$ 539.38  629.46  6.76
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Іске экс-полицей араласты, 5 жігіт куә болып кетті»: 17 жасында қыршын кеткен Сағындықтың ата-анасы әділдік іздейді

Марқұмның анасының айтуынша, Ақжігіттегі «старшактар» оқушылардан ақша жинап, жұмысқа салатынын бүкіл ауыл біледі 

«Іске экс-полицей араласты, 5 жігіт куә болып кетті»: 17 жасында қыршын кеткен Сағындықтың ата-анасы әділдік іздейді
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Биыл 8 сәуірде Бейнеу ауданы Ақжігіт ауылында 17 жастағы Сағындық Құрманияз ауыр жарақат салдарынан қаза тапты. Оны ауылдағы өзінен үлкен жігіттер ұрып-соққан. Қарт ата-анасы жар дегенде жалғыз баласынан айырылды. 11 сынып оқитын Сағындық волейболмен айналысатын, спорттық жарыстарға барып жүретін. Azattyq Rýhy тілшісі марқұм бозбаланың анасымен тілдесті. 

«Мінезі тұйық, сабырлы. Ешкімге артық сөз айтпайтын, тәрбиелі бала болды. Сыныптастарымен жақсы достасты. Арманы таудай еді. Мектеп бітірген соң жоғары оқу орнына түскелі жүрген. Химия – биология пәндері бойынша дайындалды. Бір түйір ұлымыздың енді қызығын көреміз деп отырғанда қапыда айырылдық», - деді анасы Айтбике Дербісова.

Сол қаралы күні Сағындық сыныптастарымен бірге «соңғы қоңырауға дайындаламыз» деп шығып кеткен. Анасы іздеп, қайда екенін сұрағанда достарымен жүргенін айтып, көп ұзамай үйге қайтатынын айтқан. Түнгі сағат 2.00 шамасында достары Сағындықтың денесін көтеріп әкелген. Олар баланың ата-анасына «оның жүрегі ұстап, көз жұмды» деп түсіндірген.

«Баламның ешқайдан ауруы жоқ, еш жерде тіркеуде тұрған жоқ. Сенбедім, үстінде таяқтан түскен дақ бар ма, қараңдаршы дей бердім. Келесі күні жуындырғанда кеуде тұсының көгеріп тұрғанын көріп, полицияны қайта шақырдық. Сараптамаға алып кетті. Одан кейін баламды ауылдағы «старшактар» деп аталатын әскерге барып келген жігіттердің ұрғанын естідік. Олар мектеп оқушыларынан ақша жинап, қара жұмысқа салып, қораларын тазалатады екен. Айтқандарын істемесе, қатігездік көрсетеді. Куәлардың айтуынша, сол күні балаларды тағы жинаған. Жастарды қатарынан тұрғызып қойып, ұрып шыққан.

«Старшактар» балаларды 8 сыныптан бастап жұмсай бастайды, өздерінің чаты бар. Талай ұлды ұрып, талдырып, үйінің алдына тастап кеткен екен. Мұның бәрін баламның қазасынан соң естіп жатырмыз. Басқа ата-аналар «балаларымыздың үстінен көгерген жерлерін көреміз. Не болды деп сұрасақ, күресіп ойнадық дейді. Сүйтсек таяқ жеп жүр екен ғой» деп айтып отыр», - деді марқұмның анасы.

Бүгінде Сағындықтың өліміне кінәлі бір күдікті ұсталды. Бес сот отырысы өтті.

Айтбике Дербісова ұлының қазасына 6 адам адамның қатысы барын айтады. Алайда 5 адам қазір куә статусын алып, бостандықта жүр. Ол соттың әділетсіз өтіп жатқанын, тергеушілердің істі бұрмалағанын мәлімдеді. Көзге көрініп тұрған айғақтар қылмыстық іске қосылмады деп санайды.

«Қылмыс орнында бірнеше адам болған. Ең бірінші болып ұлымды М.Т. ұрған. Ол 9 және 11 оқитын екі баланы талдырып тастаған. Бірақ тергеуші «жұдырықпен ұрды» деген сөздерді «шапалақпен ұрды» деген сөздермен ауыстырып, хаттамаға енгізген. Адам бір шапалақтан талып қалмайды, ол айдан анық қой. Тергеуші оған артықшылық беріп отыр. Тергеу әділ жүргізілсе, осы тұлға да күдікті ретінде қамауға алынатын еді. Бірақ оның бұрынғы полиция қызметкері болған ағасы бар. Ең сорақысы, экс-полицей тергеу жұмысына араласқан. Оны күдікті сотта мойындады. «Маған тергеуші жауапты қағазға жазып берді, соны оқып бердім. Изоляторда М.Т-ның ағасы алдымда тұрып, қысым көрсетіп отырды» деп айтты. Оның қағаздан қарап оқып отырғаны видеодан да анық байқалды.

