Түркістанда коронавирус жұқтырған сәбидің жүрегіне ота жасалды

Автор: Azattyq Rýhy

Екі сағатқа созылған операция сәтті өткен

фото: әкімдік

Туғанына небәрі 11 күн болған сәби Түркістан облыстық балалар ауруханасына Сайрам ауданынан ауыр халде жеткізілген. Медициналық жедел-жәрдем қызметімен жеткен шақалақтың дене қызуы көтеріліп, ентігу белгілері болған. Ол бірден жансақтау бөліміне жатқызылды.

«Жүргізілген диагностикалық зерттеулердің нәтижесі бойынша, нәрестеден туа біткен жүрек ақауы белгілері анықталған. Жүрек қалқасының тарылуынан бала өміріне қауіп болды дейді дәрігерлер. Оған қоса, жаңа туған сәбидің пневмония мен коронавирус инфекциясына шалдыққаны анықталған. Облыстық балалар ауруханасының кардиохирургы Алмат Байсалов жетекшілік еткен білікті дәрігерлер құрамы аса маңызды шешім қабылдап, шұғыл түрде ота жасауға бел буады. Екі сағатқа созылған операция сәтті өтті. Бала аман. Отадан кейін бірден қан жүріп, қан қысымы реттеледі», - делінген Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі. таратқан хабарламада.

Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермес үшін дәрігерлер операцияны арнайы ота залында емес, дәл жансақтау бөлімінде жүргізген. Сәби әлі де сол жерде ем қабылдауда. Оған жеке дәрігер, жеке медбике бекітілген.