Қосшыда кішкентай бала көрпе-жастығымен бірге терезеден құлап кете жаздады (ВИДЕО)
Абырой болғанда полиция оқиға орнына тез жетіп, оны аман алып қалды

Астананың түбіндегі Қосшы қаласынан адам шошырлық видео тарады: кіп-кішкентай ұл бала терезенің жақтауындағы көрпе-жастықтың үстіне шығып алып отырған. Үшінші қабаттың ашық терезесіне шығып алған оны қарама-қарсы беттегі адамдар байқап, полиция шақырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, қазір баланың ата-анасын жауапқа тарту мәселесі қаралып жатыр.
«Бұл отбасындағы балалардың бәрі қазір қауіпсіз жерде. Бұл – полиция мен қамқоршылық органдарының жұмысы. Бала 6 тамыз күні терезенің алдына шығып алып отырған. Полиция оның отбасын анықтап, қазір ата-анасын жауапқа тарту мәселесімен айналысып жатыр», - деп жазды полиция.
Айта кетейік, бір ай бұрын, 2025 жылдың 8 шілдесінде Қосшыда 2017 жылы туған қыз бала көпқабатты тұрғын үйдің 4-қабатындағы пәтер терезесінен құлап, оқиға орнында көз жұмған еді.