Сонымен бірге, сотталушы «Сағындықты неге ұрдың» деген сұраққа «М.Т. «ұр» деді, ұрмасам қалған бесеуі маған жабылып, өзімді сабайтын еді. Сосын қорықтым» деп жауап берді.  Тергеу материалында қалған үлкен жігіттердің оқушы балалардың барлығының ұрып соғылуына жол беріп, қарап тұрғаны, адам өліміне апаруына дейін тоқтатпағандығы, өлімді барлығы бірге жасырғысы келгендігі, хабарламауы бойынша іс әрекеттері мүлдем назарға алынбаған», - деді Сағындықтың анасы.

Айтбике Дербісованың айтуынша, марқұм бозбаланың сыныптастары да жалған куәлік берген. Тек екі бала ғана оқиғаны барынша ашып айтқан. Сот залында тергеуші олардың «білмеймін, есімде жоқ, ұмытып қалдым» деген жауаптарын оқып берген.

«Сонда тергеуші қылмысты толық ашу, тергеп-тексеру, оларды жасаған адамдарды әшкерелеу және қылмыстық жауаптылыққа тарту бойынша не істеді? Тергеп, тексеру кезінде куәлар және күдікті бір-біріне қарама қайшы жауаптар берген. Сол қайшылықтарды жою үшін ұялы телефондары тексеріліп, зерттелуі керек еді. Ұялы телефондары арқылы үлкен жігіттердің оқушыларды сол үй шаруасына неше рет шақырғандары, неше рет оларды ұрып соққандары туралы анық мәліметтер алынған жағдайда, қарама-қайшылықтар жойылар еді. Одан бөлек, ақша жинау фактісі де анықталар еді. Ал ақша жинау фактілері, сот отырысында ғана ұшы ашылды. Енді ол ақша жинағандардың банк арқылы есеп шоттарын тексеру арқылы ары қарай тергеу амалдары жүргізілуі тиіс. Заңсыз ақша жинау фактілері де назардан тыс қалмауы керек. Тергеу тарапынан жасалған бұл өрескел заңбұзушылықтар тек сот отырысында анықталды. Тергеу кезінде және тергеу аяқталып, іспен танысқанда көптеген тың деректер бізге беймәлім болған. Сол себептен, біз сот процессінде судьяға істі прокурорға қайтару туралы өтініш түсірген болатынбыз. Алайда, сот оны белгісіз себептермен қанағаттандырусыз қалдырды», - деді Сағындықтың анасы.

Адвокат Ажар Әбділдің айтуынша, қазір бар үміт тек прокурорда болып отыр. Егер мемлекеттік айыптаушы істің мән-жайы толық емес екенін айтатын болса, іс тергеуге қайтарылады.

«Көп деректер сот отырысы кезінде анықталды. Куәлар сол кезде жаңа фактілерді мойындады. Тергеу кезінде көп материалдар бірікпей қалған. Біз сотта мәлім болған жайттарды жинап, арыз түсірдік, бірақ судья оны қанағаттандырмады. Прокурор алдағы 12 тамызда өтетін отырыста басқа күдіктілердің іс-әрекетіне баға беру туралы мәлімдеп, Маңғыстау облысының аудандық сотының судьясы Дәурен Өтебалиевтен істі қайта тергеуге жіберуді сұрай алады.  Сот өз мәресіне жақындады. Жарыссөзге көштік. Біз қанағаттанатындай үкім шықпаса аппеляцияға береміз.

Біздің негізгі талабымыз - басқа да кінәлі тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту. Олар да күдікті ретінде тергеліп, кейін сотталушы статусына өтуі керек. Одан басқа көптеген әрекеттерге: ақша жинау, бопсалау, қорқыту, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің еңбегін заңсыз пайдалану, бопсалаған жігіттердің ата-аналары біле тұра оларға ешқандай шара қолданбауына баға берілмеді. Біз мұның бәрін бөліп-жармай бір істің аясында қарау керек деп есептейміз», - деді адвокат.

Ажар Әбділ қазір жалғыз күдіктінің Қылмыстық Кодекстің 106-бабы 3-бөлігі, яғни «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соғу» фактісі бойынша жауап беріп жатқанын айтады. Аталған бап бойынша, сотталушыға 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары