Баянауылда 18 жастағы студент суға батып кетті
Қайғылы жағдай Торайғыр ауылында болды

Павлодар облыстық Төтенше жағдайлапр департаментінің мәлімдеуінше, ол арнайы жабдықталмаған жерде суға түскен.
«Департамент пультіне хабарлама сағат 14:20-да келді. Екібастұз қаласынан сүңгуірлер тобы оқиға орнына сағат 16:50-де келіп жетті. Сағат 17:05-те суға кеткен жігіттің денесін алып шықты. Ол Баянауыл ауданы Лекер ауылының 18 жастағы тұрғыны болып шықты, - дейді департаментте.
Жас жігіт Нұр-Сұлтан қаласындағы аграрлық университетінің студенті. Ол көлде достарымен бірге болған. Қазіргі таңда сот-медициналық сараптама тағайындалды. Жазатайым оқиғаның себептері мен жағдайларын анықтау бойынша тергеу жүргізілуде.
Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарына шомылуға тыйым салынған жерлерде және жабдықталмаған жағажайларда суға түспеуге кеңес береді.