Қарағанды облысында жеңіл көлік пойыздың жолына шығып кетіп, үш адам мерт болды
Жолаушылар пойызының машинісі тежегішті басқанмен, көлікті қағып кеткен

Қарағанды облысында қайғылы жағдай орын алды: бүгін түнде жеңіл көлік Жарық-Дария аралығындағы теміржол өткелінен өтпек болған кезде пойыздың астына түсіп, үш адам тіл тартпай кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстан Темір Жолы» компаниясының мәліметіне сүйенсек, машинст сағатына 92 шақырым жылдамдықпен жүріп келе жатқан. Көлікті байқай сала тежегішті басқанымен, апаттан қашып құтыла алмаған.
«Қайғылы оқиға 17 қыркүйек сағат 00:54-те Ақадыр – Қарағанды учаскесі Жарық-Дария аралығындағы теміржол өткелінде орын алды. Апат салдарынан автокөлік жүргізушісі мен екі жолаушы ауыр жарақаттан қаза тапты. 92 км/сағ жылдамдықпен жүріп келе жатқан жолаушылар пойызының машинисі жолға шыққан Mazda маркалы жеңіл автокөлікті байқап, тежегішті басқан. Дегенмен соқтығысудың алдын алу мүмкін болмады», - деп хабарлайды компания.