Маңғыстаудағы жол апаты: дәрігерлер екі әйелді Астанаға жібереді
Бұл жол апатынан 10 адам қаза тапқан еді

Маңғыстау облысында Бекет-ата – Шопан-ата тасжолында болған ірі жол апатынан зардап шеккен екі әйелді жақын күндері Астанаға жеткізу жоспарланып отыр. Олар Ұлттық жедел медициналық көмек орталығының клиникасына госпитализацияланады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, науқастардың жағдайына республикалық орталық мамандары телемедициналық кеңес берген.
Жарақат алғандардың жағдайы
- Бір әйелде өкпе жарақаты бар. Бұл тыныс алуды қиындатып, тасымалдауды күрделендіруі мүмкін.
- Екінші әйелдің жағдайы тұрақтанған, дәрігерлер өміріне қауіп жоқ деп бағалап отыр.
- Үшінші зардап шеккен азамат қазір Жаңаөзендегі ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның да жағдайы тұрақты.
Мамандардың түсіндірмесі
«Науқастардың жағдайы тәулік бойы бақылауда. Қажетті ем-шаралар жасалып жатыр. Астанадағы орталыққа жеткізу кезінде қауіпсіздік талаптары толық сақталады», – делінген министрліктің хабарламасында.
Қайғылы оқиғаға шолу
11 қыркүйекте Маңғыстау облысында орын алған жол апатында 10 адам қаза тапқан. Бұл оқиға елдің назарын аударып, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Маңғыстаудағы жол апатынан қаза тапқандардың аты-жөні жарияланды. Қаза тапқан азаматтар Астана, Қарағанды, Теміртау және Жаңаөзен қалаларының тұрғындары. Оқиғадан кейін жол апатынан қаза тапқандардың туыстарын Ұлттық ұланның арнайы ұшағы апат болған аймаққа қарай алып ұшты. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Бекет атаның басына зиярат етуге бара жатып қаза тапқан марқұмдардың туыстарын күтіп алып, көңіл айтты.