«20 жыл ауылда тұрамын»: Павлодарда анасы терезеден лақтырып жіберген бала қаладан қорқып қалған
Қазір ол Екібастұз маңындағы ауылдардың бірінде, әкесінің жанында

Жуырда Павлодар қаласында медициналық есепте тұрған әйел екі баласын терезеден лақтырып жіберген еді. Өкінішке қарай, бір жастан асқан бала көз жұмған. Күні кеше жеті жастағы бала ауруханадан шыққаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Павлодар облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шакенева ауылға барып, баламен сөйлескен.
«Менімен сөйлескен бала «20 жыл ауылда тұрамын» деді. Қалаға келуден үзілді-кесілді бас тартып отыр. Әкесі ұлы үшін ауылға көшуге дайын. Баласын қарап-бағу үшін бала күтіміне байланысты демалыс алған. Әкесі мен баласы қазір Екібастұз маңындағы ауылдардың бірінде, туыстарының үйінде», - деп жазды ол.
Сәуле Шакенева бірден Екібастұз әкімінің орынбасарымен кездесіп, мән-жайды түсіндірген екен. Ол баланың бұдан кейінгі реабилитациясы мен сол жақтағы мектепке ауысу мәселесі жеке бақылауында болатынын айтқан. Жергілікті әкімдік баланың әкесіне де жұмыс тауып береміз деп уәде беріп отыр.
«Бала бауырының қаза тапқанын әлі білмейді. Әкесінен бір елі ажырамайды. Балаға мықты психолог керек, жергілікті атқарушы орган бұл жағынан да қолдайды. Бала ақырындап өз-өзіне келіп жатыр. Алайда, жамбас сүйегі сынған соң әлі бір ай төсек тартып жатады», - деп хабарлайды Шакенева.
Естеріңізге сала кетейік, кеше, 30 шілде күні Павлодар қаласында адам шошырлық оқиға болды. Екі баласын терезеден лақтырып, артынша өзі де секіріп кеткен әйел адам медициналық есепте тұратыны анықталды. Дәрігерлер 2024 жылы туған баланың амандығы үшін қанша күрессе де бала бірнеше күннен кейін көз жұмған.