Астанада 6 жасар қыздың үстіне қақпа құлап кеткен: анасы баласының ауыр жағдайын көрсетті (ВИДЕО)
Ол «Шығыс» тұрғын үй кешеніндегі аулаға қандай мердігер қақпа орнатқанын анықтай алмай жүр

Биыл Астанадағы мектептердің біріне бірінші сыныпқа барғалы жүрген Ямур есімді кішкентай қыздың өмірі 26 шілде күні кешкі сағат 18:50-де күрт өзгеріп кеткен: аулада ойнап отырған балаға бос тұрған футбол қақпасы құлап, бала үш күн бойы комада жатқан. Анасы Ақпейіл Қаратаева әлеуметтік желіде қызының суреттерін жариялап, жан ақайын жария етті, деп жазады Azattyq Rýhy.
Ақпейіл Қаратаеваның айтуынша, қызы сол күні кешке әдеттегідей есік алдына ойнауға шыққан. Ямурдан бірнеше жас үлкен қыздар (шамамен 10 жастағы) футбол қақпасына турник сияқты тартыла бергенде темір қақпа Ямурдың үстіне құлап кетіпті.
«Ямурдың бас сүйегі ең ауыр деңгейде жараланған. Жедел жәрдеммен ауруханаға жеткенше, балам комаға түсті. Дәрігерлер бұны өте ауыр жағдай деп, басына бірден КТ жасады. Сөйтсек, қызымның миына өте көп мөлшерде қан шауып кетіпті. Миы ісініп кеткен. Баламды құтқару үшін дәрігерлер бірден екі операция жасады. Операция алдында «бәріне дайын болыңыздар, біз операция жасаймыз, бірақ бала операция үстінде немесе кейін өліп кетуі мүмкін» деп ашық айтты. Аллаға шүкір, балам комада жатса да операцияны сәтті көтерді. Бірақ, артынан үш күн бойы ес-түссіз жатты. Төртінші күні есін жиды. Бірақ, біз әлі ауруханада жатырмыз. Өйткені, қызыма әлі ұзақ реабилитация керек. Бірінші сыныпқа дайындалып жүрген әп-әдемі, сап-сау қызым енді осындай ауыр хәлде жатыр», - деген анасы Ямурдың бұрынғы суреттері мен ауруханадағы суреттерін жариялады.
Ақпейілдің айтуынша, «Шығыс» тұрғын үй кешеніне футбол алаңын орнатқан мердігер оны дұрыстап бекітпеген.
«Футбол қақпасын турник қылып тартылған қыздарға да қояр сұрағым бар. Бірақ, мені жегідей жеп бара жатқаны – балалар ойнайтынын біле тұра, футбол қақпасын бос тастап кетуге бола ма? Үйді салған компания мен мердігерлердің немқұрайлығы үшін мен қызымнан айырылып қала жаздадым. Дәрігерлер қызымның артқы бас сүйегін алып тастады. Бір уақытта екі ауыр операцияны өткерді. Қазір бастан кешіп жатқан жағдайымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын», - дейді Ақпейіл.
Ол ауруханада жатса да мердігер және құрылыс компаниясының адамдарын жауапқа тарту үшін сотқа дайындалып жатырмын дейді. Редакция «Шығыс» тұрғын үй кешеніндегі осы оқыс оқиғаға қатысты әкімдік пен тұрғын-үй басқармасына ресми сауал жолдайды.