«Жеке компанияларға кедергі келтірген»: «ҚТЖ-Жүк тасымалы» 1,42 млрд теңге айыппұл төлейтін болды
Ірі компания монополия орнатып, бәсекені басқан

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «ҚТЖ-Жүк тасымалы» компаниясына 1,42 млрд теңге айыппұл салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Агенттіктің Астана қаласындағы департаменті шағым негізінде «ҚТЖ-Жүк тасымалы» компаниясына қатысты тергеу жүргізген.
«Компания өзімен байланысты ұйымдарға, яғни, «KTZ Express» АҚ және «КедентрансСервис» АҚ-ына артықшылық беріп, жеке экспедиторларға кедергі келтіргені анықталды. Бұл әрекеттер монополиялық жағдайды теріс пайдалану ретінде бағаланды. 22 тамыздағы сот шешімімен «ҚТЖ-Жүк тасымалы» компаниясына 1,42 млрд теңгe айыппұл салынған. 2025 жылғы 15 қыркүйектегі Астана қалалық сотының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалды», - деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.