Степногорскте өрттен әйел мен 4 жасар баласы ауыр жарақат алды
Олар жансақтау бөлімінде жатыр
Степногорск қаласында тұрғын үйдегі өрттің салдарынан әйел төрт жастағы баласымен бірге қалалық ауруханасының жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бұл туралы Ақмола облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Алексей Советов мәлім етті.
«Өрт сөндіру бөліміне Ақсу кентіндегі үйдің өртеніп жатқаны жайлы хабарлама кеше кешкісін 20:12-де түсті. Тұрғын үйдегі өрттің аумағы 60 шаршы метр жерді шарпыған. Үйдегі киім-кешектер мен жиһаздар жанып кетті. Үйде қалған әйел мен оның 4 жасар баласын күйік шалып, ауыр жарақаттар алған. Қазіргі уақытта олар Степногорск қаласындағы көпбейінді аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Өрт сөндіру бөлімінен тұрғын үйге дейінгі арақашықтық 20 шақырым құрайды. Өрт сөндірушілер 20:52-де өрттің бетін қайтарып, 21:25-те толықтай сөндірді. Өрт сөндіруге қаладағы №3 өрт сөндіру бөлімінің кезекшілік ауысымындағы сарбаздар, «Степногорск ЕПК» акционерлік қоғамының екі қызметкері мен жергілікті «СГХК» жауапкершілігі жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің екі қызметкері мен жедел топ өкілдерінен үш қызметкер қатысты», - деді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Алексей Советов.
Бір атап өтерлігі, өрт қауіпсіздігі айлығы шеңберінде осы жылдың 29 ақпанында Степногорск қаласындағы өрт сөндіру бөлімі қызметкерлері Ақсу тұрғын үй секторларындағы барлық үйлерді аралап шыққан екен. Аталған үй қожайындары өрт қауіпсіздігі шаралары туралы нұсқауға қол қойған.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы