Талғардағы трагедия: он жасар бала мен оның анасы суға кетіп, қаза тапты
Баланың денесі әлі табылған жоқ

Алматы облысы Талғар ауданындағы Талғар өзенінде 10 жастағы баласы мен анасы суға құлап, мерт болды. Құтқарушылар әйелдің денесін тапса, баланың мәйіті әлі табылмай жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі редакция тілшісінің сұрағына жауап бере отырып, үш күн өтсе де баланың денесі әлі табылмай жатқанын хабарлады.
Қазір 110 құтқарушы мен 20 техника баланың мәйітін әлі іздеп жатыр. Оқиға осыдан үш күн бұрын, 22 маусымда түскі сағат 16.00 шамасында болған.
Ресми мәліметке сүйенсек, баласы мен анасы өзен жағасында келе жатқанда абайсызда суға құлап кеткен. Әуел баста бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желідегі дереккөздер әйел баласын құтқарамын деп суға секіргенін, артынша екеуін де қатты ағыз алып кеткенін жазған еді.