Алматыда тұрғын үйдің ауласында ойнап жүрген қыз баланы тоқ соғып алды (ВИДЕО)
Баланың анасы әкімдік пен үйді салған компаниядан кінәлі адамды жауапқа тартуды талап етіп отыр

Алматыдағы «Navoi 3.0» тұрғын үй кешенінің ауласында ойнап жүрген кішкентай қызды тоқ соғып алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы баланың анасы Динара Бимырзаева пост жазып, кінәлі адамдардың жазалануын талап етті.
«Ауладағы жарық бағандарының бірінің астындағы тоқ ашық тұрған. Қызым сол жерде ойнап отырып, аяқ асты жерге құлап түсті. Мен жанына барғанда балам әрең қозғалып жатыр екен. Қызымды күйік шалып, қатты жараланды», - дейді Динара Бимырзаева.
Оның айтуынша, жарық бағанынан шығып тұрған тоқтың қуаты 220 вольт болған.
«Бұл тұрғын үйді «Рамс» құрылыс компаниясы салған. Сондықтан, мен Алматы қаласының әкімдігі мен құрылыс компаниясынан тез арада кінәлі адамды тауып, жазалауын талап етемін», - дейді анасы.
Біз осы оқиғаға байланысты Алматының құзырлы органдарынан түсініктеме күтіп отырмыз.