Жәйрем тұрғыны аялдама жанынан тауып алған көк түйіншек үшін істі болды
Ол көк түйіншектің ішіндегі анашаны үйіне апарып сақтап қойған

Ұлытау облысы Жаңаарқа аудандық соты аялдама жанынан анаша тауып алып, оны полицияға тапсырмаған ер адамға 157 мың теңге айыппұл салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Оқиға қалай болған
Сотталған М есімді азамат биыл көктемде Жәйремдегі аялдамалардың бірінің жанынан өтіп бара жатып, көк түсті полиэтиленді түйіншекті байқап қалған. Ішін ашып, есірткі көрген.
«Бірақ ол пакеттің ішіндегі нәрсе «қарасора» екенін біле тұра, оны полицияға тапсырмаған, керісінше, оны үйіне алып кеткен. Үйіне әкеліп, ешкімге көрсетпей тығып, бір апта сақтаған, кейін қызығып, темекі секілді шегіп көрген де әрі қарай тығып, 24 наурыз 2025 жылға дейін заңсыз сақтаған. Сотқа бұл ісі үшін өкінетінін айтқан», - деп хабарлайды сот.
Сот қандай шешім шығарды
Судья азамат М-ны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танып , оған 157 280 теңге айыппұл салды.