әйелдің ЭЦҚ арқылы оның атына 155 млн теңге көлемінде тағы бір несие рәсімдеген. Ең сорақысы, қаскөйлер әйел қайтыс болғаннан кейін де артқы даталармен несие рәсімдей берген.
Тергеу барысында күдікті әйелге банк қызметкері көмектескені анықталды. Өз қызметі үшін 500 мың теңге сыйақы алғаны анықталды.
«Банкке жалпы 155 млн теңге шығын келген. Сот үкімімен күдіктілер кінәлі деп танылып, әрқайсысына 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, қылмыстық жолмен алынған кірістерге сатып алған демалыс базасы, 2000 шаршы метр жер телімі, елордадағы коммерциялық жылжымайтын мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді», - деп хабарлайды ҚМА.