Жас жігіт некесін қидырғанын тойлаймын деп ажал құшты: сот үкімі шықты
Жанжалдың соңы төбелеске ұласып, сотталушы жәбірленушіні үш рет пышақпен ұрған

Көкшетауда некесін қидырғанын тойлап жатқан жігітті өлтірген ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үш рет пышақ сұққан
Ақмола облысы сотының мәліметінше қайғылы жағдай 2024 жылдың қарашасында болған.
«Қаладағы ойын-сауық орындарының бірінде жәбірленуші некесінің қиылғанын достарымен бірге атап өткен. Сотталушы да сол ойын-сауық орнында достарымен бірге болған. Екі топ арасында жанжал шыққан», - деп жазылған соттың хабарламасында.
Жанжалдың соңы төбелеске ұласып, сотталушы жәбірленушіні үш рет пышақпен ұрған, оның бірі жүрекке тиген.
«Жігіт алған жарақатынан жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болды», - дейді сот қызметкерлері.
Қылмыстық іс Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта бұзақылық ниетпен адам өлтіру бабымен (Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 9-тармағы) қаралды.
Кінәсі толық дәлелденді
Айыпталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, кісі өлтіру фактісі жазылған мекеменің бақылау камераларындағы бейнежазбалармен және сараптамалардың қорытындыларымен дәлелденді.
Сот үкімімен айыпталушыға 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Жәбірленуші тарапқа келтірілген 10 млн тенге моральдық залал өндірілді. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.