«Рөлге ие бола алмаған»: Түркістан облысында ауыр жүк көлігі жолды жауып қалды (ВИДЕО)
Жүк көлігі Тараз - Шымкент бағытында келе жатқан

Тараз – Шымкент жолында рұқсатсыз жүрген ірі габаритті жүк көлігі жол апатына ұшырап, қозғалысқа шектеу қойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «ҚазАвтоЖолға» сілтеме жасап.
Тежегіш істен шыққан
Оқиға Түркістан облысы Түлкібас ауданы Келтемашат елдімекенінің маңында автожолдың 653-ші шақырымында болған.
Shacman маркалы ірі габаритті жүк көлігінің (ұзындығы – 43,8 м, ені – 5,2 м, биіктігі - 5,2 м, салмағы - 124,8 т) тежегіші істен шыққан.
"Жүк көлігі Тараз - Шымкент бағытында келе жатқан. Машат асуында көлік құралының тежегіш жүйесі істен шығып, салдарынан жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмады", - делінген хабарламада.
Қоршауға зақым келтірді
Жүк көлігі екі бағыттағы жолды жауып, 220 метр қоршауға зақым келтірді. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.
Айта кетейік, "ҚазАвтоЖол" Түркістан облыстық филиалы бұл көлік құралының қозғалысына рұқсат бермеген, себебі оның өлшемдері белгіленген нормативтерге сәйкес емес.