Қытайдан қашып келген этникалық қазақтар бостандыққа шықты

Олар 2019 жылдың қазан айында Қазақстан мен Қытайдың шекарасын жаяулатып кесіп өткен болатын

Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткендері үшін сотталған екі жігіт бостандыққа шықты. Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлы түрмеден шыққан бойда Azattyq Rýhy тілшісіне сұхбат беріп, алдағы уақытта Ақмола облысында тұратынын айтты.

Қазір екі жігіт адвокаттары Ләззат Ахатовамен бірге Семейден Нұр-Сұлтан қаласына кетіп барады. Екеуі 4 ай тергеу изоляторында, тағы 4 ай Семей қаласындағы түзету мекемелерінің бірінде жазаларын өтеп шықты.

«Көңіл-күйім жақсы, толғанып, аузыма сөз түспей тұр. Жазамызды өтеп жатқанда да еш қиындық көрмедік. Қазақ еліне рақмет. Отбасымды сағындым», - деді Мұрагер Әлімұлы.

Екі жігіт Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткендері үшін олар бір жылға бас бостандықтарынан айырылған еді. Алайда сот үкімінде олардың тергеу изоляторында отырған кездері екі еселеніп, бір күні екі күнге есептелді. Осылайша қамау мерзімі 2019 жылдың 18 қазанынан бастап саналды.

«Семей қаласынан Ақмол аблысының Қоянды ауылына кетіп бара жатырмыз. Жездем, адвокатым күтіп алды. Қамауда отырған кезде адвокатымыз Ләззат Ахатова мен туыстарым жиі келіп тұрды. Қамауда бірге отырған жігіттер де ақжол тілеп, хабарласып жатыр. Баламды, отбасымды сағындым. Көңіл-күйіміз жақсы, толқып тұрмыз. Қазір Павлодар облысының аумағында кетіп барамыз», - деді Қастер Мұсахан.

Екеуі алдағы уақытта Көкшетау қаласының көші-қон полициясы арқылы босқын мәртебесін алуға өтініш бермек. Және Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы мейрамханалардың бірінде жұмыс істейтіндерін айтты.

«Олардың қамаудағы уақыттары екі еселенгендіктен түзету мекемесінде 4 ай отырып  шықты. Қазір бірге келе жатырмыз. Алдағы уақытта босқын мәртебесі мен азаматтық алу жағын қарастырамыз. Әлі жұмыс көп. Бүгін түзету мекемесінің басшылары екеуін уақытынан сәл ертерек жіберді, себебі адам жиналып кетуден сақтанды. Нұргүл  Мұсаханның (Қастер Мұсаханның әпкесі -ред) мейрамханасы бар. Екеуі де сонда жұмыс істейді. Жағдайлары жақсы, жиі хабарласып, барып тұрдық. Қытайдағы отбасыларымен де жиі сөйлесіп тұр. Шаршағандықтан естерін жинап демалып алсын. Құжаттары әлі толық шешілген жоқ. Қолдауларыңызға мың алғыс! Қазір қуаныштан өздеріне келе алмай отыр. Екеуі «түнімен ұйықтамадық, 5 сағат қалды, 2,5  сағат қалды»  деп, минут санап отырыпты. Жүректің дүрсілі әлі басылмады», - деді адвокат Ләззат Ахатова. 

Естеріңізге сала кетейік, Қытайда туған қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы 8 ай қамауда болды. Екеуі 2019 жылдың қазан айында Қазақстан мен Қытайдың шекарасын жаяулатып кесіп өтіп, Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданынан шықты. Қазақстан билігі көп ұзамай екеуін қамауға алып, 2020 жылдың 21 қаңтарында Мұсаханұлы мен Әлімұлы бір жылға бас бостандықтарынан айырған. 

Оқи отырыңыз: Қытай шекарасын заңсыз кесіп өткен екі қазақ жігіті араша сұрайды

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.