$ 511.77  593.19  6.41
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ай сайынғы ақысы - 120 доллар: енді әр қазақстандық Масктің интернетін пайдалана алады

Қазіргі уақытта жеке пайдаланушыларға қызмет көрсету тәртібін келісу жұмыстары жүргізілуде

Ай сайынғы ақысы - 120 доллар: енді әр қазақстандық Масктің интернетін пайдалана алады
Фото: gov.kz

Енді халық ресми түрде Starlink компаниясының интернет қызметін пайдалана алады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгін тиісті ведомство мен Starlink компаниясы спутниктік интернет қызметін Қазақстан аумағында іске қосу туралы келісімге қол қойды.

Құжат Қазақстан халқы үшін Starlink спутниктік терминалдарын ресми түрде сатуды іске қосуды көздейді – сатылымдар 2025 жылдың үшінші тоқсанында басталады деп жоспарланып отыр.

«Қазақстан — аумағы кең, халқы әр өңірге шашыраңқы орналасқан ел. Барлық тұрғындарды сапалы интернетпен қамту үшін біз талшықты-оптикалық байланыс желілерінен ұялы байланыс мұнараларына дейінгі түрлі тәсілдерді қолданамыз. Алайда жайылымдар, таулы ауылдар мен шалғайдағы кәсіпорындар сияқты қолжетімділігі күрделі аймақтар да бар. Ондағы тұрғындар да сапалы интернетке қол жеткізуі тиіс. Қазіргі таңда әлемде бұған мүмкіндік беретін технологиялар бар. Бүгінге дейін Starlink елімізде тек мектептерге интернет ұсынып, пилоттық режимде жұмыс істеп келді. Ал халық үшін ол ресми түрде қолжетімсіз еді. Енді біз келісімге келдік, компания ақпараттық қауіпсіздік пен байланыс саласындағы ұлттық заңнама талаптарына сай жұмыс істейтін болады. Биыл қажетті жұмыстар жүргізіліп, тұрғындар ресми әрі заңды түрде спутниктік интернетке қосыла алады», - деді министр Жаслан Мадиев.

Starlink жабдықтарын заңдастыру мен ресми қолдану мәртебесінің ерекше маңызы бар: енді азаматтар терминалдарды заңды түрде сатып алып, пайдаланып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркей алады.

Starlink ресми сайтында қызмет пакеттерінің бағасы $80 - $120 аралығында деп көрсетілген. Бұл баға - тек қызметтің өзі үшін белгіленген, яғни терминалға және жеткізуге қатысты шығындар енгізілмеген. Сондықтан жеткізу және кеден салықтары, өзге де салықтар аймақтық ерекшеліктерге байланысты өзгеруі ықтимал. Сайтта Қазақстан тарифі көрсетілмеген.

Starlink спутниктік интернетіне қосылу арнайы пайдаланушы құрылғылары арқылы іске асады. Қазіргі уақытта жеке пайдаланушыларға қызмет көрсету тәртібін қоса алғанда, техникалық және ұйымдастырушылық мәселелерді келісу жұмыстары жүргізілуде.

Бұл бастама Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті азайту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда және «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының мақсаттарына сәйкес қолға алынуда.

Серіктес жаңалықтары