$ 539.55  627.55  6.7
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Перизат Қайрат анасымен бірге Газа секторына қайырымдылыққа жинаған 559 млн теңгені жымқырған – тергеу

Олар 7 403 600 теңгені ғана Палестина елшілігіне аударған 

Перизат Қайрат анасымен бірге Газа секторына қайырымдылыққа жинаған 559 млн теңгені жымқырған – тергеу
Фото: t.me/kozachkow

Астана қаласында Перизат Кайрат ісі бойынша өтіп жатқан сотта прокурор Арман Кезекен тергеу барысында анықталған деректерді жария етті. Оның айтуынша, айыпталушы Перизат Кайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаева 2021 жылдың 17 қарашасынан 2023 жылдың 13 қазанына дейінгі аралықта аса ірі көлемде алаяқтық жасаған, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy.

Олар жалпы сомасы 126 744 750 теңге көлеміндегі қаражатты иемденген.

Мемлекеттік айыптаушылардың нұсқасы бойынша, қайырымдылық көмек ретінде жиналған қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, жеке мақсаттарға жұмсалған.

Іс материалдарына сәйкес, 3 миллион 30 мың теңге Алашбаева тарапынан Перизат Кайраттың шотына түскен күні-ақ шешіп алынған.

«Қоғамның белсенді азаматтары мен ұйымдарының сенімін пайдалана отырып, айыпталушылар алдын ала сөз байласу арқылы әрекет еткен. Қылмыстық құқықбұзушылық ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша (ақпараттық жүйені пайдалана отырып, адамдар тобының алаяқтық жасауы) сараланады. Қылмыстық ниетті ұйымдастыра отырып, Қайрат Қазақстан азаматтарының қайырымдылық акцияларына белсенді қатысатынын ескеріп, Палестина Мемлекетінің Қазақстандағы елшілігіне ынтымақтастық туралы келісімшарт жасау туралы ұсыныс білдірген», – деді прокурор.

2023 жылдың 31 қазанында келісімшартқа қол қойылған. Айыптаушының түсіндіруінше, бұл келісім бойынша жиналған қаржы мен гуманитарлық көмек Газа секторындағы тұрғындарға бағытталуы керек болған. Барлық жиналған қаражат Палестина елшілігінің шотына аударылуы тиіс еді.

«Алайда сенімді теріс пайдалана отырып, П.Қайрат Kaspi Bank мобильді қосымшасындағы «Қайырымдылық» бөліміне өзінің қоғамдық бірлестігін тіркеуге өтініш берген. 11 қарашада Instagram парақшасында келісімшарттың фотосын жариялап, халықтан көмек сұраған видео жүктеген. Таяу Шығыстағы әскери қақтығысты пайдалана отырып, ол мұсылман қауымының және жаны ашыған азаматтардың сезімдеріне әсер етті. 2023 жылдың 1 қарашасынан 2024 жылдың 1 сәуіріне дейін қоғамдық ұйымның шотына 566 508 431 теңге түскен. Оның ішінде небәрі 7 403 600 теңге ғана Палестина елшілігіне аударылған. Қалған 559 104 831 теңге Қайрат пен Алашбаеваның жеке қажетіне жұмсалған», – деді прокурор.

Айыптау нұсқасына сәйкес, бұл қаражатқа қымбат қонақүйлерде тұру, мейрамханаларға бару, такси қызметтері, көлік жалдау, сондай-ақ Fly Dubai, Air Astana, SCAT және басқа да әуе компанияларымен ұшуға жұмсалған шығындар кірген.

Сондай-ақ, 2023 жылдың 11 желтоқсанында Кайрат 178 007 200 теңгені бір компанияның шотына аударған. Бұл қаражат көмір, жаңа жылдық сыйлықтар және гуманитарлық көмекке жұмсалды деп көрсетілген.

Осы кезеңде ол Юхатова есімді азаматшадан 30 030 000 теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 автокөлігін сатып алған. Ал 14 желтоқсанда анасы Алашбаевамен бірге 86 миллион теңгеге Sensata Plaza тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алған.

«Қайрат пен анасы заңды кіріс көзін көрсеткендей болу үшін ұрланған қаражатты бизнеске инвестициялауға шешім қабылдаған. Осылайша, олар гүл дүкенін таңдаған. Ақша қаражатының қылмыстық жолмен келгенін жасыру мақсатында Алашбаева компания иесін келісімшартта үлес құнын 2 млн теңге деп көрсетуге көндірген. Шын мәнінде келісім сомасы 23 млн теңге болған. Оның 2 миллионы Kaspi мобильді қосымшасы арқылы аударылған.

Осылайша, Перизат Кайрат пен Алашбаева қайырымдылық деген желеумен үшінші тұлғалардың қаражатын жүйелі түрде жымқырып, ақпараттық технологиялар мен жалған есеп берулерді, сондай-ақ ресми құрылымдармен байланыстарын пайдаланып отырған.

Жалпы келтірілген шығын жүздеген миллион теңгеге бағаланып, бұл аса ірі көлемде жасалған алаяқтық ретінде сараланады.

Айта кетейік, бүгін сотта судья БАҚ өкілдерінің қатысуына тыйым салды. Сонымен қатар, Перизат Қайраттың жоғары білімі жоқ екені белгілі болды.

Бұған дейін, 9 шілде күні Астанада Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның ісі бойынша алдын ала тыңдау өткен болатын. Сот барысында Перизат Қайрат тергеу изоляторының қызметкерлері ұрып-соққанын мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары