Елордада мас жүргізуші қағып кеткен екі жасар сәбидің жағдайы ауыр – дәрігерлер
Оның бас сүйегі сынып, миына зақым келген
22 маусым күні астанадағы Қосшығұлұлы көшесінде болған жол-көлік оқиғасынан 4 адам зардап шеккен болатын. Спирттік ішімдікке мас болған жүргізуші жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, жаяу жүргіншілерді қағып кеткен.
Оқиға салдарынан 1990 жылғы келіншек пен 1998 және 2001 жылы туған қыздар, сондай-ақ, 2018 жылы туған сәби ауруханаға жеткізілген.
«Кішкентай бала №2 қалалық көпсалалы балалар ауруханасына жеткізілді. Ол бас-сүйегінің жабық жарақатын, миынан зақым алған, жамбасы сынып, травматикалық шок алған. Қазіргі жағдайы – тұрақты ауыр, бүгін жансақтау бөлімінен нейрохирургия бөлімшесіне шығарамыз. Қалған жәбірленушілер түрлі дене жарақаттарымен Травматология және ортопедия ғылыми зерттеу институтына жатқызылды», - деді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Еске салайық, 22 маусым күні Нұр-Сұлтандағы Қосшығұлұлы көшесінде көлікті мас күйде басқарған әйел жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, 4 адамды қағып кеткен болатын.