«Періштесі қақты»: Ақтөбеде кішкентай қыз көлік ағылып жатқан жолға жүгіріп шыққан (ВИДЕО)
Бір жүргізуші тоқтап, қыз баланы құтқарып алды

Ақтөбе қаласындағы бейнебақылау камераларының бірі қорқынышты оқиғаны түсіріп алған: шамамен 2-3 жастағы қыз бала жалғыз өзі көлік ағылып жатқан жолға жүгіріп шығып кеткен. Абырой болғанда, жүргізушілердің бірі баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Адамның жаны түршігерлік видео Ақтөбе туралы ақпарат тарататын пабликтердің бірінде пайда болған. Жасы екі-үштегі бүлдіршін көлік ағылып жатқан жолдың қақ ортасына жүгіріп шыққан. Жолдың бір жағындағы көлік тоқтап, басқа машиналарға белгі берсе, қарсы бетте келе жатқан жүргізуші ойланбастан жолдың ортасына тоқтай қалып, қызды алып кеткен.
Қалалық полиция департаменті баланың ата-анасын тауып, айпыпұл салыпты.
«Жүргізушілердің қырағылығының арқасында бала аман қалды. Тексеру нәтижесінде полиция баланың ата-анасын тапты. Кәмелет жасына толмаған баланы дұрыс қарамаған ата-анаға айыппұл салынды», - деп хабарлайды Ақтөбе қаласының полиция департаменті.