$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.06.2020, 15:18
Оқиғалар

Ақмола облысының екі тұрғыны із-түзсіз жоғалып кетті

Бірі 31 мамырдан бері, бірі 10 маусымнан бері хабарсыз кеткен

Ақмола облысының екі тұрғыны із-түзсіз жоғалып кетті
көрнекі фотосурет: qazweek.kz

Көкшетау қаласы мен Целиноград ауданының тұрғындары іздестіріліп жатыр. Үйден шығып кеткен екі адам да қайта оралмаған. Олардың қазір қайда жүргені белгісіз, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алғашқы оқиға Көкшетау қаласында болды. Осы жылдың 10 маусымында Көкшетау қалалық полиция басқармасына хабарласқан қала тұрғыны Қарлығаш Ахметжанова 43 жастағы сіңлісінің із-түзсіз жоғалып кеткенін айтып шағымданған. Ол 2 маусым күні әпкесінің үйінен шығып, содан бері байланысқа шықпаған. Туыстары алғашқыда өз күшімен іздестіріп, қайыр болмаған соң полицияға жүгінген. Қазіргі уақытта Қарлығаштың қайда екені белгісіз. Тергеу барысында Қарлығаш Ахметжанованың мамыр айында әпкесімен бірге тұрғаны анықталды. Наркологиялық және психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғандардың тізімінде болмаған. Қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Үйден шыққан кезде үстіне қара түсті футболка киген және көк джинсы шалбары болған. Бойы 155-160 см шамасында.

Сондай-ақ, Целиноград ауданының Қоянды ауылының 21 жастағы тұрғыны да 31 мамыр күні кешкі алты жарымдар шамасында үйінен шығып, қайта оралмаған.

«Хайрат Медеттің жоғалғаны туралы  11 маусым күні Қояндының 54 жастағы тұрғыны Целиноград аудандық полиция бөліміне хабарласты. Сырт келбеті азиялықтарға тән, дене тұрқы жұқалтаң, бойы 165-170 см, ақшыл жүзді жігіттің қазір қайда екені белгісіз. Үйден шыққан кезде қызыл түсті футболка, сары түсті шолақ шалбар және күңгірт түсті кроссовки киген. Екі факт бойынша да жедел тергеу тобы құрылып, көршілері мен туысқандарынан сұрастырылып жатыр. Куәгерлерден жауап алынды», - деді Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әсем Әбдірахманова.

Полиция із-түзсіз жоғалған адамдар туралы қандай да бір мәлімет білген адамдар болса 102 арнайы желісіне хабарласуды сұрайды. Жоғалған адамдарды іздеуге Полиция департаментінің барлық жеке құрамы жұмылдырылды.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

Серіктес жаңалықтары