«Арасында балалар да бар»: Астанада шетелдегі алаяқтарға көмектескен дропперлер ұсталды
Төрт адам шетелдегі алаяқтармен бірігіп, халықты тонаған

Астана қаласының прокуратурасы құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, Қазақстанның аумағынан тыс жердегі алаяқтарға көмектескен «дропперлердің» әрекетін әшкереледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратураның мәліметіне сүйенсек, қылмыс биыл қыста анықталған.
«2025 жылғы 5-7 ақпан аралығында шетелдегі алаяқтар «Call-орталық» арқылы IP-телефонияны пайдалана отырып, Қазақстан азаматтарына қоңырау шалған. Олар өздерін мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарды күмәнді ақшалай аударымдар туралы жалған ақпаратпен алдап, қаражатты Ұлттық банктің «қауіпсіз» шоттарына аударуға көндірген. Ақшаны қолма-қол ақша ету үшін үшін Қазақстанның төрт азаматы тартылған, оның ішінде кәмелетке толмағандар да бар. Олардың ішінен екеуі сыйақы үшін өзге тұлғалардың атына ресімделген банк карталарын іздеген. Біреуі карталарды алып отырған, ал екіншісі банкоматтар арқылы ақшаны шешіп отырған», - деп хабарлайды прокуратура.
Кейін дропперлер қолма-қол ақшаны кураторларына жіберген, ал олар ақщаны криптовалютаға ауыстырған.
«Аталған алаяқтық жүйе салдарынан 7 адам жәбірленуші болып танылды, материалдық шығын 5,5 млн теңгеден асты. Барлық айыпталушылардың ісі сотқа кетті», - деп хабарлайды Астана прокуратурасы.