«Табель үшін төбелескен»: Мойынқұмда Қытай азаматын соққыға жыққан адам 500 мың теңге моральдық зиян өтейтін болды
Екеуі жұмыста сөзге келіп қалған көрінеді

Жамбыл облысы Мойынқұм аудандық соты зауыт қызметкері мен оның басшысы – Қытай азаматы арасындағы дауды қарап, іске нүкте қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, 2025 жылдың маусымында зауыт қызметкері өзінің бастығы, инженер-технолог, Қытай Халық Республикасының азаматына келіп, табельге қол қойдырмақ болған. Бастығы бас тартқаннан кейін олардың арасында дау туындап, қызметкер ашуланып, бастығын ұрған. Сотта оның кінәлары дәлелденген.
«Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкініп, бастығынан кешірім сұрап, соттан оны қатаң жазаламауды сұраған. ал басшысы оны кешірмейтінін айтып, одан 1 млн теңге моральдық зиян сұраған», - деп хабарлайды сот.
Осы бап бойынша кінәсі дәлелденген адам ірі мөлшерде айыппұл арқалауы мүмкін немесе 80 сағат қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін. Кейбір жағдайда сот бұндай қылмыс жасаған адамдарды 25 тәулікке қамайды.
«Сот зауыт қызметкерінің шын жүректен өкінгенін және кінәсін мойындағанын жеңілдететін мән-жайлар деп тауып, оған 157 280 теңге көлемінде айыппұл салды. Арыз жазған басшысының талабын ішінара қанағаттандырып, 500 мың теңге моральдық шығын өтеп беру туралы үкім кесті», - деп хабарлайды Жамбыл соттары.