Павлодарда дәрігерлер қайтыс болған адамдарды «қабылдап», акушер-гинекологтар ер адамдарға «қызмет көрсеткен»

Денсаулық сақтау саласындағы заң бұзушылықтар анықталды

Павлодарда дәрігерлер қайтыс болған адамдарды «қабылдап», акушер-гинекологтар ер адамдарға «қызмет көрсеткен»
Фото: istockphoto.com

Павлодар қаласының прокурорлары халыққа медициналық көмек көрсетуге арналған «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» былықтарын анықтады. Бюджет қаражаты мен активтерінің жұмсалуына жүргізілген тексеру барысында жалған қызмет көрсетілгені белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мысалы, невропатолог, кардиолог, хирург, психолог және басқа да аясы тар бейінді мамандардың қабылдаулары қайтыс болған адамдарға, акушер-гинеколог дәрігердің консультациялары ер адамдарға «көрсетілген». Емдеу қызметтерін қайталау арқылы қосарланған төлем жасау жағдайлары тіркелді.

Сондай-ақ тиісті маман сертификаттарымен рұқсат құжаттары жоқ тұлғалардың халыққа медициналық көмек көрсеткені анықталды.

«Қадағалау актілері бойынша заңбұзушылықтарды жою, рұқсат беру құжаттарын алу және кінәлі тұлғаларды заңнамада белгіленген жауаптылыққа тарту жұмыстары жүргізілуде. Қабылданған шаралар нәтижесінде 100 млн теңгеден астам сомаға келтірілген залалдың өтелуі қамтамасыз етілді. Сот қарауында медицина саласында заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру арқылы 62 млн теңге көлемінде мемлекеттік қаражатты жымқыру және 41 млн теңге көлемінде мемлекетке залал келтіру фактілері бойынша екі қылмыстық іс бар», – делінген прокуратура хабарламасында.